Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халық сенімі – полиция пәрмені

15.04.2021, 11:00 545

«Әділ заң – тірегің» деген сөз бар. Иә, шынында заңның адамға жұмыс істегені өте жақсы. Ал сол заңның жүзеге асырылуына тікелей атсалысатын полицейлердің жұмысы қалай? Соңғы уақытта қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімсіздігі көбейіп кетті. Оған себеп әлемжеліде жарқылдап жүрген «Жұмабектің бажасы» мен «Ержан майордың» інісі. «Погон таққан танысым бар» деп айдары жел есіп жүргендер қаншама арамызда. Ол былай тұрсын, «жантүршігерлік қылмыс болыпты» деген хабарлар да ақпарат алаңдарында қаптап кетті. Осы тұрғыда, «өңіріміздегі қылмыстың әлеуеті қалай, полицейлер пәрменді өз құзыретінде орындап жүр ме?» деген сұрақтарға жауап іздедік.

Ағымдағы жылдың 3 айында облыста тіркелген қылмыстық құқық­бұзушылықтар саны 21%-ға, ауыр қылмыстар 29%-ға, ұрлық 41%-ға, пәтер ұрлығы 43%-ға, мал ұрлығы 20%-ға және бұзақылық қылмыстары 47%-ға төмендеген. Десе де, мамандарды мал ұрлығы алаңдатып отыр. Ағымдағы жылы 75 мал ұрлығы қылмысы тіркелсе, оның 27 пайызы ғана ашылған екен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  айтылды.

– Біз қылмыстың алдын алу, ізін суытпай ашу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол апаттылығын болдырмау мақсатында күнделікті профилактикалық жұмыстар жүрігізіп келеміз. Алайда адамдарды алдап, сеніміне кіріп, оның мүлкіне қол сұғып, алаяқтықпен айналысқан қылмыскерлер азай­май  тұр. 2021  жылдың  3 айында 301 алаяқтық қылмысы  тіркелді. Мұның бәрінде қылмыскерлер «пәтер, жер учаскесін, жеңілдетілген несие алып беремін, жұмысқа орналастыруға көмектесемін» деп жәбірленушінің адал ақшасын иемденген. Аталған қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалуда. Сондықтан, тұрғындардан бейтаныс, толық білмейтін, жеңіл табыс табуға  уәде берген адамдарға сенімділік танытпауды  сұраймыз. Сондай-ақ, малдарына да бас-көз болғандары жөн. Ағымдағы жылы 75 мал ұрланса, оның 45-і өрістен, 30-ы қорадан ұрланған, – деді облыстық по­ли­ция  департаменті  бастығының   бірінші  орынбасары Шамшидин  Амитов.

Мал ұрлығының басты себебі – пада ұйымдастырылмай, малдардың қараусыз қалуы. Сондықтан мал ұрлығын алдын алу үшін төрт түлікті түгелдей сырғалатып, арнайы бақташымен немесе ұйымдасып вахталық әдіспен бағуды жолға қою қажет. Одан бөлек, жол мәселесі де өзекті. Жыл басынан бері 64 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 20 адам қайтыс болып, 90 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Сонымен қатар, қазір мектеп оқушылары оффлайн форматтағы оқуға көшуіне байланысты білім беру орындары аумағында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ювеналды полиция және патрульдік полиция қызметкерлері жұмыл­дырылды. Сондықтан мамандар тұрғындардан белгіленген жылдамдықты асырмай, қарсы бағытқа шықпай, автокөлікті мас күйде басқармай, жол ережелерін қатаң сақтауын сұрайды.

Өңіріміздегі кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысы да алаңдатады. Күн батса, көшеден қызық іздейтіндер тыйылмай тұр. Жыл басынан бері балаларын тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндет­терін тиісті деңгейде орындамаған 39 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар мен жастарға қарсы және олармен жасалатын қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада», «Ата-ана. Жасөспірім. Көше», «Тұрмыс», «Квадрат», «Учаске» профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Іс-шаралар нәтижесі жаға ұстатады. Ағымдағы жылдың бастапқы үш айының өзінде қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 90 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар, түнгі уақытта, яғни сағат 23:00-ден кейін заңды өкілісіз жүрген 1246 жасөспірімнің ата-аналарына қатысты әкімшілік шара қолданылды. Полицейлердің айтуынша, бұл мәселе бойынша ата-аналардың қол ұшы керек. Себебі, жасөспірімдер арасында болатын құқықбұзушылықты тек солардың  көмектерімен  ғана  азайтуға  болады.

Келесі баса назар аударатын мәселе – карантин талаптарының сақ­талуы. Өңір тұрғындары өткен жылғы індеттің өршіген уақытын ұмытқандай. Облысымызда соңғы 10 күнде 214-тен астам тұрғын коронавирус инфекциясын жұқтырып, эпидемиялық жағдай нашарлауда. Өңіріміз «Сары» аймаққа өтті. Десе де, той тойлап, жиын жағалап жүргендердің саны азаяр емес. Індеттің алдын алу бағытында атқарылған жұмыс­тар аз емес. Облыста құрылған мониторингтік мобильді топтармен жыл басы­нан 189 карантин шектеулерін бұзу деректері анықталды, оның  ішінде 135-і – той жасау деректері.

Полицейлердің айтуынша, қылмыспен қүресу ешқашан тоқтамайды. Тек осы жолда облыс тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, көмектессе дейді. Мамандардың ұсынысына құлақ асып, заң құзыретінде қызмет істесек, өзімізге ғана пайдалы екенін ескеру қажет. Осындай  қиын  уақытта кері тартпай, құқық қорғау қызметкерлері­нің қолына қуат, беліне сүйеу болғанымыз елдігімізді білдіретіні анық.

Б.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: