Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамдар неге жоғалады?

01.07.2021, 13:00 549

Міржақып айтпақшы, «баяғыны» сағынып, қазіргіге қамығып, «әттең, Тәңірмен» күніміз өтіп жатыр. Соңғы уақытта қаралы хабардың қарасы көбейіп, жағымсыз жайттар бір-бірімен жарысып жатқандай. Бұғанасы бекіп, буыны қатпаған бостандықтан кейін енді ғана «етек-жеңімізді жинадық па?» дегенде ауру алқымнан алып, аяғымызды аспаннан келтіргені тағы бар. Шыны керек, бір жыл босағаға байланғанның әсері басқа кеселдерге де жол ашып берді. Соның бірі – адам жоғалу деректерінің күрт көбеюі. Осы тұрғыда, «адамдар жоғалуы дерегі өсуінің себебі не, полицейлер олармен қалай күресуде және еріктілерден көмек бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп, іздеу жұмыстарына қатысып көрдік.

Өңірімізде із-түссіз жоғалғандар саны күрт асқан. Жыл басынан бері полицейлер мен еріктілердің жамбасы жерге тимей, жоғалғандарды отбасымен қауыштыру үшін барын салуда. Дегенмен, жоғалғандардың барлығы бірдей табылып жатқан жоқ. Кей тұрғындарды іздеуде полицейлер де шарасыздық танытып отыр. Оның үстіне жоғалған адамдар саны күн санап артып  келеді…

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР  ӨЗІН ҚАУІПСІЗ  СЕЗІНЕ  АЛА  МА?

Қазіргі уақыт – әлемжелінің заманы. Қоғамның қордалы мәселе­сі мен болған оқиғалардың бір бөлігін осы әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Шыны керек, соңғы уақытта желі бетін сипай қалсаң, із-түссіз жоғалған адамдар жайлы ақпарат желдей еседі. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында 31 азамат хабар-ошарсыз кеткен. Іздестіру шарасы кезінде 22 адам табылып, туыстарымен қауышқан. Бұл – шағын қала үшін үлкен көрсеткіш. Мәселен, өткен жылы 24 адам жоғалса, оның 18-і табылған. Бұл көрсеткіштен биыл жарты жылға жетпей-ақ, асып кеттік. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш жаға ұстатарлық сандарды  көрсетуі  әбден  мүмкін.

– Ағымдағы жылы адамдардың жоғалу деңгейі өскені рас. Көбінесе, жасөспірімдер жоғалуда. Одан бө­лек, басының ауытқуы бар және үлкен кісілер жоғалып кетеді. Әсіресе, жасөспірім мен ата-анасы арасында жанжал шығып, сол себепті жеткіншектер үйінен кетіп қалып жатыр. «Адам жоғалды» деген хабар түскен соң, біз оны бір күн іздейміз, егер ол күні табылмаса, қылмыстық іс қозғалады. Табылмай жатқан адамдар да бар. Бірақ, іздестіруді күшейтіп, табуға тырысып жатырмыз. Мәселен, осы жылы Белкөл қыстағынан адам қаңқасын таптық, зерттеме нәтижесінде оның өткен жылы жоғалған азаматша екеніне көз жеткіздік. Өкінішке  қарай, бала босанғаннан кейін бұл азаматшаның басында ауытқулар болып, үйінен өзі қашып кеткен. Соңы осылай қайғылы  аяқталды.

Қазіргі таңда жасөспірімдердің жоғалуын қатты бақылауға алып отырмыз. Суға  кету  деректері  де көп болып жатыр. Бүгінгі күннің өзінде 4 адам жоғалып, үшеуін тауып алдық. Төртіншісі іздестірілуде. Жоғалу туралы хабардың көбеюінің тағы бір себебі – халықтың полицейлерге деген сенімінің артуы деп білемін. Көптеген қоңырау негізсіз болып табылуда. Туыстары сәл кешіксе, бірден хабар береді. Екінші жағынан бұл жақсы, – деді криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция подполковнигі  Шоқан  Ибраев.

Жедел уәкілдің айтуынша, адам ұрлығы секілді қорқынышты жайттар әзірге болып жатқан жоқ. Көбіне­се, табылмай жатқандар – өзі қашып кеткен немесе өзге елде жұмыс іздеп жүргендер. БАҚ өкілдеріне берген брифингтерінде жауап­тылар «қала орталығындағы камералар саны жеткілікті» деп сендіріп жүр. Қазіргі таңда шаһарымызда 274 бейне­бақылау камерасы орнатылған. Десе де, тұрғындар қауіпсіздігі үшін бұл да жеткіліксіз. Қала орталығында жүріп, із-түссіз жоғалып кеткен адамдар да бар. Оларды камера да, адамдар да көрмеген. Бұл тіпті қала орталығында тұрғындар өзін қауіпсіз сезіне алмайды дегенге нақты дәлел болмақ.

МҰҚТАЖДЫҚ  МҰҢЫ:  ШҰҒЫЛ  ХАБАР

Полиция қызметкерімен осы жа­йында пікірлесіп отырғанда қоңырау келіп түсті. Сол күнгі жоғалған бесінші адам туралы хабар. Қала орталығындағы «Универсам» шағын ауданында жоғалып кеткен. Поли­ция қызметкерлерімен бірге жапа-тармағай жолға шықтық. Дереу жоғалған азаматтың үйіне жетіп, мән-жайды анықтау үшін туыстарымен кездестік. Жоғалған азамат осында анасымен бірге тұрады. Психикалық ауытқуы бар екен. Екі апта бұрын ғана арнайы жүйкесінде ауытқуы барларды емдейтін ор­талықтан шыққан. Анасының айтуынша, таңғы 10-ның кезінде ұйықтап жатқан уақытта үйінен шығып кеткен-ді. Не үшін, қалай екені белгісіз. Сұрақ-жауап кезінде полицей қайыр­шылықпен айналысатыны жөнінде сұрады. Сәл іркіліп, жоғалған жігіттің анасы кей кезде ондайдың болатындығын мойындады. Ит басы­на іркіт  төгілген  заман  емес. Қызыл  сирақ, қысқа қол адамдарды аздырып жібергені де түсінікті. Шыны керек, айдарынан жел ескендерді де көру сиреп кетті. Бұндай қиын-қыс­тау уақытта қарт ананың бұл қылығын  сынауға  қақымыз  жоқ.

Барлық жауапты алып болған соң, іздестіру басталды. Жоғалған жігіттің суреттері шартарапқа жайы­лып, іздестіру жұмыстары дереу бас­талды. Тасжол бойы мен дария жағалауы дер кезінде полицейлердің жіті бақылауында болды. Араға 3 сағат салып, әлгі жоғалған азамат табылды. Өзінің үйінен арыға ұзамаған екен. Қоқыс контейнерлерінің қасынан табылған. Бұл істі түйіндей келе бір дүниеге көзіміз жетті. Адам жоғалудың көбі жауапкершіліктің аздығынан болады. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің пайым­дауынша, бұл жігітті қайыр сұрауға әдейі шығаруы мүмкін, себебі мұндай жағдайлар қаламызда жиі кездесіп тұрады екен. Бүгінгі заманның көрінісі. Бұл – бір ғана тағдыр. Қолын бұлғап, көзімен ишара қылып жәрдем сұрап отырғандар қаншама? Бүйтіп жүріп өмір бойы естен кетпес өкінішке  душар болмасақ игі…

КӨРІПКЕЛДІҢ  КӨМЕГІНЕ  ЖҮГІНЕТІНДЕР  КӨП

Ресми деректерге сенсек, адамдардың жоғалуының басты себебі – туыстарына ескертпей сапарға шығуы немесе тұрмыстық жанжал. Көп жағдайда жоғалған азаматқа қатер төнбейді. Десе де, әлі күнге дейін табылмай жүрген жандарға қатысты қылмыстық оқиғаның болу дерегін ешкім жоққа шығармайды. Айта кететін жайт, бұл істе еріктілерден келетін пайда көп. Қысы-жазы, күні-түні жоғалған жандарды іздеп, мәлімет жинауға көмектесетін – дәл осы жандар. Сұрақтың жауабын іздеу барысында еріктілер штабына да соқтық. Өздерімен сөйлесіп, жағдайдың жай-жапсарын біліп қайттық.

– Бізге кейде жоғалған адамның туыстары көмек сұрап хабарласып жатады. Көбінесе қалалық Полиция басқармасы көмек сұрайды. Себебі, бұл істе еріктілердің пайдасы ұшан-теңіз. Біздің мақсат – полиция қызметкерлеріне көмек көрсету. Бірақ, көп жағдайда бізге хабар кешеуілдеп жетеді. Оның үстіне адам жоғалу көбейіп кетті. Сол үшін барынша тез шешім қабылдап, жылдам қимыл­дауға тырысамыз. Сондай-ақ, төтенше жағдай департаментімен де бірігіп жұмыс істейміз. Кейде іздеу барысында қайғылы оқиғаларды өз көзімізбен көреміз. Сондай кез жастарды ғана емес бізді де есеңгіретіп тастайды. Көз алдымызда кішкене баланың дене­сін алып бара жатқанын көргенде көзге еріксіз жас келеді. Көп адамдар көріпкелге барғанын айтып, мына жерде екен деп сілтейді. Ол кезде де көмек көрсетіп, мүмкін болған жерлердің барлығын аралаймыз. Көмек сұрап келген адамды кері қайтарған емеспіз, – деді Қызылорда облысының «Волонтерлар фронт-офис» жетек­шісі  Болатбек  Айтбенбетов.

Еріктінің айтуынша, кей кезде өкініштен өзегі өртеніп, өз ісіне көңілі толмайтын кездер де болады екен. Мәселен, жақында ғана Титов қыстағында кәріз құдығына құлап қайтыс болған жас жеткіншектің оқиғасын айтуға болады. Үйінен 200 метр ары тұрған құдыққа құлап кеткен. Ашып бір қарағанда жоқ болып көрінген екен. Соны неге ағашпен шұқып, ішіне кіріп іздемедік деп өкінетіндерін  жасырмады.

Бір ғана тақырыптың астарында қаншама мәселе жатқанына куә болдық. Біздің біркүндік зерттеуімізде осыншама деректерге көз жеткіздік. Астарына үңіле берсек, тұңғиығы терең­де жатқан үлкен мәселе шығары анық. Қам көңілде қаяудай арман қалмасын десек, осы мәселені шешуге жең түріп, білек сыбана кірісу керек. Жасөспірімдердің үйден қашуы мен психикалық ауруы барларды тұсап отырудың амалын қазірден бастап іздеген жөн болар. Әйтпесе бала жоғалтуға етіміз үйреніп, күнделікті күйбің тірлікке айналып бара жатқандай…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: