Мемлекеттік қызмет барысында жиі заңбұзушылықтар болып тұрады. Тізе берсек көп. Бір ғана мысал, Қармақшы ауданы Төретам кентінің әкімі Жамбыл Жұмабаев жергілікті кәсіпкердің жер телімін бөлуге берген өтінішіне қол қоймай, созбалаңға салып жүріп алған. Бұдан бөлек, қызметтік көліктердің сенбі, жексенбі күндері қалада бейберекет жүретіндіктері анықталған. Осы сынды мемлекеттік қызмет этикасын бұзғандардың саны жетіп артылады. Қисынсызы сол, заңбұзушылыққа жол бергендерге жай ғана тәртіптік жаза беріп немесе хаттама толтырып, шаруаны шеше салу фактісі көп. Мемлекеттік қызметкер темірдей тәртіппен жұмыс істемесе, ұсақ-түйек заңбұзушылықтарға жиі жол берері анық. Сондықтан қызметтеріне қаталдық көбірек талап етілуі тиіс. Бұл мәселелер ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында талқыланды.
ЖҰМАБАЕВ ЖЕР ТЕЛІМІН НЕГІЗСІЗ БЕРМЕГЕН
Қармақшы ауданы Төретам кенті әкімі Жамбыл Жұмабаевтың заңға қарсы созбалаңдық әрекетін толығырақ тарқатсақ. Жеке кәсіпкер И.Ермекбаеваға биыл наурыз айында жеке меншігіндегі 75,5 шаршы метр учаскесіне қосымша 30,0 шаршы метр жер учаскесін беру өтініші негізінде Қармақшы аудандық жер комиссиясы оң шешім шығарып береді. Сол шешімге байланысты И.Ермекбаева 2021 жылдың 30 сәуірінде Төретам кентінің әкімі Ж.Жұмабаевқа жерге құқық беру туралы шешім шығарып беру жөнінде өтініш білдірген. Дегенмен, Төретам кентінің әкімі Ж.Жұмабаев жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған. Яғни, аудандық жер комиссиясының хаттамалық шешімін орындаудан бас тартуға негіз жоқ болса да, кент әкімі жеке кәсіпкер И.Ермекбаеваның заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасаған. Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабының 1-тармағының 11-тармақшасында көзделген жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасауы әрекеті мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылық болып танылады.
Бұған Жамбыл Жұмабаевтың да айтар уәжі бар екен.
– Жеке кәсіпкер И.Ермекбаеваның жер учаскесін қосып алу өтінішіне Қармақшы аудандық жер комиссиясы оң шешім шығарып берген, алайда ол шешім шығару кеңесіне әкімдіктен адам қатыстырылмаған. Бұдан бөлек, кәсіпкер сұрап отырған жер телімін беруге қарсылық танытып, жергілікті тұрғын Бауыржан Тілесов әкімдікке келіп, бізді видеоға түсіріп алды, – деді Төретам кенті әкімі.
Байқоңыр қалалық прокуратурасы да кент әкімінің «қылығын» негізсіз деп отыр. Қармақшы аудандық жер комиссиясы жеке-дара жер беруге шешім шығаруға құқылы уәкілетті орган екенін ескерсек, бұл жерде Жұмабаев заң аясынан тыс әрекеттерге жол беріп отыр.
ҚАЛАЛЫҚ МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕР МАСАҢ КҮЙДЕ КӨЛІК БАСҚАРҒАН
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Қызылорда қаласының әкімі Ғ.Қазантаев та баяндама оқыды. Қызылорда қаласы әкімдігінде 193 мемлекеттік қызметші штаттық бірлігі бекітілген, оның ішінде кент, ауылдық округтер бойынша – 59 (30%), қалалық бөлімдер бойынша – 100 (52%), әкім аппаратында – 34 (18%). Гендерлік құрам бойынша әйел азаматтардың үлесі 40 пайызды құрайды. Жоғары білімді қызметшілердің үлесі – 88,5%, 1 мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірген, 1 қызметкер «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімін АҚШ-та жалғастыруда.
Тұрғындарға электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсету үшін қала әкімдігіне қарасты барлық мекемелерде «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» (Servis zona) орналастырылған және қажетті жабдықтармен жабдықталған. Осылайша жер және қала құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға бақылау күшейтілген. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қоғам тарапынан қадағалау шараларын арттыру мақсатында қала әкімі жанындағы жер комиссиясы құрамы мүшелерінің тең жартысы кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінен және азаматтық қоғам өкілдерінен жасақталып, комиссия отырыстары ашық түрде жолға қойылған.
– Қала әкімдігінде Әдеп жөніндегі уәкіл функциясы аппарат басшысына жүктелген. Уәкілдің жұмыс жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезекте уәкілге қойылған талап – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін сақтауын жолға қою. Уәкілдің жеке және заңды тұлғаларды жеке қабылдауы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында уәкіл 92 жеке және заңды тұлғаларға түсіндірме берген. Бұл жерде, атап өтетін мәселе – уәкілдің кент және ауылдық округтерге шығу жолымен жеке қабылдаулары ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, әр апта сайын қала әкімі орынбасарларының, бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдерінің азаматтарды жеке қабылдаулары карантин талаптарын сақтай отырып, кестеге сәйкес уақытылы ұйымдастырылуда. Қызылорда қаласы әкімдігі бұзушылықтардың алдын алу бағытында жоғарыда аталған шараларды атқарғанымен, бірқатар кемшіліктер орын алуда. Мәселен, Департаментпен 2020 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша Қызылорда қаласы әкімдігінде және дербес бөлімдерде 9 бақылау шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 28 бұзушылықтар анықталған, – деді қала әкімі Ғ.Қазантаев.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасарына 3 әкімшілік хаттама толтырылып, бюджет кірісіне 88 410 теңге өндірілді. «Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімімен» «Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру» қызметі бойынша «Е-лицензиялау» МДҚ арқылы Д.Омардың 2021 жылғы 24 сәуірдегі №KZ38RRE00020079 өтініші 1 жұмыс күніне мерзімін кешіктіріп орындалған.
Қала әкімдігінде мемлекеттік қызметші бола тұра масаң күйде көлік айдап, көзге түсіп қалғандар да бар екен. Бақылау барысында 189 әкімшілік мемлекеттік қызметші қамтылып, нәтижесінде 65 қызметшінің 146 құқықбұзушылық жасағандығы анықталды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы әкімдігінің бас инспектор – қала әкімі орынбасарының көмекшісі 26.08.2020 жылы автокөлікті алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынған және 26.08.2027 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Дәл осындай фактімен Белкөл кенті әкімдігінің бас маманы, Қызылорда қаласының құрылыс бөлімінің бас маманы ұсталып, заң аясында жазаларын алған.
Кеңес отырысы барысында ҚР Мемлкеттік қызмет істер агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастығы Р.Бисенов қала әкімі Ғ.Қазантаевқа қала бойынша Президенттік жастар кадр резервіне жастарды көбірек тартуға ұсыныс білдірді.
СОТТЫ БОЛҒАНДАР ДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ЖҰМЫС ІСТЕГЕН
Қызылорда облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақов биылғы жұмыстар жөнінде аз-кем хабарлама жасады.
– Аламесек ауылдық округінің әкімі аппаратының жетекші маманы Г.Мәлікованың Қызылорда қаласының №2 сотының 2019 жылғы 17 шілдедегі Үкімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін айыпты деп танылып, оған 3 жыл бас бостандығынан шектеу және бас бостандығын шектеу жазасының барлық мерзімінде 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалғандығы анықталды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 361-бабы 2-бөлігі бойынша Сырдария ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Ерташовқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік Кодексiнің 35-бабы 1-бөлігі 12-тармақшасына сәйкес ақталмайтын негізінде қылмыстық іс тоқтатылғанына қарамастан кешегі күнге дейін мемлекеттік қызметте болған, – деді Х.Тарбақов.
Біздің о бастағы түсінігімізде мемлекеттік қызметкер – идеал. Ол ешқандай заңбұзушылық, қызметке сай емес іс-әрекеттерге жол бермейтін, қысқасы түп-түзу жолмен жүруі тиіс. Бірақ мынадай оқиғалардан кейін халықтың сеніміне де селкеу түседі. Қызметіне адалдық қайсыбір кәсіп түрінде де бар, дегенмен мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі барлығынан да жоғары тұратындығын елеп-ескеру керек-ақ.
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!