Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің № 37 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер түгел жұмыспен қамтылған.
Бұл туралы halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оларға облыс орталығындағы 20-дан астам кәсіпкер жұмыс тауып берген. Мекеме әкімшілігі жуырда тағы бірнеше сотталған адамды тігін цехына жұмысқа орналастырды.
— Тігінші әйелдер киім пішу, тігумен айналысады. Көбінесе қыз-келіншектерге арналған көйлектер мен формалы киімдер тігеді, — деді департаменттің ішкі коммуникация қызметінің маманы Данагүл Достанова.
Мата, ине-жіпті цех басшылығы жеткізіп тұрады екен. Мұнда тігінші болып еңбек етушілердің бірі — Перизат бұл істі анасынан үйренген.
Фото: Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті
— Сондықтан жұмысқа тез кірісіп кеттім. Жалақы уақытылы беріледі. Оның бір бөлігіне қажет нәрсемді алып, артылғанын отбасыма жіберіп отырамын. Бостандықтың қадірін кеш түсінгеніме өкінемін. Отбасыма тезірек оралғым келеді. Көпбалалы анамын, балаларымды сағындым. Жасаған қателігімнен сабақ ала білдім, — деді ол.
Айнұр түзеу мекемесіне 2021 жылы түскен. Тігін машинасымен жұмыс жасауды осы жақтан үйреніпті.
— Әйел болғасын ине-жіп ұстай аламын. 4 жыл ішінде тігіншілік істің қыр-сырын біршама меңгердім. Қазір футболкалар тігіп жатырмыз. Тапсырыс бар, соны уақытылы орындауға тырысамыз. Күніне 30 шақты киім тігеміз. Жұмысым өзіме ұнайды. Бостандыққа шыққасын осы кәсіпті одан әрі дамытқым келеді, — деді кейіпкеріміз.
Департаменттің № 60 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 13 адам мекеменің өндірістік аймағындағы «Еңбек-Қызылорда» РМК тігін цехында еңбек етіп жүр. Олардың арасында тігінші мамандығын оқып, диплом алған ер адамдар да бар. Олар тапсырыс негізінде арнайы киімнен бастап төсек-жабдыққа дейін тігеді.
Өндірістік аймақта бұдан басқа наубайхана, қолөнер бұйымдарын, кірпіш, пескоблок шығаратын цех бар.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қызылордада сотталғандар саны 57,5%-ға өскен.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!