Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаяққа алданғандар көп

02.09.2022, 11:00 391

Үлкені де, кішісі де «әлеуметтік желідегі алаяқтардың қармағына ілініп қалмаңыздар» деп жиі айтады. Дегенмен, иландырушының сөзіне сеніп, алданып қалатын азаматтар бар. Бүгінгі күні айласы ауыспайтындар адамнан ақша жасаудың түрлі әдісін біледі. Солардың ішінде интернет алаяқтықтың «пәлекеті» көп адамға кес болды. Жыл басынан бері қалада алаяқтық бойынша 527 іс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың салыстырмалы кезеңін­дегі деректен 42 іске жоғары. Әлеуметтік желі арқылы жасалған алаяқтық бо­йынша 285 іс өндірістік қарауда екен. Жыл өткен сайын жеңіл пайда іздегендердің саны артып келеді. Алайда дауасы болмай тұр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Айдарбек Құрбанов халықты құлағдар ету үшін алаяқ­тықтың  облыстағы  ахуалын  мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта ең көп тіркеліп жатқан алаяқтық қылмыстар әлеуметтік желі арқы­лы болуда. Атап айтқанда, ақшаны еселеп беру, азаматтардың деректерін пайдаланып онлайн несие алу, «Колеса», «Инстаграм», «ОЛХ» жарнама парақшаларындағы жалған хабарландыру арқылы сауда жасау болып отыр. Сондай-ақ, «балаңызды полиция қыз­меткері ұстап тұр, оны шығарып алу үшін ақша аудару керек» деген қылмыстардың ізін суытпай ашу бағытында жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде ҚПБ-мен осындай қылмысты жасаған 17 дерек­ке қатысы бар деген күдікті адам ұсталып, қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – деді Айдар­бек  Иманбердіұлы.

ХХІ ғасырда алаяқтық өршіп тұрғаны көзге ап-анық көрініп тұр. Дамыған технология кезеңінде интернет алаяқтықтың алдын алу үшін бұқараны ұялы телефоннан тарықтырып қою әсте мүмкін емес. Бірақ халық желіге желімдей жабысуды қойғаны жөн. Өйткені одан қауіп тым көп. Мәселен, қарапайым WhatsApp  мессенджері де алаяқ­тардың «қонысына» айналған. Онда сіздің Facebook, Instagram әлеуметтік желіңіз­дегі «подписки» бөліміндегі достарыңыздың суре­тін өзіне жүктеп алып, ватсап аккаунтына сол суретті қойып сізден қарызға ақша сұрайды. Осындай бөтен біреудің мойнына қарыз жазу әдіспен талай адамды зар қақсатып жүргендер бар. Бұған қоса, Кас­пи, Халық сынды банктердің қызметкері ретінде өзін таныстырып, сізге несие алып бере­мін деп хабарласатындар да көп. Мұндай жағдайда не істеу керек екенін, алаяқ екенін анықтаудың механизмін Айдарбек Иманберді­ұлы  айта  кетті.

– Біріншіден, қай жақтан хабарласып тұрғанын нақты сұрап алыңыз. Содан кейін айтқан банктің тікелей номеріне хабарласып, мән-жайды анықтап алу керек. Егер айтқан ақпараттары бір-біріне қабыспаса, 102 номе­ріне хабарласып, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген жөн. Әрі қарай іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Алайда көп уақытта қылмыскерлер шет мемлекеттен анықталуда, – деді  ол.

Желіде жем болмаудың жолын айтқанмен бәлеге ұрынғандар жетерлік. Тіпті қаржылық пирамидаға елітіп әкеткен «мошенниктер» бар. Бұл туралы қайта-қайта айтып, түрлі теңеулермен қозғап жүрміз. Солардың бірі – QNet. Мұнда сізді шетелдік компанияда қыз­мет ету бағы бұйырады деп шақырады. Кіру құны 1 миллион теңгеге жақын. Алайда бұл қомақты қаржыны баз біреудің қолына ұстата салмаймыз. Қылмыстың арты ашылмас үшін барлығын алаяқтар қарастырып қойған. Сіз кіру құнына шетелге жеңілдікпен саяхаттайтын картаны сатып аласыз. Картаның да құнына қарай, жеңілдігі де алуан түрлі. Бірақ сізге ең тиімдісі, ең арзаны шамамен жоғарыда аталған соманы көрсетеді. Айтпақшы, бірінші күні компанияны таныстырып, адамның миын айналдырып алатын ерекше қайтарым, ұсыныстарын айтады. Шетелге саяхаттау, қымбат көлік, үй алуға мүмкіндіктерді үйіп-төгеді. Екінші күні шақыр­ғанда кірудің құнын дөп басып көрсетеді. Сонда бүкіл кеше түнімен табысқа жетем деген арман-қиялдар қас қағым сәтте жоқ болып кететіні рас. Себебі қазақстандықтардың көбінде мұндай қаржы жоқ. Бірақ сіздің табысқа кенелуіңіздің жолын қарастырып қойған. Сізге несие алуға көмектесетіндерін жеткізеді. Сондай-ақ, оны төлеп отыруларыңызды қадағалайтынын да айтады. Сізге бұл жолмен жетістікке жеткен кейіпкерлер­ді көрсетіп сендіруге тырысады. Мысалы, Сағадат есімді кейіпкеріміздің айтуынша, қыркүйекте досы арқылы осы компанияға барған. Жаңа айтып өткендей, процесс жүргі­зілген. Оған желтоқсанда Дубайды шарлап, үйлі боласың деп айтқан көрінеді. Сол кезде кейіпкеріміз компанияның қызметкеріне «сіз қашан кірдіңіз?» десе, таныстырып отыр­ған адам 9 ай болды деп айтқан екен. Тағы да «сізде жаңағы айт­қан көлік, үй, Дубайға сая­хаттау осы аралықта болды ма?» деп сұраса, қызметкер жоқ депті. Кейіпкеріміз «олай болса, рақмет» деп, тұрған да кеткен. Оның айтуынша, кірген кезде табыс­қа жетуің мүмкін. Бірақ бір күні терең құдыққа түскенінді байқамай қаласың дейді. Шыны керек, Малайзиядан бастау алған бұл компания қазақ елінің азаматтарын байытып, өссін, өнсін демейді ғой. Сонда QNet-тің күйттегені не? Қызылорда облысында да мұндай «мошенниктердің» барын Қызылорда қала­лық Полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры  мәлімдеді.

ТҮЙІН. Өз қолыңмен істемеген жұмысқа бас сұғып, қаржы салу өте қауіпті. Қарға екеш қарға да екі қарап, бір шұқып барып жейді ғой асын. Масылдық көзқарастан шыға алмаған мұндай ағаларымыз да, әпкелеріміз де толып жатыр. Жетіп артылады. Бәлкім, сабақ болмайынша ұрынғаны да жөн шығар. Жақсылық көрсем де өзімнен, жамандық көрсем де өзімнен деп бекер айтылмаса керек-ті. Алайда студенттер оқуға түсіп, пәтер жалдаймын деп алаяқтарға тап болып, үйсіз-күйсіз қалған жағдайларда ше?

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: