Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зағиптар зары

23.01.2020, 8:31 1455

Олар да – қоғамның толыққанды мүшелері. Олар да өзгелер секілді үкіметтен құқықтарына сай жәрдем-тілек талап ете алады. Бізден айырмашылығы сол – мүмкіндіктерінің шектеулілігі. Ал Қызылордадағы қос жанарының көру мүмкіндігінен айырылған жандардың жанайқайына біздің биліктегілердің құлақ аспай, тіпті назарларына ілмей келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Немесе біздікілер білсе де, білмегенсіген сыңай танытып отыр. «Ол не мәселе болды екен?» деп сіз де іштартпай-ақ қойыңыз. Бұның көп жылдан бері жауыры шығып, тақырыбы таптаурынға айналған. «Қазақ соқырлар қоғамының Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимаратының төрт қабырғасы түртсең сөгілудің сәл-ақ алдында тұр. Сенбесеңіз, сіз де көріңіз. Куә болатыныңыз көп.

Біз тумысымыздан шығынданғанды тәуір көріп тұрамыз. Даламыз қандай дарқан болса, пейіліміз де соншалықты кең дегенге бос дарақылыққа салынып кететініміз де жасырын емес. Биылғы жаңа жылды жергілікті билік жарғақ құлағы жастыққа тимей, аса жоғары ықыласпен, дайындықпен қарсы алды. Бюджеттен бақандай бес миллиондай теңге орталық алаңдағы шыршаға, жалпы жаңажылдық қызылды-жасылды безендіруге бөліне салды. Жалт-жұлт еткен жылтырақ жұрттың жапа-тармағай суретке түсуіне жақсы «фон» болмаса, өзге титімдей де пайдасын көріп отырғанымыз жоқ. Желге ұшқан есіл ақша дерсің. Әйтпесе қалада шешілмеген мәселелер шаш етектен. «Түкке тұрғысыз дүниелерге кетіп жатқан қаржы неге қайырлы нәрселерге жұмсалмайды?» деген сауалы туындайды көпшіліктің.

Біз есіл ақшаларды тақырыпқа неге тұздық қылдық? «Қазақ соқырлар қоғамының Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимаратының жөндеу көрмегеніне жетпіс жылға таяп қалған.

– 2019 жылдың мамыр айында төраға болып тағайындалдым. Содан бері демеушілер іздеумен келеміз. Отыратын орнымызды өзіңіз де көріп отырсыз. Әжетхана, су жүйесі істен шыққан. Дәретхана осы жерден 150 метр жерде орналасқан. Көзі көрмейтін адамға бұл да үлкен мәселе. Өткен жылдың желтоқсан айының басында облыс әкімі Қ.Досмайылұлына ескі ғимаратымыз жайында мәселе қозғап бардым,- дейді «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Жасұлан Тілеген.

Аймақ басшысы Қ.Ысқақов «мәселе қаралады» деп шығарып салған. Айта кетейік, қазір қалада 500-ден аса І-ІІ топтағы көз мүгедегі болса, облыс бойынша 1200-ден аса зағип жандар бар. Бірлестік аймақ көлеміндегі зағип жандармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Олардың қоғамдық жұмысқа араласып, көпшілікпен жұмыс істеуі үшін ыңғайлы орынның өзі қат болып отыр.

– Қарапайым шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын қазір зағип жандар акт залында ойнап жүр. Ойын құрал-жабдықтары да жетіспейді. Акт залдың да әбден тозығы жеткен. Айта берсек, ғимараттың айналасындағы мәселенің барлығы қаржыға келіп тіреледі. Бізге бір қабатты етіп, 4-5 бөлмесі бар шағын ғимарат салып берсе, соған риза болар едік. Бізде арнайы жаңа ғимарат соғуға алаң да дайын тұр. Тек демеуші жоқ,- дейді Жасұлан Тілеген.

Оның айтуынша, демеуші табылмай, істері оңға баспайтын түрі бар.

– Біз 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Негізгі мақсатымыз – зағип жандарды, оның ішінде зағип жастарды қоғамға тарту. Көбіне іс-шараларды демеушілер арқылы жұмыс жасаймыз. Демеушілік жасауға көпшілігі келісім бере бермейді, бізге қиындық келтіретіні – сол. Ал көп жағдайда «ҚазГерМұнай» АҚ жиі қолдау жасап тұрады. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс істейтін жайлы орын салып берсе деген тілегіміз бар,- дейді «Орда зағиптар» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ролан Бименов.

Әзірге зағип жандар үшін жайлы жұмыс орны тек оларға арналған кітапхана ғана болып тұр.  Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты бұл кітапханада қазір 20 мыңнан астам кітап қоры бар.

– Күніне мұнда орта есеппен 20-30-ға жуық оқырман келеді. Мұнда мүгедектермен қоса, қосымша кітап оқимын дегендер де келуге болады. Кітап оқитын зағип жандардың көпшілігі – 50 жастан жоғары кісілер. Ал жас зағип жандар онша кітап оқуға келмейді. Олар көбінесе қоғамдық іс-шараларға қатысуда өте белсенді,- дейді кітапхана қызметкері Б.Жақыпова.

Түйін. Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігі әзірге тек қайырымды компаниялардан үміт күтуге ғана жарап тұр. Жергілікті билік талай жылдан бері жыр болып келе жатқан осы бір түймедей мәселеге әлі бас ауыртқысы жоқ. Шыны керек, бүгінгі атқамінерлердің шамасы жаңа жылды жоғары деңгейде қарсы алып, пайдасыз жиындарға миллиондап қаржы құюға ғана жетіп тұр. Шын жұмыс істейтін билік қаржыны қара батпақтан көз ашпаған көшелерді жөнге келтіруге құйып, мұқтаж жандардың өтеуіне берсе, сырт көз де сүйсініп қарар еді-ау.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: