HALYQLINE.KZ Осы жұрт «адам өзгерді ме, заман өзгерді ме?» дейді ғой. Заманды қалыптастыратын адам екенін ескерсек, заманды кінәлау қателік шығар…
Қызылордалық Г. есімді азаматша бұрын сотты болса да, содан сабақ алмапты. Адамды алдап-арбауды кәдімгідей кәсіпке айналдырып алса керек. Олай дейтініміз, өткен жылы ғана Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының (алаяқтық) 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қолданылып, ҚК-нің 58-бабының 3, 6-бөліктерінің талаптарымен тағайындалған жазаны онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Дегенмен, оның 14 жасқа толмаған баласы бар екендігі ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылған екен. Құдай алжастырамын десе, түк емес. Ол араға жыл салып әлгі әдетін тағы да қайталапты.
Сотталушы алдымен осындағы медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейтін, 6 баласымен пәтер жалдап тұратын әйелді тақырға отырғызған. Қалай дейтініңіз бар ма? Танысының іші-бауырына кіріп, кезектен тыс пәтер алып бере алатындығын айтып сендірген. Ол бұл «қызметі» үшін 1 миллион теңге сұраған. Сөйтіп, айналасы 1-2 айдың көлемінде танысының жиған-терген қаржысын қалтасына басыпты.
Араға үш ай салып, Г. «кәсібіне» қайта кіріседі. Кезекті «құрбанына» облыс орталығындағы мектептің біріне мұғалім ретінде жұмысқа орналастырып бере аламын дейді. Ол «қызметінің» құнын 500 мың теңгеге бағалаған екен. Алдымен жәбірленушінің 400 мың теңгесін, 2 күннен соң 100 мың теңгесін алған.
Уақыт зымырап өте береді. Үй аламын деп үміттенген 6 балалы әйел де, жұмысқа орналасуды ойлаған адам да Г.-нің үйіп-төккен уәдесінен күдіктене бастайды. Кейін жәбірленушілер бұның алаяқ екенін естіп, ақшасын қайтаруды сұрайды. Г.-нің мұндайға әбден еті үйреніп кетсе керек, хабарласқандарға жекіп, балағаттап тастайды. Қысқасы, бұл іс құзырлы органның назарына алынып, ақыры сотқа жетеді.
Сот отырысында жәбірленушінің бірі алаяқ әйелмен татуласқанын айтса, екіншісі, керісінше, жауапқа тартуды сұрайды. Құзырлы орган іске араласқан соң сотталушы жәбірленушілерден алған ақшасын қайтарған. Дегенмен, қылмыстың өтеуі – жаза.
Істі мұқият зерттеп-зерделеген сот төмендегідей Үкім шығарды. «Сотталушы Г. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылсын. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 60-бабының негізінде, үкімдердің жиынтығы бойынша, Қызылорда қаласының №2 сотының 12.08.2019 жылғы үкімімен Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігінің негізінде соңғы үкімі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігіне, жазаларды ішінара қосу жолымен 5 түпкілікті 3 (үш) жыл 6 (алты) айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 46-бабының 5-бөлігінің 2-тармағына сәйкес жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеуге белгіленсін. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, он төрт жасқа толмаған балалары бар әйел ретінде жазасын орындауды сот бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан асырмай кейінге қалдырылсын. Сотталғанға пробациялық бақылауды және мінез-құлқын қадағалауды жүргізу Қызылорда қалалық пробация қызметіне жүктелсін. ҚК-нің 74-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса немесе сотталып, жазасын өтеу кейінге қалдырылған адамды бақылауды жүзеге асыратын орган екі рет жазбаша түрде ескерту жасалғаннан кейін қоғамдық тәртіпті бұзса, сот сол органның ұсынуы бойынша жазаны өтеуді кейінге қалдырудың күшін жойып, сотталған адамды сот үкіміне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жібере алатыны түсіндірілсін. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін он тәулік ішінде пробация қызметіне есепке қою үшін Қызылорда қалалық пробация қызметіне келу міндеттелсін. Г-ның анықтау органдары мен соттың шақыртуы бойынша келу міндеттемесі жойылсын. Азаматтық талап қараусыз қалдырылсын. ҚК-нің 98-2 бабаның 4-тармағының тәртібімен сотталушы Г.-дан жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 50 500 (елу мың бес жүз) теңге ақшалай сома түріндегі мәжбүрлі төлем Қазақстан Республикасының жәбірленушілерге өтемақы қорына өндірілсін. Заттай дәлелдеме ретінде танылған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Қ. алынған «Kaspi Bank» АҚ-ның филиалынан алған несие құжаттарының көшірмесі, «Kaspi Gold» есеп шотына ақша аударған түбіртектерінің көшірмелері, қолхат көшірмесі және берген ақшаларының нөмірлері мен сериясы жазылған 3 парақтан тұратын тізім көшірмелері қылмыстық іспен бірге сақталсын».
Осылайша екі бірдей адамды алдап соққан әйел ақыры құзырлы органның қақпанына түсті.
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!