Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастығыңды жауыздықпен былғама, жасөспірім…

17.10.2024, 11:20 93

Қанша жерден бейбіт өмір сүріп жатсақ та, адамзаттың жауыздығына тоқтам болмай тұр. Ең сорақысы, жауыздық жамылған жастың қатары артып, қылмысы көбейіп жатыр. Күнделікті жаңалықтарда бопсалау, ұрлық, алаяқтық, тіпті есірткі саудасы жайлы ақпараттар жиі жария етіледі. Бұл құбылыстар қоғамның қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, жастардың болашағына балта шабуда. Биылғы жылы елімізде жастар арасында бопсалау және ұйымдасқан қылмыс кең етек жайып отыр. Мысалы, Павлодар облысында ұйымдасқан топ бірнеше адамды несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, кейін сол ақшаны иемденген. Абай облысында студенттерді қорқыту арқылы ақша бопсалау деректері тіркелген, жәбірленушілер қылмыскерлерге бірнеше жүз мың теңге бергеніне қарамастан, құқық қорғау органдарына жүгінуге қорыққан. Апта басында ғана астаналық 19 жастағы жеткіншекті бір топ бұзақы қинап несие алдырып, өзін 9-қабаттан лақтырып жіберген деген ақпарат шықты. Ал енді мынаған қараңыз, соңғы үш жылда кәмелеттік жасқа толмаған бес мыңға жуық бала ауыр қылмыстар жасаған. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасалады екен. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,1%-ға көбейген. Соның ішінде Ұлытауда – 77,8%, Астанада – 54,3%, Павлодарда – 50%, Атырауда – 38,9%, Солтүстік Қазақстанда – 16,7%, Алматыда – 14,6%, Маңғыстауда – 14,3%, Шымкентте 13,6%-ға арта түскен. Қорқыныштысы, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары арасында жасалған қылмыс саны 93,8%-ға көбейген. Бұлардың  арасында ұрлық – 512,   тонау – 121, бұзақылық – 94, алаяқтық – 66,  денсаулыққа  қасақана  ауыр  зиян келтіру – 60. Ел тұрғындарының үштен бірін, электораттың жартысына жуығын жастар құрайтынын ескерсек, бұл – өте алаңдарлық  жағдай.

Осындай жағдайлар жастар арасында қылмыстық іс-әрекеттің алдын алу бойынша шараларды күшейтуді талап етеді. Мәселе жұртшылықтың жадында ғана емес, мәжілісмендердің мәтінінде де үздіксіз қозғалып келеді. Жыл басталғанда  «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жө­ніндегі республикалық кеңестің отырысында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев заңсыз жұмыс істеген 300 лото клубтың қызметін тоқтатқанын айтып, жастарды мұндай дүниеден алыстатуға жасалып жатқан  қадамдармен  бөлісті.

– Елімізде 300-ден астам заңсыз лото клубтың қызметі тоқтатылды. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жою операциясын өткізді. Адам бойындағы патриотизм оның іс-әрекетінен көрініс табады. Шағын Отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриоттық сезім кемелдену жолында сан түрлі кезеңнен өтіп, жалпыхалықтық патриоттық санаға, еліне деген саналы сүйіспеншілікке көтеріледі. Ол – мемлекет діңгегі беріктігінің моральдық негізі және қоғам дамуының, сондай-ақ жеке тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымы мен Отанына аянбай қызмет етуге дайын болуының маңызды ресур­сы. Әлеуметтік құбылыс ретінде кез келген ұлт пен мемлекеттіліктің дамуының нығайтқыш негізі. Елінің тұтастығы мен егемендігін, оның ұлттық қауіпсіздігін, тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жеке мүддесі мен ұмтылысынан әлеуметтік және мемлекеттік принциптерді жоғары қою, сондай-ақ жеке адам, қоғам өмірі мен қызметінің жоғары мәні ретінде бағаланады.  Патриотизмді қоғамдық сананың ең маңыз­ды құрамдас бөлігі ретінде жете бағаламау қоғам мен мемлекеттің әлсіреуіне  әкеледі, – деді  ол.

Ал ҚР Бас прокуратурасы Құ­қықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төр­ағасының орынбасары Руслан Әлкенев соңғы 3 жылда жасөспірімдер қылмысы тұрақты өсу үрдісіне ие екенін  айтты.

– 3 жыл ішінде қылмыстық жауап­кершілікке 4919 кәмелетке толмаған жасөспірім тартылған. Жасөспірімдер жасаған қылмыстардың негізгі түрлері – ұрлық, тонау, бұзақылық, алаяқтық, есірткі және жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар. Алаяқ­тық пен есірткі қылмыстарын жасау­да ұсталған жасөспірімдер саны­ның айтарлықтай өсуі ерекше алаңдау­шылық туғызады. Балалар қыл­мысының өсу себептерінің бірі «тәуекел тобындағы» кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуы және олардың сабақтан тыс уақытта бос уақытының болуы. Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың жалпы санының 48%-ы немесе жартысы оқымағандар мен жұмыс­сыздарға тиесілі. Өткен жылғы талдау көрсеткендей, бұл – негізінен 9-сыныптан кейін оқуын жалғас­тырмаған балалар. Нәтижесінде, тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандар орта мектепті бітіргеннен кейін әрі қарай немен айналысатындарын өздері таңдайды, – деді Руслан  Бүркіт­байұлы.

Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Үкімет отырысында жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту, мемлекеттен тиісті шаралар көру мақсатында ұсыныс жасап, бүгінгі буынның ұятты тірлігі жайында үн қатты.

– 2023 жылы 30 қазанда Келес ауданында жаппай төбелес салдарынан 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Ақтөбеде топ бала 16 жас­тағы  оқушыны тепкілеп өлтірді. Алматыда еріккендер ересек адамды ұрып кетті. Зайсанда қыздар аяусыз төбелесіп жүрсе, Қызылордада зорланған қыздың тағдыры баршаны алаңдатты. Кеше ғана Ақтауда желіккен топтың төбелесі желіде тарады. Ал Талғардағы жантүршігерлік оқиғада еліріп алғандар бір шөлмек сыраға бола 16 жастағы Шерзатты өлтіріп кетті. Адам өмірі осыншама түкке тұрғысыз болғаны ма? Осындай озбырлық, қатыгездік, агрессия қайдан шығады? Мұндайда жазаны бір адамның мойнына ілмей, оқиғаға қатысы бар қаныпезердің бәрі жазалануы тиіс! Әрине, жастар арасындағы проб­лемалар бізде ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отыр. Сондықтан дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалуда, – деді  депутат.

Сонымен қатар, Дархан Қыдыр­әлі депутаттық сауалында мектептегі тәлімгерлердің айлығының төмендігінен жасөспірімнің тәрбие ісіне селқос қарайтындар жеткілікті екенін  жеткізді.

– Масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессия­ның насихатталуы қатыгездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралатын ойындар жастардың танымы мен талғамын ғана емес, таңдауы мен тағдырын да қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социа­лизация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз, сондықтан тәрбие ісіне жіті көңіл бөліне бермейді. Орташа 10 мектепке бір инспектордан келеді екен, – деді  ол.

Жалпы, жастар мәселесі түрлі министрліктің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. Бес облыс­та ғана арнайы Жастар саясаты бас­қармасы бар, қалған  облыстарда қысқарып кеткен. Мәселен, 2 млн халқының 40%-ын жастар құрайтын Түркістан облысында 600 мың­нан астам жаспен 3 қызметкер ғана айналысады. Жалақысы небәрі  70 мың теңге болғандықтан Жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар тұрақтамайды. Көп­теген өңірде жеке ғимараты жоқ бұл орталықтарда 318 орын бос тұр. Жастарды біріктіретін республикалық деңгейдегі ұйымдар да жоқтың қасы. Өз сауалында осыларды тілге тиек еткен сенатор ел болашағына алаңдаушылық білдіретінін айтып, Үкімет басшысына ұсыныс білдірді.

– Ойымызды сабақтай келе мынадай ұсыныстар береміз. Алдымен,  тәрбие жұмысын жандандыру, мектеп инспекторларын көбейту, «Жас ұлан» сияқты ұйымдардың жұмысын трансформациялау қажет. Одан соң, балалар және жастар контен­тіне баса мән беру керек екені жіті айтылып келеді. Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталықтары­ның қаржылық жағдайын жақсарту, аймақтарда Комьюнити орталықтарын ашуымыз тиіс. Әрі жастар саясаты бойынша басқармаларды барлық өңірлерде қайта құру керек екенін ұсынамын. Мұнан өзге, орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін Жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейту. Отбасы, демография және жастар ісімен арнайы Агенттік айналысатын Германия, Финляндия, Малайзия сияқты көптеген озық елдердің тәжірибесін де ескеру қажет, – деп ұсынысын  жеткізді.

Жастығын жауыздықпен был­ғап, болашағын бұлдыр бұлтқа ораған жасөспірімнің көбейгені – қоғамның қасіреті. Қанға сіңген қатыгездікке бейімделген буын бар екенін айту қиын болса да, шындық – осы. Тәрбие мен тәлімнің тізгіні босап, ата-ана мен мектептің жауапкершілігі жоғалғанда, жамандықтың жайылатыны жалған дүние емес. Әрекет әрі кеткенде, бере­кет бері келмейді. Сол үшін тәрбие саласының жұмысын жетілдіру керек. Әйтпесе, «қолымызды мезгілінен кеш сермедіктің»  күйін  кешерміз.

Е.ҚАЛИЛУЛЛА.

Коллаж бен инфографиканы жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: