Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана мен бала құқығының қорғалуы

31.10.2022, 10:20 457

HALYQLINE.KZ Елімізде ана мен баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекетіміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып саналады.

Себебі, мемлекеттің ең басты қазынасы – адам екендігі Қонституцияда анық жазылған. Сонымен қатар, балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі болғандықтан, олардың құқығы қорғаулы тиіс. Және қоғамның әлсіз қорғалған өкілдері және олар ерекше қорғауды қажет ететіндіктен, ол сәбиді мемлекет өз қамқорлығына алады.

Қазақстан аумағында балаларды тәрбиелеудегі қатынастарды реттеуде  – Қазақстан Республикасы Азаматтық-процестік кодексін, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексін, «Бала құқықтары туралы» Заңын басшылыққа алады.

Аталған нормативтік құқықтық актілерде балалардың әлеуметтік және материалдық құқықтары анықталған.

Бұл заңда балалар мүддесіндегі мемлекеттік саясат мақсаттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері жазылды. Баланың отбасындағы қарым-қатынасына, бала мен қоғамға, мүгедек баланың құқықтарына және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарына бөлек тараулар арналған.

Мемлекеттік саясаттың балалар мүддесі үшін балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу, құқықтары бұзылған жағдайда қалпына келтіру, бала құқықтары кепілдіктерінің құқықтық негіздерін қалыптастыру және балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани және өнегелік жағынан дамуына жәрдемдесу сияқты негізгі мақсаттарды айқындаған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуалға алаңдаушылық тудырып, отбасындағы балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі өзекті екенін атап өтті.

Аналардың құқықтарын қорғау назардан тыс қалған емес. Еліміздегі гендерлік стратегия, жүктілік пен босану, еңбек демалысына әлеуметтік қолдау, құқықтық және медициналық көмек, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтары іске асырылуда.

Бүгінгі зайырлы, құқықтық мемлкетімізде аналардың сапалы білім алып, түрлі салада қызмет жасап, мансаптық тұрғыда көтерілуіне, балалардың тегін білім алу құқығын ешкім де шектей алмайды.

Отбасында баланың өміріне ең бірінші жауапты тұлға – әке мен ана, кез-келген ата-ана өмірге әкелген баланың өмірі мен денсаулығына, қауіпсіздігіне тікелей жауапты.

Алайда, неке бұзылған жағдайда, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті және ерлі-зайыптылардың біреуі бұрынғы жұбайынан алименттер өндіріп алуға талап қою арызымен сотқа жүгінуге болады.

Бүгінгі күні кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, жекелеген жағдайларды қоспағанда, ешқандай тарап алимент төлеу жөніндегі міндеттерден босатылмайды. 

Қызылорда қалалық соты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы істерді қараған кезде заңнаманы қолдану туралы» қаулысын негізге ала отырып, ерлi-зайыптылардың некелері бұзылған жағдайда кәмелетке толмаған балаларының мүддесi мен құқығын қорғау үшiн барлық шара қолданады.

Нақтыласақ, осы сипаттағы сот iстi қарау барысында ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған балаларының неке бұзылғаннан кейiн кiммен тұратындығы туралы, балаларды асырауға арналған қаражаттардың төленуi тәртiбi және оның мөлшерi туралы келiсiмге келген-келмегенiн анықтайды.

Егер ерлi-зайыптылар арасында кәмелетке толмаған балалары өздерінің қайсысымен тұратындығы туралы, балаларды және (немесе) еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайын күтіп бағуға қаражат төлеу тәртібі, осы қаражаттың мөлшері туралы не ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы келісімді келiсiм болмаған жағдайда, сондай-ақ сотқа ұсынылған келiсiм балалардың мүддесiне қайшы келген жағдайда, сот жоғарыда аталаған мәселелерді  анықтауға мiндеттi.

Сондай-ақ, балалардан бөлек тұратын ата-ана балаларды тәрбиелеуге қатысуға мiндеттi және олармен араласуға құқықты екенiн, ал екiншi ата-анасы бұған кедергi жасауға құқығы жоқ екенiн түсiндiруi тиiс. Бұл туралы сот мәжiлiсi хаттамасында жазылады.

Ерлі-зайыптыларға татуласу үшін мерзім беру кезінде, егер бұйрық арқылы іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтын алименттерді өндіріп алу туралы талап қою арызы берілген жағдайда, сот алименттерді өндіру туралы талапты бөліп, жеке іс жүргізіп қарайды.

Егер балаларға алимент өндiру туралы талапты талқылаған кезде, ата-анасының бірі туу туралы актiдегi баланың әкесi немесе анасы жөнiндегi жазбаға дауласса, оларды жеке өндiрiсте қаралады.

Сот, некенi бұзу туралы талаптан бас тартылған жағдайда, алайда  талапкер алиментті өндiруді талап етсе, жеке өндiрiске бөліп қаралады. Бұл туралы шешiмнiң қорытынды бөлiгінде көрсетiледi.

Өкінішке қарай, некені бұзу туралы аза­мат­тық істердің қалауы тек қоғамға ғана емес, отбасындағы балаға да теріс әсер етеді. Осыған байланысты отбасын сақтауға бағытталған жаңа тетіктерді құру қажеттілігі туындайды.

Сонымен бірге, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 147-бабында, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі күтіп-бағу жөніндегі міндеттері белгіленген.

Яғни, отбасындағы ерлі-зайыптылар бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға міндетті. Егер мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлі-зайыптылардың арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда, жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы зайыбы,  еңбекке жарамсыз мұқтаж немесе мүгедектігі бар ортақ баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар  ортақ баланы асырап-бағу үшін алимент төлеуге қажетті қаражаты бар екінші жұбайынан сот тәртібімен алимент беруді талап етуге құқығы бар.

Бұл кодекстің талабы бұрынғы жұбайдың неке бұзылғаннан кейін алимент алуға құқығына да қатысты.

Ерлі-зайыптылардан және бұрынғы ерлі-зайыптылардан сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшерін олардыңматериалдық және отбасылық жағдайларын және тараптардың басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеу кезіндегі қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында сотпен айқындалады.

Одан бөлек «Неке (ерлі-зайыптылық)және отбасы туралы» Заңының 67-бабына сәйкес, баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерiнің қорғалуына құқығы бар.

Атап айтсақ, баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, прокурор және сот, сондай-ақ ішкі істер органдары және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

 Кәмелетке толғанға дейiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әрекетке толық қабiлеттi деп танылған кәмелетке толмаған баланың өз құқықтары мен мiндеттерiн, оның iшiнде қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыруға құқығы бар.

Сонымен бірге, баланың негізгі құқықтарынан кейін төмендегі құқықтар айқындалған. Олар: отбасында тұруға және тәрбиеленуге, өз ата-анасының кім екенін білуге, олармен бірге тұруға (бұл оның мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда), олардың тарапынан көрсетілетін қамқорлыққа, ата-ананың тәрбиесіне, олар болмаған жағдайда немесе ата-ана құқығынан айырылса – қамқоршының немесе балалар мекемесінің тәрбиесіне, жан-жақты дамуға, ата-аналармен, ата-әжелермен, бауырларымен және өзге де туыстарымен байланыс орнатуға, өз пікірін білдіруге, тегін, атын, әкесінің атын алуға, өмір сүруге және өз кірістеріне қаражат алу болып табылады.

Жоғарыда атап өткендей, елімізде баланың бұзылған құқықтарын қорғау толығымен жүзеге асырылса да, бұзылып жатқан тұстары да бар. Оның басты себептерінің бірі –  отбасының дұрыс болмауы. Әсіресе өгей әке, өгей ана тарапынан әлімжеттік көрсету, қорлау, ұрып-соғу секілді орын әрекеттер алуда. Соттар тарапынан бала құ­қықтарының қорғалуы ерекше назарда. Қандай да бір туыстық қатынасқа қарамастан,  заң алдында жауап беріп, заңмен белгіленген тиісті жауапкершілікке тартылады. Балалар құқығы­на нұқ­сан келтіргендерге қа­шан­да жаза қатаң.

Мемлекет басшысы 2022 жылды Қазақстанда «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуымен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз екенін жеткізді.

Жазушы М.Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөзі бар. Балалардың болашағын бүгіннен бағдарлап, түзу тәрбие беру алдыңғы орында болса, оларды бағып, тәлімімен өсіру ата-ананың жауапты міндеті.

Меруерт ТОҒЫЗБАЕВА,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: