HALYQLINE.KZ ҚР Қылмыстық-атқару кодексiнің 104-бабында сотталғандардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Осы баптың аясында, ЗК-169/1 тергеу изоляторының шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталған азаматтары мекеменің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделген тәртіпке бағына отырып, өздерінің бос уақытын тиімді пайдаланады.
Жасақ бастығы, әділет лейтенанты Ниязов Нұрсұлтанның айтуы бойынша, бас бостандығынан айрылған азаматтар, жұмыстан кейінгі кешкі 19-22 сағатқа дейінгі аралықта жатахана бөлмесінде әрқайсысы өздерінің жеке қажеттіліктерімен айналысады. Бірі мерзімді басылымдар мен әдебиетті, сондай-ақ, дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған діни әдебиеттерді оқып, рухани және танымдық қабілетін дамытады. Енді бірі, үстел ойындары ( шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы) және музыкалық аспаптарда ойнайды. Сонымен қатар, көпшілігі, өздерінің киім-кешегін үтіктеп, тігіп жеке бас тазалық жұмыстарына да ерекше көңіл бөледі.
Ал, енді бірі тұру жағдайларын жақсарту бойынша, гүлді күтіп-баптау мен жатахана ішіндегі тазалық жұмыстарын жүргізеді. Соның ішінде ер азамат болса да, С. есімді сотталғанның гүл өсіруге әуестігі ерекше.
– Мен бос уақытымда жатахана бөлмесіндегі гүлдерге су құйып, шаң-тозаңын бүркіп тазалап, баптап, ерекше көңіл бөлемін. Бүгінде жатаханада 17 қауашаққа гүл отырғызылған. Олар бөлмедегі жағымсыз көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, қайта ауаны өттегімен толтырады. Төрт өсімдік 10 шаршы метр бөлмедегі ауаның 70-80 пайызын тазартуға қауқарлы екен.
Бөлме гүлдері сән беріп ғана қоймай, адам жанына жылылық ұялатады. Гүлдер де тірі жандай, уақтылы су құйып, топырағының құнарлығына назар аударып отырсаң, құлпырып өседі. Жан-жағына қуаныш пен шаттық сыйлап, адам жанын жадыратады. Мен оларды баламдай баптап қарап жүремін. Бәлкім, бұл балаларымды сағынғандықтан да болар, – деген ойын жеткізді.
Келесі бір сотталған азамат қолы қалт еткенде домбыра мен гитараны алып әуестенеді. Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен бар екен. Қазақтың жаны домбырада күй шертіп, гитарамен сазды лирикалық әуендерді айтып, қасындағылардың көңілін біраз көтеріп тастайды. Бұдан бөлек, сотталғандардың арасында мерзімді басылымдарға жазылып, үзбей оқитындарда бар.
– Мен кешқұрым бір мезгіл еліміздегі және әлемде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей оқып отырамын. Шаруашылық жұмысы бойынша тапқан еңбек ақымның негізінде «Сыр бойы» газетіне жазылған болатынмын. Жақында Ержан Қожасовтың «Көгілдір отынға қосылған ауылдар көбейеді» деген тақырыптағы мақаласында, газдандыру жобасына отбасым тұрып жатқан Жалаңтөс батыр ауылы да кіретіндігін оқыдым. Жанұямның жылы үйде отыртындығы қуантты, – дейді оқуға құмар сотталған.
Жаза басып, жаңылған жазасын өтеушілер, биік, дуал темір тордың ар жағындағы бостандыққа дейінгі өмірін осылайша, қажеттілігіне қарай, тиімді өткізуде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!