Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыйақы соңы – 3 жыл

06.07.2023, 11:00 221

Алғанды жақсы көріп тұрамыз ғой.  Бұл қасиет билік басында, лауазымды тұлғаларға жақсы ат алып бермейді, бірақ. Олар жайын­да әділдік, әділеттілік, қызметіне адалдық, абырой тазалығын айтып, әңгіме қозғау қиын болып тұр. Есегі судан өткендер реті келсе бағыныштыларының балағынан басып қалуды көздеп отырады. Оның несін жасырайық, мектептерде осының мысалы тұнып тұр. Ақшадан ауыз тигізбесе, қарапайым мұғалім мектептің табалдырығынан аттай алмайды. Дәл осы мәселе ашықтан-ашық қозғалып жүр. Сонда да білім саласындағы былықтар бақылауға алынып жатқан жоқ, керісінше батпаққа батып жатыр. Басқа салалардың да бұл тақырыптан бұлтарысы жоқ, бүкіл жерде бар «ауру».

Сыйақы деген сөзге барлығы кіреді. Ақша, сыйлық, «рақмет айту», «ақысын жемеу», «еңбегін елеу», «келісу» және осы сынды кез келген мәселенің тігісін жатқызатын түрлі айла-шарғы түрі бар. Билік сыйақы алғандардың сағын сындырамыз деп жаңадан заң жоба­сын қабылдағалы жатқанға ұқсайды. Одан «жеп қалған» ауыз жабыла қойса жақсы ғой. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қылмыстық  кодекске  осындай  өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Жоба­сы былай. Ірi мөлшерде сыйа­қы алумен байланысты не қорқытып алумен ұштасқан іс-әрекеттер – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3000 АЕК-ке (10350000 теңгеге) дейiн айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бос­тандығынан айыруға жазаланады. Қолданыстағы заң шеңберінде мұндай әрекет жасағандарға ең қатал жаза ретінде 2 жылға соттау, осы мерзімге бас бостандығын шектеу немесе 6 млн 900 мың теңге айыппұл салу шаралары қолданылады. Құжат шілде айының ортасына дейін көпшілік талқылауда болады.

Білім мекемелерінде қой терісін жамылып, қасқыр әрекеттерге барып жүргенін осыған дейін ақпарат көздері жариялады. Есепшілер заңсыз шотына жылдар бойы ақша аударып алып отырған. Оған оны басқарып отырған басшыларының да қатысы болуы күмәнді емес. Нақтырақ айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Қызылорда облысында аудандық білім бөлімінің басшысы мен бухгалтері 1,2 миллион доллар жымқырғанын мәлімдеген болатын. Тіпті Талдықорғанда қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2 мил­лиард көлемінде ақша жымқырған. Одан 14 пәтер, 7 коммерциялық үй, «Toyota» «Land Cruiser» жол талғамайтын көлігі және зергерлік бұйымдар тәркіленген. Сыбайлас жемқорлығы жоқ, жаңа Қазақстан құрылып жатқанда, мына жақта бұлар мемлекеттің қазынасын сүлікше  сорып  жатыр.

Аймақта қайсыбір жылдары қаржы жымқыру дерегі бойынша әкімдіктің 11 қызметкеріне қыл­мыстық іс қозғалған. Олардың ішінде Қызылорда облысының мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы және 5 спорт мектебінің директоры, жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасы басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы мен бас маманы бар. Соның салдарынан Қызылорда өңірі республикадағы аймақтар арасында сыбайлас жемқорлық  сипатындағы  қыл­мыс­тық  көрсеткіштермен  алдың­ғы  қатар­ға  іліккен.

Құздан құлап бара жатса да, құлқыны бүлкілдеуді қоймайтындар қоғамда көп. Оның ішінде қолында билігі бар және ақшаға билік ететіндердің соңы осындай ілікпен аяқталады. Абай айтқан екі түрлі мінезбен туатындардың екіншісі, яки «ішсем, жесем» дейтіндер артпаса азаймай тұр. Бұл – дерт. Оны қолдан жасап алып отырмыз. Күніміз түскенге күлшемен барып үйренгенбіз. Адам разылығы үшін алдымызға  жан  салмаймыз.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында: «Араларыңдағы мал-дүниелеріңді бұзық жолмен (ұрлау, тонау, алдап-­арбау, т.б. сынды харам жолдармен) жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың дүниелерінен бір бөлім жеу үшін басшыларға (пара ретінде) апармаңдар» деп айтқан. Қызмет – адам баласына берілген уақытша аманат. Ол аманаттың міндетті түрде сұрауы болады. Сол үшін де әр адам өзіне жүктелген қызметті, жұмыс орнындағы қызметтік заттарды, оған тапсырылған мүліктің барлығына аманат деп қараса,  абзал  болар  еді.

К.АЛДАБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: