Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құқықтық мемлекет – қоғам құндылығы

04.04.2024, 11:00 222

Саяси  жүйе  мен демократиялық қоғамда «адам құқығы» мәселесі әруақытта өзекті болып тұрады. Қоғамдағы адам құқығын қорғау жүйесінің мақсаты – қоғамның әділеттілік принциптеріне сүйенген экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуын қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекет билігі «адамгершілікті» болып қалыптасуы керек. «Адамгершілік сипат» деуіміздің мағынасы – ел басқару тәсілінің тоталитаризм, не болмаса, оның жұмсақ түрі авторитаризмге қарай бұрылып кетуден қорғау. Мұндай жол шын мәніндегі құқықтық қоғамның позитивті мүмкіндігін ашады, оған жол салады. Қоғам осы қалыпқа түскенде ғана тұрақты даму  мүмкіндігіне  ие болады.

Жалпы, «адам құқығы» ұғымы тек қана заңдық нормалардың жиынтығы ғана болып қалмайды. Ол, сонымен бірге, өте жоғарғы деңгейдегі парасаттылықты білдіретін этикалық категория. Құқықтың қорғалуы, ең алдымен «адамның өзін-өзі құрмет­теуінен» басталады. Иә, адам қоршаған ортаны құрметтеуден бұрын, біріншіден, әуелі өзін құрметтеп үйренуі керек. Себебі, ол өзін қоғамның толыққанды мүшесі, оның бір «пайдалы элементі» (Абайда «қаланған бір кірпіш») сезінгенде, ол өзінің денсау­лығы да, алған білімі де, саламатты өмір салты да, мәдениеті мен адамгершілігі де тек өзіне ғана емес, өзгелерге де «қажеттігін» ұғады. Сол түсінік адамға өзін бағалауды, өз ортасындағы талаптарға сай өзін тәрбиелеуді үйретеді. Сондықтан болар, қазақ халқында «Өзін сыйламаған, өзгені де сыйламайды» деген сөз айтылады. (Бұл жерде «Өзіңді жаудай көр, жау жанынан түңілсін» деген мақал бар екенін ескертеміз. Алайда бұл мақалдың шығуы елдің соғыс жағдайына тап келуімен байланысты. Ол сол кезде айтылады. Ал, ел үнемі соғыс жағдайында бола бермейді. Сондықтан, бұл мақал ситуативті  құбылыс­ты (соғысты, кикілжіңді, ұрыс­ты)  бейнелейді).

Одан әрі, екіншіден, адам өзін қоршаған ортаны құрметтеуді өзінің бұлжымас өмір сүру қағидасына айналдыруы керек. Себебі, адам бар уақытта тек қауымдасып өмір сүру арқылы ғана өзінің табиғи-физиол­огиялық және рухани-мәдени потенциалын іске асыра алады. Қауымдасудың өзі де неше түрлі формадан, сипаттан тұрады. Ал, олардың арасында тек сол қоғамға тән болатын моральдік-этикалық және құқықтық нормалар қалыптасады. Мысалы, адам өз табиғатына сай ұрпақ жалғастыру үшін жұптаса­ды, яғни, отбасылық ортаны қалыптас­тырады. «Отбасылық орта» да – қоғамдасудың ең бастапқы деңгейін білдіруші құбылыс. Дегенмен, осы деңгейден-ақ белгілі дәрежедегі моральдік және құқықтық қатынастар іске қосылады. Ол – жігіт пен қыз, ерлі-зайыпты арасындағы сүйіспен­шілік, сыйласу, ынтызарлық және т.т. моральдік қатынастар. Сонымен бірге, ерлі-зайыптылар арасында белгілі бір құқықтық жауапкершілік пайда болады. Ол олардың әрқайсысының «жаңа «қауым­дастықтағы» атқаратын қызметі мен жауап­кершілігін реттейді. Мысалы, отбасылық қатынас­та әйел функциясы мен ер адам функциясы ғасыр­лар бойы қоғамда қалыптасқан салт-дәстүрлер негізінде  «отбасыға  тән  құқықтық  нормалар» түріне   айналады.

Үшіншіден, құқықтық  сана  өз ұлты мен өз тари­хын, өз  Отанын  құрметтеуден  көрінеді. Себе­бі, адами тұрғыда «жеке-дара адамның» (Робинзон Крузо) ешбір құқықтық сипаты болуы мүмкін емес. Құқықтық қатынас қоғамдық деңгейде ғана мүмкін. Өйткені, жеке адам тек осы ортада ғана «адам болып»  қалыптасады  да, ортаның қабылдаған барлық  моральдік және құқықтық нормаларын өзінің бойына сіңіреді. Бұл нормалар ол үшін «мемлекеттік заңдар» мен «моральдік-этикалық қағидалар» түрінде беріледі. Осылайша, оның сана­сына таби­ғи түрде енген бұл нормалар адамның еркін өмір сүруінің жарқын көрінісіне айналады. Адамдар өмірде «анау жақсы, мынау жаман» деп баға бергенде осы қағидалар мен заңдарға сүйе­неді. Ал, осы қағидалар мен заңдық нормалардың ықпал етуші географиялық  және  мәдени ареалы Отан деп аталады. Сондықтан қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыр­жан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің»  деп  өсиет  айтып  кетті.

Төртіншіден, әлем әртүрлі елден, мемлекеттен, мәдениеттен, тілден, діннен құралады. Бұл құнды­лықтардың барлығы әр жерде әрқалай болғанына қарамастан, олардың субъектісі, яғни «құндылық иелері» бір ғана атқа ие, ол – Адам. Олай болса, осы түрлі-түсті әлемді біріктіруші моральдік-этика­лық нормалар мен құқықтық нормалар ретінде «Халық­аралық заңдар» жиынтығы қабылданады. Әрине, ол нормалар мен заңдардың әрекет ету ныса­ны жеке адам емес, қоғамдар мен мемлекеттер болып табылады. Ендеше, әлемдегі барлық «мемлекет­аралық қатынастар» негізінде бәрібір де осы сипаттағы адамгершілік көріністер жатады деу­ге болады. Яғни, адамдар арасындағы құқықтық микронормалар  адамзаттық  деңгейде меганормаларға айна­лады. Осы ереже – адам мен адамзат алдын­дағы  бұл­жымайтын  ереже.

Қазақ халқының ұлттық дәстүрі «адамзаттық құқықтық нормаларға» табиғи тұрғыда сай келеді. Ал, ұлттық тәрбие жүйесі оны «адам бол» дегеннен бастап «елге қызмет қыл» деген нақтыланған жүйеге айналдырады. Алайда, біздің тарихта бұлжымас бұл принциптерден ауытқыған кездер де кездеседі. Ол кездері қоғам рухани күйзелістерге тап болып, іргесі ыдырай бастаған. Мысалы, соңғы отыз жылда біз өз тарихымызда қазақ болмысына жат (сондықтан кездейсоқтық десе болады) алапат авторитаризм «соққысына» тап болдық. Ол ұлттық санаға, болмысқа, мәдениетке, салт-дәстүрге, жалпы ұлттығымызға зор нұсқан келтірді. Құқықтық нормалар өрескел бұзылып, демократия жоққа шығарылды. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста моральдік-этикалық-құқықтық нормалардың орнына аярлық пен алдау, зорлық пен зомбылық, күш көрсету, бәрін саудаға салу сияқты жағымсыз қатынастар орнықты. Нәтижесінде қоғам дамуының ең шешуші тетігі – «заң алдында бәрі тең болуы тиіс» деген принцип жойылды. Заң тек «күштілерге» ғана қызмет етті. Ал, «күштілер» «күшті болуы үшін» заңды бұза-жара әрекет етті. Сөйтіп, қоғамда элитарлық қызмет атқарушы үлкен топтың табиғаты қорқаулық пен қараулыққа бейімделді, одан әрі аса алмады. «Сырты бүтін, іші түтін» деген кез келді. Ол қоғамға эпидемия боп тарады. Енді, міне, есін жия бастаған «Әділетті қоғам» алдында осы қисық бұтақты түзеудің ауыр міндеттері тұр.

Әбдірашит  Бәкірұлы,

философ.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: