Оқыдық, пікір айтамыз
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай облысымызда көптеген тағылымды шара өтті. Төл тарихымызға байланысты бірнеше кітап жарық көрді. Солардың ішінде маған ерекше әсер еткені – жазушы-журналист Нұрлыбек Саматұлы мен полковник Әмірбек Шаймағанбетовтің «Тәуелсіздік қырандары» атты еңбегі. Бұған болған оқиғалар негізінде жазылған детективті әңгімелер топтастырылған. Өзіме ерекше әсер еткенінің екі себебі бар: 1-ші Нұрлыбек шәкіртім болса, Әмірбек сыйласатын, қатынасатын інім. 2-ші полицияның погонын тағып күн-түндемей елдің тыныштығын күзетпегенмен, олардың қиыншылығымен, қажырлы, тынымсыз еңбектерінен бейхабар емеспін. Себебі, ағаларым полковниктер. М.Пейісов, Х.Әбенов, Т.Әлиев, М.Құдайбергенов аталмыш саланың майталмандары болса, ал туған інім Смағұл Құдайбергенұлы мен қызым Құдайбергенова Лаура – полиция полковнигі.
Аталмыш кітап ҚР ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғынбаевтың «Тәуелсіздік – басты құндылық» атты алғы сөзімен ашылған. Министрдің бұл еңбекке мән бергені оның практикалық құндылығы тек облыс емес, республика үшінде маңыздылығын көрсетсе керек.
Авторлар көмескі жағдайда жасалған ауыр қылмыстарды әшкерейлеу барысында, полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін паш етеді. Кезінде республиканы дүрліктірген Шиелі ауданы территориясында түрме вагонынан қашып шыққан қылмыскерлердің автобусты боспалап көптеген жолаушыларды тұтқындағанын, олардың қатыгездігін суреттейтін «Қызылорда-Шымкент»-«Набат» операциясы атты деректі әңгімеден басталады. Полковник Михайл Дәуенов, генерал-майор Есен Демесінов, облыс прокуроры Сансызбай Үмбетәлиев, облыстық МАЙ басшысы Бапан Әубәкіровтердің кәсіби шыңдалған шеберліктері арқасында операция сәтті еш шығынсыз аяқталып, автобустағы жолаушылар босатылады. Қазір қазақстандық «Набат» операциясының методикасын ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің академиясымен, Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі академиясы оқу құралы ретінде пайдаланып келеді. «Набат» операциясына қатысқан жоғары дайындықты 13 сарбазды Президент қабылдап, «Құрмет грамотасымен» кейін Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерлігі үшін медалімен марапаттаған.
Келесі «Шаттықтың үнгірі» әңгімесінде подполковник Барысбек Ахметов пен майор Шайзат Жүнісовтің Жалағаш ауданында жасырын түрде қарасора егіп, қайырымсыз жолға түсіп, бірнеше ауыр қылмыс жасаған Шаттық есімді азаматтың тірлігі сөз болады. Полиция қызметкерлерінің жоғарғы кәсіби деңгейлерінің арқасында бірнеше айға созылған қылмыс ашылып, қылмыскер Шаттық ауыр жазаланады.
«4 қыздың трагедиясы» атты әңгімені оқығанда жан түршігерлік оқиғаның куәсі боласыз. Облыстық ішкі істер басқармасына жақын орналасқан көпқабатты үйдің бесінші қабатында үш бөлмелі үйде Бағдат, Болғанай, Мадина, Алмагүл есімді қыздар айуандықпен өлтірілген. Қыршын кеткен Бағдат пен Болғанай – мектеп оқушысы. Осы ауыр қылмыстың түйінін шешуде сол кездегі облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Т.С.Рахимов, полковниктер: Б.Қ.Көпенова, С.Қ.Тұңғышбаев, С.С.Мұхтаров, А.Ибраев, М.Ы.Нәлібаев, прокуратурамен ҰҚК-нің қызметкерлерінің жан қиярлық еңбектерін атап өткен абзал.
1998 жылы шілденің 6-сында осы іс бойынша Қызылорда облыстық соты сотталушы қанішер Марат Өтепханұлын өлім жазасына кесті. Үкімнің орындалғаны туралы анықтама қағаз қапияда көз жұмған қыздардың ата-аналарына тапсырылды. Бірақ қағаздардың қайғы кешіп қан жұтқан ата-аналардың көңілін жұбата алмайтыны бесенеден белгілі.
«Қызылордаша киднеппинг» атты әңгімеде қаладағы «Аңсар» фирмасының президенті Асқар Ерғалиевтің ұлы Батырханды әкесінің жеке күзетшісімін деп мұғалімдерді алдап әскери киінген біреудің баланы алып кетіп көп ақша талап еткені баяндалады. Бұрын Қызылордада болмаған шым-шытырық сәттерге толы қылмысты ашуда ішкі істер басқармасының басшысы Тастемір Сауранбайұлының, полковник Ғ.Ахметов, Б.Көпенова, Ғ.Алпысбаев, С.Тұңғышбаев, Әмірбек Бердібекұлының тапқырлығымен табандылығын ерекше атауға болады. Министрлік тарапынан олардың әрекеттері жоғары бағаланып Ғ.Ахметов «Құрмет грамотасымен», Әмірбек Бердібекұлы бағалы қол сағатпен, майорлар; Т.Қанатбаев, Ү.Ысқақов грамоталармен марапатталды. Батырхан аман-есен құтқарылып, әжесіне, анасы мен әкесіне тапсырылды. Қызылорда қалалық сотының судьясы Ғани Төлеухан үш қылмескерлердің алдын 14, артын 10 жылға бас бостандығыгынан айырып, мүлкін тәркілеп, қатаң режімдегі колонияда қылмысын өтеуге үкім шығарды.
Кітаптағы «Алақандағы алты тал шаш», «Алты айда ашылған қылмыс», «Такси аулаған тажалдар», «Бір құмалақ» тақырыбындағы болған уақиға негізінде жазылған қызықты әңгімелерді оқуды оқырмандардың өзіне қалдырып, ойымды қорытындылайын.
Біріншіден, кітапта қылмыскерлер мен оны ашуда қызмет еткен полиция қызметкерлеінің аты-жөні нақты келтірілген. Әңгіме кейіпкерлерінің біразы – өмірден озған, қалғандары зейнет демалысына шыққан жоғары шенді офицерлер. О дүниеліктердің рухтарына тағзым ете отырып, олардың өнегелі істері жастарымызға үлгі болатынына бек сенімдімін.
Екіншіден, жасыратыны жоқ елдің тыныштығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүрген полиция қызметкерлері жайлы әртүрлі негізсіз әңгімелер баршылық. Соларға нақты жауап ретінде тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы аталмыш кітапты мектеп оқушылары мен студент жастар арасында кең түрде насихаттау қажет.
Үшіншіден, кітапта келтірілген қылмысты ашуға белсене араласқан жоғары шенді іні-қарындастарымзыбен кездесу ұйымдастырып, оларды ұлықтап отыру өмір талабы.
Төртіншіден, кітап оқушыға түсінікті қарапайым тілде жазылып сапалы безендірілген, ортасында 64 полиция қызметкерінің суреті мен қысқаша өмірбаяны беріліпті. Бұл да жастарымыз үшін өнеге болатын дұрыс шешім деп ойлаймын. Кітапты зерделеп оқысаңыздар біздердің тыныш ұйқымыз үшін керек болса өмірінде сарп ететін полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне тәнті боласыз. «Батырлар қасымызда жүр екен ғой» деп ой түйесіз. «Тәуелсіздік қырандарының» қанаты талмасын деп тілейік.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор
Тәуелсіздік қырандары еңбегі үшін рахмет айтамыз. Бұл күнде ел сақшыларына, полиция қызметкерлеріне халықтың сенімін тудыратын шығармалар ауадай қажет.Ресейдің телеарналарынан осы саладағы қызметкерлер ерлігі туралы мың-мыңдап фильм, сериалдар түсіріп жатады. Осындай еліміздің полиция қызметкерлері туралы шынайы оқиғаға негізделген жазушыларымыздың еңбектері көбейе берсін! Детектив оқырмандары көп болатыны сөзсіз.