Қазалы ауданы Қызылқұм ауылының әкімі О.Мүсілім әлеуметтік желіде пікір білдіремін деп басы дауға қалды. Ал Арал ауданы Райым ауылдық округінің әкімі У.Карауымбетов көлік жүргізуге құқығы жоқ бола тұра, қызметтік көлікті басқарған. Әкімдердің әнтек әрекетіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы әдеп кеңесінде талдау жасалып, шешім шығарылды. Сонымен олардың бұндай әрекеттерінің астарында не жатыр екен?
2021 жылғы 28 шілдеде «Facebook» әлеуметтік желісінің пайдаланушысы Жанабек Жүсіп өзінің парақшасында Арал ауданы Райым ауылдық округінің әкімі У.Карауымбетовтің автокөлікті басқаруға құқығы жоқ бола тұра, қызметтік автокөлікті басқарғандығы туралы сыни пікірін жариялайды. Қоғамдық резонанс тудырған оқиғадан соң ауыл әкімінің жүргізуші куәлігінің шын мәнінде бар немесе жоқтығы туралы мәліметтер іздестіріледі. Зерттеу нәтижесінде куәлігі болмағандығы анықталып, 58340 теңге айыппұл салынады. Десе де, осы сәтте ол уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы анықтама алып, Ақтөбе қаласынан жүргізуші куәлігін алады. Бірақ, медициналық анықтама бойынша ем-дом алмаған. Өз түсініктемесінде У.Карауымбетов:
– Автокөлікті жүргізгенім рас, көлік жүргізушісі ақысы сақталмайтын еңбек демалысында болған кезде жүргіздім. Себебі, ауданда төтенше жағдай жарияланды, жұмыс орнымда сақталатын канал (арық) құжаттарын шұғыл сұратып, осы құжаттарды жіберу үшін барған болатынмын. Осы құқықбұзушылық бойынша маған әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Айыппұлды төледім. Бұдан бөлек, денсаулығым сыр беріп, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын аштырып, Ақтөбе қаласына денсаулығымды көрсету үшін барып, қолым босаған кезде АвтоЦонда емтихан тапсырып, автокөлікті басқаруға құқық беретін куәлік алдым, – дейді.
Әдеп жөніндегі кеңесте У.Карауымбетов кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді. Ал Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов оның мемлекеттік қызметші ретінде жақсы кадр, артық қылығының жоқ екендігін және онкологиялық аурумен ауыратындығын, денсаулығына байланысты ақаулардың шын мәнінде бар екендігін растады. Сондай-ақ, әкімге қатысты бұндай шаралар қастасып жүрген кейбір адамдардың қитұрқы әрекеттерінен туындап отырған оқиға екендігін тілге тиек етті. Кеңес ауыл әкіміне сөгіс береміз деп шешім шығарды.
26 тамызда «DALANEWS.KZ» ақпараттық агенттігіне саясаттанушы Досым Сәтпаев «Мемлекетшілдік? Билікке кілең мансапқұмарлар барып жатыр» деген тақырыпта сұхбат берген. Онда ол:
– КСРО-ның қирауы мен қазіргі Қазақстан билігі жүргізіп отырған саясаттың арасы ұқсас. Коммунистік партия қатарына өткен миллиондаған белсендінің бәрі шетінен мансапқор еді, олар партия қатарына қосылуды баспалдақпен жоғары өрлейтін мүмкіндік ретінде қарастырды, оның идеологиялық бағытына бас қатырған жоқ. Байқасаңыз, Қазақстанда да осыған ұқсас тренд қалыптасқан. Билікке мемлекетшілдер емес, атаққұмар, лақапқұмарлар барып жатыр. Өйткені біз сөз еткен мансапқұмарлардың бойында мәселені шешуге деген талпыныс, ынта-ықылас атымен жоқ. Олардың есіл-дерті – мансапқа ұмтылу, бір қызметтен бір қызметке қарғу, мақсаты да, мұраты да – осы. Билік мұндайларға қалай арқа сүйейтіні белгісіз, – депті. Аталған сұхбат «DALANEWS.KZ» ақпараттық агенттігінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланып, оған Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің әкімі О.Мүсілім былай деп пікір (комментарий) қалдырады:
– Дипломды сырттай оқып алған соң, жұмысқа тамыр-таныс немесе пара арқылы тұрып алған соң жағымпазданып көтерілмегенде қайтеді? Тағы көп қазақтарда мінез жоқ, жалған патриотизм.
Осыдан соң «Facebook» әлеуметтік желісінің қолданушысы Динара Дастенова өзінің парақшасында «О.Мүсілімнің оппозицияны қолдап, билікке өкпесі бар секілді» деп сыни пікірін білдірген. Өз кезегінде, Динара Дастенованың жазбасына О.Мүсілім жазба қалдырып, өзінің жеке ойы екендігін, мемлекетке деген көзқарасы еместігін білдірген.
– Досым Сәтпаевтың сұхбатына ауданымыздың әлеуметтік желіні белсенді қолданушылары түрлі пікірлер қалдырғанын қарап отырып, ішінде жұмыс барысында кездескен тұлғалар пікір қалдырыпты, сол пікірлерді оқып отырып, сол кісілерге бағыттап эмоцияға беріліп пікірімді қалдырдым. Өз кезегінде Динара Дастенова мен қалдырған пікірді скриншоттап өз парақшасында жариялап, қоғамның талқылауына салған. Билікті сынауға құқығым да, ойым да жоқ, – дейді О.Мүсілім.
Әдеп кеңесі барысында Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің әкімі О.Мүсілім іс-әрекеті мемлекеттік қызметшіге жат екендігін айтып, кінәсін толық мойындайтынын және алдағы уақытта қайталанбайтындығына уәде берді. Кеңес ескерту жазасына ұсынуды жөн көрді.
Содан соң әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстары туралы Шиелі ауданының әкімі Н.Мақұлбековтың есебі тыңдалды. 2021 жылы Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 1 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылған.
Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі А.Абайқызы саладағы кейбір шикіліктерді атап өтті.
– Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 5-тармағының 12-тармақшасында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде толығымен халықтың сұранысына бағдар ұстануға тиіс деп көрсетілген. Дегенмен, аталған талаптар сақталмай, 2020 жылдың наурыз айында Департаменттің бас маманы Ғ.Әкімтаев тарапынан «Білім беру қызметімен айналысуына лицензия беру» мемлекеттік қызметтің көрсетілу мерзімін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 465-бабының 1-бөлігімен 2 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – деді ол.
Бұндайда әдеп жөніндегі кеңес тек әділ шешім шығаруға тырысады. Бірақ мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе әкімдердің қисынсыз әрекеттері тастағы таңбадай ел есінде қалып қояды және қайда жүрсе де абыройсыздықтары алдынан шығып тұрады. Сондықтан мемқызметшілер әрбір іс-әрекетіне, сөйлейтін сөзіне абай әрі мұқият болуы шарт.
Әйгерім НАЖМАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!