Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үзілген жіп

18.01.2024, 10:00 548

Шілденің аптап ыстығы қайтар емес. Қызыл­орда қаласы бейне балқып тұрғандай, лүп еткен жел жоқ. Елуден асса да Жақсыбайға тыным жоқ, шебер ұста екенін білетіндер бірінен соң бірі кезектесе шақырып, тапсырыс береді. Отбасының қажеті де ойдан шықпайды, сондықтан ол міндетіне алған шаруа­ны тиянақты атқарады. Биыл қала шетінен үй салушылар көбейген, сондай үй салушының бірі, сірә, ауқатты болса керек, жаңадан салын­ған үйінің барлық есігін оюлата ағаштан салдырмақ екен. Қыс айларында мұндай жұмыс бола бермей, арасында түрлі жалдамалы жұмыс та істейтін ол мына тапсырысқа бар ынтасымен кірісті. Өзінің үйі қаланың екінші шетінде болғандықтан, Жақсыбай әлгі үйге түнеп жұмыс істеймін деп шешті, өйт­кені жолға біраз уақыт кетіп қалатын. Мұны тапсырыс беруші де құп көрді. Үстіне қара түсті футболка, қара қоңыр түсті шалбар, басына ақ түсті кепка киіп, құрал-саймандарын қара түсті рюкзак-сөмкесіне салып үйінен шыға бергенде Жақсыбайдың жүрегі жаншып кеткендей болды, көңілі қобалжыды. Апыр-ай, не  болды екен? Мұндайы жоқ еді бұрын.

Әлгі үй иелері өте жақсы адамдар екен, тамағы мен сусынын дереу даяр ете қояды, бұған да керегі сол – жұмысқа жанын сала кірісті де үш күн өткенде үйдің барлық есігін ағаштан оюлап салып болды. Үй иесі уәде­лескен ақшаны қолына ұстатқанда мұның көңілі жайланды. Қомақты қаржы алса, сөйтпегенде қайтеді? Үй иесіне Жақсыбайдың жұмысы ұнағаны соншалық оған ауласына ағаштан орындықтар мен үстел жасап беруін сұрады. Немерелерін сағынған ол ойланып қалды. Ақша да керек, бұлардың келіскен соманы төлейтіні де көрініп тұр, дегенмен, анда-санда, осындай қолына қомақты қаржы түскенде бір-екі саптаяқ сыра ішетіні де бар еді, көңілі демалысты қалады. Жақсыбай екі күннен соң келуге келісті. Шыға берісте оның көңілін алаңдатқан тағы бір оқиға болды. Үнемі құралдарымен бірге жүретін, өлшеу-кесу, бекіту-ұстау кезінде пайдаланатын, жергілікті жұрт «құсқанат жіп» атап кеткен полипропилин жіп арқасындағы рюкзак-сөмкеден шумақтала сыртқа шығып қалған екен, сол темір есіктің шошайып тұрған сымына ілініп қалғаны. Не екенін түсінбей әуеліде шошып кеткен Жақсыбай жүрегін басып, қолымен сипай көріп, өз жібі екенін білді, сонан соң тартқылап көріп еді болмады, жіп жіберер емес. Айғайлап үйдегілерді шақыруға намыс жібермеді, әйтеуір, итшілеп, темірге қиқалай егеп барып, күшке сала жіпті үзді…

Адам баласының құпиялы тылсым күш­тердің бар екенін мойындағанымен, тура көз алдында болып жатқан жайттарға мән бер­мейтіні бар ғой. Үйдің өзі Жақсыбайдың кетуі­не қарсы болған сынай танытты ма, әлде жіп абайсызда ілініп қалды ма, тек бір Аллаға мәлім. Бес  күн  өткен  соң  Жақсыбайдың  әйе­лі  Ботагөз апа полиция басқармасына келіп, күйеуінің үйіне келмей, із-түссіз жоқ болып  кеткені   туралы  арызданған  еді.

Оның арызы бойынша іс тергеуші Ерлан Жұмаевқа тапсырылды, алайда, ол «Жоғалған адам арақ ішіп кеткен» деген болжамға сенімді болып, табылады деген оймен бұған немқұрайды қарады. Екеуі сөйлесіп отырғанда кабинетке кірген аға тергеуші, капитан Әзиз  Сапар  әңгімеге  құлақ  түре  қалды.

– Күйеуім қайда кетсе де маған ескертіп отыратын, тіпті, арақ ішіп отырса да жөнін, мекенжайын хабарлап, маған ескертетін. Ұялы телефонын жанынан қалдырмайтын, енді хабарлассам, өшірулі. Бұл тегін емес қой… Ойпырмай, аман болса жақсы болар еді, жүрегім  бір  жамандықты  сезетіндей. Әй… Балам!  Сендер  күйеуімді  іздейсіздер  ме  өзі… 

– Ой… Апа… Қайда кетер дейсіз… Күйеуіңіз  арақ  ішіп  жатқан шығар бір жерде, біздің уақытымызды  босқа алып отырсыз  ғой… 

Тергеуші Әзиз Сапар ой ұшқырлығымен, тиянақтылығымен көзге түсіп жүрген, үздік тергеушілердің бірі болатын. Ол шыдамай әңгіме­ге  араласты:

– Неге олай дейсің? Саған адам тағдыры ойыншық па, бұл кісі күйеуін іздеп келіп отыр­ған  жоқ  па?

Бұған  Ерлан  шырт  ете  қалды.

– Менің жұмысым ұнамаса, арызды өзің алып, қалай жұмыс істегің келеді, солай жұмыс  істей  бер.

Әзиз арызданушыны тастап кете алмады, кабинетіне әкеліп, мән-жайды сұрастыра бастады. Күйеуінің аты-жөні мен ұялы телефонын ақ параққа түсірді. Ізделушінің ерекше белгілерін сұрап, үйінен шығу мақсатын, үстінде қандай киім болғанын, жұмыс істеуге кеткен  жерін, үй иесінің ұялы  телефонын  жазып  алды. Күйеуін іздеп келген  әйелді  «Хабар болып жатса айтамын» деп кабинеті­нен  шығарып  сала, дереу Жақсыбайдың  ұялы телефонын  нөмірі  арқылы табуға бая­нат  жазып, қылмысты  іздестіру  бөлімінің  жедел  уәкілдеріне  тапсырды.

Тергеу мен іздестіру жұмыстары басталып кетті. Жақсыбайдың жұмыс істеген үйі­не барған Әзиз оның нағыз ағаш ұстасы екенін ұқты, оюлы есіктер көз жауын алады. Өзін Ғалым Алматов деп таныстырған үй иесі Жақсыб­ай  ұстаның  шеберлігі  туралы тамсана әңгімелеп, оны күтіп жүргенін жеткізді. «Екі күннен кейін келемін деп еді, әлі жоқ. Сөзінде тұратын кісі көрініп еді. Иә, ол осыдан бес күн бұрын үйіне кеткен, қайтып келе­тін болған… құрал-саймандарының  жартысын  тастап  кетті, керек  болса  көрсетейін»  деді.

Әзиз үй иесі көрсеткен заттарды қарап шықты, Жақсыбай шынымен біраз құрал-сайманын, кей заттарын тастап кеткен екен. Ойына күдік кірген тергеуші осы кез тосын сұрақ  қойды.

– Сізге не үшін құрал-сайманын тастап кеткен, жұмысын бітірсе, заттарын алып кетуі  керек  емес  пе?

– Иә… Маған оның жұмысы ұнап, аулама ағаштан орындықтар мен үстелдер жасап беруін сұраған едім, ол келісті. Ақысын да уәделестік, бірақ «Үйіме барып келейін» деді. Мен оның істеген жұмысы үшін келісімді екі жүз мың теңге ақша­сын  беріп  жібердім. Бар  білерім – осы.

Үйдің іші мен ауласын толық қарап шығып, ештеңе таппаған соң заттарын хаттама бойынша рәсімдеген Әзиз басқармаға бет алды. Кабинетіне келіп, қағазға түсіре отырып, ойын қорытты. «Егер Жақсыбайдың ақшасын бергісі келмей араларында жанжал болса, Алматов оны үйінен қуып шығуы керек. Бірақ үйінен қуып шықса, ұста заттарын тастап кетпес еді. Сонда оны… Жо-жоқ, олай емес шығар».

Әрине, тергеуші ойында Жақсыбай тірі емес болуы мүмкін деген пайым болды, бірақ мұны ойлауға да, сыртқа шығарып айтуға да болмайтынын түсінді. Дереу Жақсыбайдың суреттерін әлеуметтік желіге, теледидар арқылы іздеу салуға, барлық ауруханалар мен мәйітханаға  сұраныс  жасауға  ұсыныс жіберді.

Алғаш күдікке үй иесі Ғалым Алматов ілінгенмен, дәлелдер жеткіліксіз еді. Арыз тір­келгеннен бері он күн өтті, Алматовтың көршілері мен бейнебақылау бар жерлерді қарау да нәтиже бермеді. Күні бойғы жүріс те шаршата бастады, ілік етер ештеңе жоқ, шөл қысқан Әзиз сусын сатып алуға сол маңайдағы дүкенге кірді. Ой… Алла-ай, тергеуші дүкенге кірген бойда-ақ олжаға кезіккенін түсінді, сатушы қыз жанындағы анасына ұялы телефонын көрсетіп: «Мама! Мынаны қараңыз… Мына адам анада дүкенге келген кісі емес пе… Иә, иә… Дәл өзі ғой… Жоғалып кетіпті дейді…» деп жатқан еді. Анасы да дереу назарын ұялы телефонға аударып, түсі бұзыла: «Иә… сол… Дәл өзі» деді. Көздері телефондағы сурет­те, әңгімелесіп тұрған олар бұл кезде қастарында жақын тұрған өзге адамды аңғармай  да  қалған  болатын.

Әзиз бірден іске кірісті, өзін таныстырып, әлгі әңгімедегі адам туралы сұрай бастады. Сатушылар әлеуметтік желіде көрсетілген ол адамның дүкенге осыдан оншақты күн бұрын келіп, екі бөтелке сыра алған соң шығып кеткенін айтты. Тергеуші тағы да күдіктене бастады. «Е… Енді Алматовтың қатысы жоқ сияқты. Із дүкенге келіп тірелді. Мыналар бірдеңе жасырып тұрған жоқ па екен. Әйтпесе, күніне  бұл  дүкенге  қаншама  адам  кіреді…».

– Дүкенге күніне келуші көп, неге осы адам естеріңізде қалды, әлде денесінде жарақаттар бар ма еді, бәлкім  бұрыннан  танитын  шығарсыз?

Бұл сұрақты қойғанда тергеуші екі мақсат көздеген болатын, біріншісі – ұста Алматов­пен төбелесіп, дүкенге содан соң кірді ме, ондай жағдайда дене жарақаты болуы керек, екіншіден, ол мыналармен бұрыннан таныс па екен? Олай болған жағдайда осы тұста бір гәп  бар  боп  шығады.

– Жоқ, ешқандай да жарақат болған жоқ, оның иығында қара түсті сөмкесі болды, екі бөтелке сыраны соған салып жатқанда сүргі, қашау, кішкене балғаны көріп қалған болатынмын. Өзінен сұрағанымда ұста екенін айтты. Солай тілдесіп қалған соң есімізде қалды.

Тергеушінің Алматовқа қатысты күдігі сейіл­ді, егер Алматов ұстаны ұрып, қуып жібер­се немесе өлтіріп алса, ол бұл дүкенге келмес еді және келсе жарақаттары да көзге түсер еді. Бұл жерде Алматовтың қатысы жоқ секілді. Бірақ, дәл нақты айтуға әлі де ерте. Тергеуші тағы да із кесуге шықты…

***

Тамыз  айының  да ортасы ауды, бір ай бойғы іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. Бас­тықтар қабағы салыңқы, тіпті, «Іздеу не боп жатыр?» деп сұрауды да қойды. Жақсыбайдың туыстары да енді қаралы хабар күтіп отырған секілді. Әзиз сонда да іздестіруді жалғастыра берді, басшылардың «Бұл да құрдымға кеткен іс болды. Іздеуді тоқтат!» дегеніне де қараған жоқ. Сондай күндердің бірінде кезекші  бөлімнен  телефон соғылды. Біреулер келіп тұрған көрінеді. Бұл кабинетке жіберуін сұрады.

Келген әйел Жақсыбай сыра сатып алған дүкеннен үш жүз-төрт жүз метрдей жердегі жанар­май құю бекетінің қызметкері екен. Орындыққа отырар-отырмастан әңгімеге кірісті.

– Әлгі… Ана… телевизордан көрсетіп жат­қан еркекті мен көргенмін. Осыдан бір айдай бұрын бізге келген. Біздің жанымызда дүкен бар ғой. Содан екі бөтелке арақ алды. Анадай жерде бір жігіт күтіп тұрды…

– Екі бөтелке арақ алғанын қайдан білдіңіз? Бір  жігіт  дегеніңіз  кім?

– Шырағым! Осы сен маған сенбей отыр­ған сияқтысың ғой. Дүкен біздің заправка конторының ішінде емес пе? Менен үш метрдей жерде тұрып, арақ алды екі бөтелке, сосын оны рюкзак па, әйтеуір соған ұқсас қара сөмкесіне салып, иығына асынды да шығып кетті. Сол кезде ыстықта мына қасқа ана арақты ішсе өледі ғой деп ойладым. Біздің терезе үлкен ғой, содан қарап тұрғанмын, әлгі анадай жерде  тұрған  жастау  жігітке  барып  қосылды.

– Олардың қайда кеткенін білмедіңіз бе?

– Қайда кетуші еді. Күн ыстық, не үйлер көлеңкесіне барады, не қарсы беттің барлығы бос жатқан, қамыс өскен жер емес пе… Сол жаққа  барады  да…

Әзиз ойланып қалды. «Апыр-ау, сол қамыс­ты айнала қарай беріппіз, неге ішін аралап көру ойға келмеген. Мейлі сор болар, мейлі су болар, қарауымыз керек қой. Негізі «Масаға таланғысы келген біреу болмаса, сол қамысқа кім кірер дейсің» деген учаскелік инспек­тор сөзінің жетегінде кетіпті-ау». Ол тез ойын жиып, келушіге тағы да сұрақ қойды.

– Басқа бір  өзіңізге оғаштау көрінер  ештеңе байқаған жоқсыз ба? Ол адамның дене­сін­де жарақат  жоқ  па?

– О не дегенің… Ешқандай жарақат жоқ. Тек аздап сыра иісі шығып тұрды. Ол құр­ғырдың иісі ыстықта анадайдан ұрады ғой. Айтпақшы… Тұра тұр… Ол сөмкесіне бөтелкелерді саларда бір шумақ «құсқанат» жіп алып, соны шынылардың арасына салды, бөтел­келер бір-біріне соғып, сынбасын дегені шығар… Сосын  екі  пластик  стакан, бір  кола  алды…

Келуші кетісімен тергеуші ойын қорыта бастады. Демек, ана алғашқы дүкендегілердің де бұған қатысы болмады. Сыра  ішкесін мыналарға келсе, жарақаты болмаса… Иә, не болса да әлгі екі бөтелке араққа қатысты болып тұрған сияқты. Ана жігіт кім екен… Енді соны іздестіру керек болды, дүкеннен  де  бақылауды  алмау  керек.

Жұмыс бағытын басшылыққа ес­кертіп, Әзиз қала шетіндегі қамыс­ты аймақты қарауға кірісті. Тағы бір күн нәтижесіз кетті. Тапсырылған басқа істерді жүргізе отырып, толас сәтте ғана қарағасын жұмыс өнсін бе?! Әріптестері бөлімге жақында келген жас тергеуші Болат Аббасовты қасына алуға кеңес берді. Болатпен сөйлесе келе Әзиз оның қылмыс ашуға деген ынтасын, аңға құмарлығын, бір­шама деңгейдегі аңшы-балықшы екенін байқады. «Әкем бала күннен қасына ертіп, алтыншы сыныпта-ақ мерген атан­ғанмын»  деп  күледі  ол  сөз  арасында.

Ертеңіне түске дейін басқа істермен айналысып, Әзиз түстен кейін Болатты алып қала шетіндегі қамысты аймаққа барды. Болатқа өзінің қарап шыққан  маңын көрсетті. Сол екен Болат  күлкіге  бассын.

– Оу, не болды?

– Түу… Әзеке! Ол тұстың қамыс­тары көлеңке болып қарық болмайтын аласа ғой. Босқа әуре болғансыз­дар. Егер адамға көлеңкелі жер керек болса, анау тұсқа барады. Қалыңға қарай…

Әзиз өз олқылығын түсініп, жас әріптесіне: «Сенікі жөн Болат. Не деген­мен охотниктің аты – охотник. Ал, онда  енді  баста  жолға»  деді.

Болат алда, бұл соңында, қалың қамысты  жарып  келеді.

– Болат-ау, дұрыс келеміз бе?

– Әрине, жолдас капитан. Адамдар салған жалғыз аяқ жолмен келеміз.

Сәлден соң жағымсыз, күлімсі иіс сезіле бастады, алдыңғы жақтан қара құрым боп көк шыбын ұшты. Бұлар аздан соң бір мәйітке тап болды.

***

Бұлар шақырған оперативті топ сол маңды толық қарап, бейне-фото­аппараттарын іске қосты. Сол топ қызметкерлері әкелген медициналық маска мен резеңке қолғап киген бұлар да іске кірісті. Әзизді «Мына мәйіт кімдікі екен, біреу өлтіріп кеткен бе, әлде өзі ажалынан қайтыс болды ма екен, мүмкін Жақсыбай емес шығар, егер ол болса туысқандары тани ала ма?»  деген  ойлар  мазалауда.

Айнала қамыс өсіп кеткен, биіктігі шамамен үш-төрт метрдей, қамыс аума­ғы шамамен жиырма шаршы метр­дей, ортасында сулы соры бар, ол тұс ойыла түсіп сай болып қалған екен. Ортасына түскен уақытта көше түгілі айнала да көрінбей қалды, тек төбеңде ашық аспан ғана, айнала қоршаған ну қамыс. Сор шетінде мәйіт етбетінен жатыр екен. Жақындай келе оның бас сүйегі ғана қалғанын, ал қалғаны толық шіріп кеткені, аяғының және қолдарының саусақтарынан дым қалмағанын, ал жанында түсі оңып, ағара бастаған қара сөмке мен ақ түсті кепка жатқанын көрді. Мәйітті шалқасына аударғанда көзі, мұрны, ауыздан ештеңе қалмағанын көрген Әзиздің денесі тітіркеніп кетті. Бұл мәйіттің Жақсыбайдікі екенін іші сезді, бірақ, толық, нақты, сенімді қорытынды жасау үшін сот-сараптамалық және сот-молекулярлық генетикалық сараптама қорытындысы керектігін есіне алды. Мәйітті дереу медициналық сараптама орталығының сарапшысымен қарау жүргізуге мәйітханаға алып  кетті.

Мәйітхана сарапшы маманы мәйіт жүрек тұсынан ұрылған пышақ жара­қатынан қаза тапқанын және бас сүйе­гінің сынғанын, аяқ және қолдарының саусақтарын шибөрі және т.с.с. жеп кеткені жайлы алдын ала айтып, толық ресми қорытынды бір аптадан кейін дайын болатын мәлімдеді. Басқармада сапырылыс  басталды, енді қылмыс­керді табу керек қой. Дереу  тергеу тобы құрылып, оның жетекшісі болып Әзиз тағайындалды, топқа жедел тергеу тобындағы Болат та енді. Мәйіттің киімдері дәл Жақсыбайдың үстіне киген киіміндей және сөмкесін қарау барысында қашау, сүргі және кішкене балға табылды. Бұл мәйіттің Жақсыбайдікі екені нақтыланды. Бірақ оның ұялы телефоны табыл­мады. Әзиздің ойынан жанармай құю қызметкерінің айтқан «құсқанат» жібі де кетер емес. Ол  да  жоқ.

Криминалистерден ешқандай саусақ  ізін  таппағаны  жайлы қорытынды келді. Келесі күні Әзиз бен Болат мәйіт табылған орынға барып, қайталай тексеру жүргізді. «Капитан мырза. Бұл жермен дені дұрыс адам жүрмейтіні анық, бос жатқан жер болғандықтан маскүнемдер мен бұзақылар осы жерге жиналатын секілді. Ал, мәйіт жатқан тұсқа ешкім бармаған, бәрі айналып өтіп жатыр… Бұндай тоғандар біздің ауылымызда да көп, әкеміз екеуіміз аңшылыққа шығып, осындай қопаларға қақпан құрып, аңның ізіне түсетінбіз… Мынаны қараңыз, мына жерден екі жол түсіпті, бірі бұрыннан бар, себебі, қамыстар төселіп, сәл таптал­ған, ал мына жерде қамыс­ты сындырып біреу әдейі жол салған секілді… Және мұнымен біреу бір-ақ рет жүрген…». Әзиз жас әріптесінің аңғарымпаздығына тәнті болды. Шыны­мен-ақ көне жол тұрғанда жаңа жол салу кімге керек?! Бәлкім қылмыскер із қалдырмас үшін осылай қашты ма екен. Болаттың бастауы­мен бұлар сол жаңа жолмен жүрді. Табылған жолмен жүріп келіп, сайдан көтерілгенде капи­тан қала шетіндегі өздеріне мәлім дүкен мен жанармай құю  бекетінің  тура  қарсы  бетіндегі асфальт жолға тап болды. Иә, бұл үлкен күре жол еді, қалааралық авто­бустар осы маңға тоқтайтын, сондықтан бұл жерді таксистер тұраққа айналдырған болатын. Дүкенмен арақашықтық үш шақырымдай болар деп шамалады тергеуші. Анадайда тұрған екі-үш такси көрінеді, шамасы автобустарды күтіп тұр. Екеуі таксистерден болған қылмыс жайлы не естігендерін сұрай бастады. Әзиз бұл әрекетіне де толық сене алмай тұр, өйткені бұл жерге таксистер көп аялдамайды, тек автобустар өтетін шамада ғана келіп кетеді. Сол ой қамшы болды да Әзиз таксистермен шаруаны Болатқа тапсырып, өзі басқармаға қайтты. Кіреберісте оны жауапты кезекші тоқтатты: «Сіздің тапсырмаңыз  бойынша  ұялы  телефон табылды, бір әйел ұстап жүр екен, оны  қазір  сізге  алып  келе  жатыр…».

– Келісімен маған жіберерсің.

Он бес минуттан соң жедел уәкіл ұзынша, әдеміше, қара торы, отызға жете қоймаған әйелді кабинетке кіргізді. Жауап  алу  басталып  кетті.

– Аты-жөніңіз… Қайда тұрасыз?

– Айғаным Шәрментаева, үйім Қазан­ғап  көшесі,  жетінші  үй.

– Ұялы телефонды қайдан алдыңыз?

– Сатып  алдым  өз  ақшама.

– Кім сатты және қашан сатып алды­ңыз?

– Ұялы телефонды Зәкір деген жігіт­тен  сатып  алдым.

– Ол жігітті танисыз ба, адресін білесіз  бе?

– Жоқ таныс емеспін… Бұрын бір рет көргенмін, қайда тұратынын білмеймін. Өзімнің де телефоным бар еді, бірақ, мынау арзандау екен, екінші теле­фон  артықтық етпейді ғой… Және  маркасы  да  жақсы.

Әзиз ұялы телефонды ашып тексере бастады. Бірақ, ілік боларлық ештеңе таппады. Сосын Айғанымнан өзінің ұялы телефонын беруді сұрады. Тергеуші осы сәт әйел өңінің сәл құбыл­ғанын байқап қалды. Оның теле­фонында Зәкір есімді адаммен хат алысу бар екен. Онда Зәкірдің Айға­нымға өз сезімін білдіріп, кездесуге шақырғаны белгілі болды. Оны көрген тергеуші дереу криминалисті шақыртты. Осы кезде әйелдің түрі бұзылып, сасқалақтап қалғанын байқаған тергеуші одан сайын күдіктене бастады. Ұялы телефонды криминалист қатысуымен қарау барысында әйелдің Зәкір есімді адаммен бір жарым айдан бері сөйлесіп келе жатқаны анық­талып, жігіттің сезім шынайы­лығының куәсі ретінде ұялы телефон сыйлай­тынын  айтқаны  белгілі болды.

Енді күдік Айғанымға ауды. Оның шындықты жасырып отырғаны анық. Әзиз Айғанымды көрші кабинеттегі жігіттерге тапсырды: «Оған қатысты тіл қатушы болмаңдар. Ойлансын». Олар да бұл әдісті түсіне қойды. Тергеуші ой үстінде. Не істеу керек? Қалай сөйлескен жөн? Қатты сөйлесе, тұйық­талып қала ма, әлде ашуланар ма екен, жылы сөйлесе, мұны әлсіз біреу дер ме?!. Сасқалақтауы тегін емес, іштарта сөйлегені дұрыс болар. Ойына тағы да «құсқанат» жіп түсті. Бір іске бекінді іштей. Ол бір қызметкерді жаңа базарға жіберіп, жұдырық көлеміндей полипропилин жіп алдырды да, куә айтқанындай бірнеше жеріне қара пламастермен белгі салып, оны бірден көзге түсетіндей етіп үстел үстіне қойды  да  Айғанымды  шақыртты.

Айғаным үстел үстіндегі шумақ «құсқанат» жіпті көргенде «мыналар бәрін біледі екен» деген ойға келді, өңі құбылып, көз шарасы үлкейіп барып қалыпқа келді. Тергеуші үнсіз. Әйел қобалжи бастады. Әзиз де осы сәтті күтуде еді: «Тыңдашы, қарындасым! Бұл ұялы телефонның шын иесін біреу өлтіріп кеткен, сенің Зәкір туралы толық айтпай отырғаныңды білемін, көзің шындықты айтып тұр ғой. Ана жіпті оның үйінде көрдің ғой. Оның бұған қатысы болса, ол ашылса, сен қосақ арасында кетесің ғой… Ойлан…».

Сәлден соң Айғаным жылап жіберді: «Ағай! Менің еш кінәм жоқ. Телефонның қандай жолмен келге­нін білмедім. Оны Зәкір өзімдікі деді. Маған сыйлады… Алдым. Сезімі шынайы екенін айтты. Сендім. Екеуі­міз әлеуметтік желі арқылы таныстық, оның қайда тұратынын білмеймін. Біздің үйдің маңына кездесуге келді. Дене бітімі мығым, спортшы сияқ­ты. Кездескен бойдан ол мені жақсы көретінін айтып қоймады. Маған да Зәкір ұнады. Мені саябаққа серуендеп қайтуға шақырды, алайда, сол кез анам үй терезесінен мені үйге шақыр­ды. Оның дауысы Зәкірді үркітіп жібер­гендей болды, ол селк ете қалып, тездете менімен қош айтысып, кетіп қалды. Одан  кейін  Зәкірді  көрген  емеспін».

Тергеуші мамандарды шақырып, Зәкір есімді адамның ауызша портретін салдырды. Сурет дайын болғанда қара шашты, қыр мұрынды, көздері қысыңқы, қалың ерінді, оң құлағы ішке жымырылған суық түсті жігіт бейнесі бұған тесіле қарағандай болды. «Құлақ жымырылуы не күрес, не бокстан болар» деп түйді іштей бұл. Бұл суретті әлеуметтік желіге таратуға тапсырма берді. Айғаным бір шумақ «құсқанат» жіпке қараған күйі кімге айтқаны белгісіз: «Оны ұстаған екенсіздер ғой» деді. Тергеуші  тіл  қатпады. Әйел қозғалақтап кетті. Тамағын кенеп: «Западта  пәтерде тұрамын»  деген еді, – деді, – Үшінші үйде… Жіпті соның  қолынан көргенмін… Қол добын­дай… «Соны қысып жаттығамын  деген…».

Тергеуші жұрт «Запад» атап кеткен «Ақмешіт» және «Мерей» екі мөлтек ауданының үшінші үйлері маңын бақылауға  алуға тапсырма берді. Айға­ным Қарағанды қаласына оншақты күнге қыдырып қайтпақ екен, бұл онысын құптады, тек белгісіз телефонды  көтермеуді  қатаң  тапсырды.

Бір апта уақыт өтті. Сараптама қоры­тындысы дайын болыпты. Мәйіт­тің жүрек тұсына пышақ кірген, бас сүйегі сынған, үстіндегі киімдері физикалық қатынас арқылы жыртылғаны көрсетілген. Бірақ, ең соңында өлім алдында инсульт алғаны көрсетілген. Тергеуші ойланып қалды. Инсульт?! Инсульті несі тағы. Әзиз телефонмен тергеу бөлімі бастығына хабарласты.

– Алло! Саулығыңызды тілеймін, полковник мырза. Жақсыбайдың сарап­тама қорытындысы дайын болып­ты, бір түсінбей тұрғаным өлер алдында  инсульт  болыпты.

– Не дейді! Инсульт. Қайдағы инсул­ьт?!  Дереу  маған  кел…

– Құп  болады!

Тергеу бастығы Жасұлан Өзенов көпті көрген, тәжірибелі, тергеу сала­сында жиырма жылдан аса қызмет еткен жан еді. Сараптама қорытындысын оқи келе: «Е… е – е… Сонда марқұм Жақсыбай инсульт алған сәтте қылмыскер ақшасы мен ұялы телефонын тартып алмақшы болған, бірақ ол қасарысып жатқан сәтте басынан ұрып, болмағасын жүрегіне пышақ сұғып өлтірген болса керек. Е… адамда аяушылық қалмаған заман-ай… Капи­тан, бұл іс басында адам жоғалу бабы­мен тіркелген, одан адамды қасақана өлтіру бабына дәрежеленді, іс облыс басшылары бақылауында. Еш нәрсе назардан тыс қалмасын, қылмыскерді табуға күш салыңдар, ол жауызды ұстау керек дереу. Түсіндің бе мені…» деп  сөзін  қорытты.

– Дәл солай, полковник мырза! Бар күшті  саламыз.

Қылмыскердің өз ізін жасырып, қашып жүргеніне қарағанда көше бұзақы­сы еместігі, оның айлалы және қатыгез екені байқалады. Кабинетте Әзиз бен Болат тығырыққа тіреле ойлануда. Іздеуден әлі нәтиже жоқ. Жақсыбайдың туыстары қылмыскерді табуды сұрауда. Іс облыс көлемінде шу көтерді. Қылмыскердің осы уақытқа дейін табылмай жатқаны полиция беделіне нұқсан келтіретіні анық. Осы кезде телефон соғылды. Қала сыртында тұратын таксистердің бірі екен. Өзінің есімі Болат екенін айтқан адам қарлығыңқы дауыспен такси тоқтар жерде электр бағанына жапсырылған суреттегі адамды көргенін, оны бір адреске апарғанын баяндады. Оның сол жерде күте тұруын өтінген тергеу­шілер асығыс көлікке отырып, қала шетіне бағыт алды. Бұлар жеткенде әлгі  таксист  күтіп  тұр  екен.

– Жігіттер тездетіңдер, қаншама уақытым кетті, сендерге бекер хабарластым ба деп қалдым… Кешіктіңдер ғой…

– Көшедегі жол жөндеу кедергі боп… Айыпқа бұйырмаңыз. Көп уақыт алмаймыз. Бізге ол адамды қай жерден көрдіңіз, қай жерге алып бардыңыз, сол ғана керек.

– Ол адамды мен осы жерден көлігіме отырғыздым, осы қамыс арасы­нан шықты. Мен неге оның жолмен шықпағанына қарап күмәнданған болатын­мын. Оны мен спальный район­дағы вулканизацияға алып бардым. Ақшамды  төледі.

Әзиз  бен  Болат  дереу  көлікке  отырып  жұрт «Спальный район» атан­дырып  жіберген ылғи көпқабатты үйлер орналасқан, қала шуынан алыс, тыныш аймаққа келіп таксист айтқан дөңгелек үрлеу-желімдеу мекемесіне келді. Екеуін де бір ой мазалайды: «Вулканизацияда істей ме екен… Құдай-ау, қылмыскер қалада, көз алды­мызда жүріп  қылмыс  жасап  жүргені  ме…»

Олар келген кезде аталған мекеме жабық тұр екен. Тұрғындардан сұрас­тыру барысында оның жабық тұрғанына біраз уақыт болғаны белгілі болды. Көпқабатты үй тұрғындарының дені жұмыста, азанда кетіп, кешке бір-ақ келеді. Адам жасырынуға ыңғайлы жер де, жертөле де көп. Осы кезде патрульдік қызметтегілер хабарласып, іздеудегі адамға түрі ұқсайтын жігіттің бір қызбен бұларға жақын тұста қыдырып жүргенін айтты. Тергеушілер тез шешім қабылдады, не болғанда да қылмыскерге сездірмей бақылап, ұстау керек. Патруль шақырса, оның жасырынып қалуы мүмкін, полиция көлігі бірден көзге түседі ғой… Оның үстіне  айсыз  түн  де  қараңғы…

Жас тергеуші Болат аға әріптесіне: «Қылмыскерді  ұстап, кім екенімді көрсеткім келеді. Әке-шешем мені мақтан етсе екен деп ойлаймын» деген арманын айтып келе  жатқанда анадайдан екі адамның сұлбасы көрінді. Екеуі қол ұстасып келеді, қаншама қараңғы болса да, үй терезелерінен түскен әлсіз жарықтың өзі оның талдырмаш, жас қыз екенін анық көрсетеді. Жігіт кекселеу. Бұлар келесі бір үйдің кіреберісі алдындағы жарық тұсында әлгілермен қатарласты. Жігіт сезімі жайлы, ұнатқаны туралы айтып келеді. Таныс сөздер сияқты. Әзиз бен Болат оларға тақай келіп, үңіле қараған­да жігіттің  Зәкір екенін та­ныды.

Ол сезіктенді, қызды тастай сала қаша жөнелді. Әзиз оның алдын орай жүгірсе, Болат тура соңынан қуды. Тергеушілердің «Тоқта! Полицияданбыз!» дегеніне мойын да бұрар емес. Осы кезде оны қуып жеткен Болат желке тұстан соққы жасады. Зәкір жерге құлады, қыз шыңғырып жіберді. Болат Зәкірдің қолын артына қайыр­мақ болып жатқан кезде ол қалтасынан пышағын алып, Болаттың бүйі­ріне сұғып-сұғып алған болатын. Осы сәтте Әзиз де жетті. Мұның барлығының қас пен көздің арасында болғаны сондай, былайғы жұрт не болғанын түсінбей де қалды. Әзиз қылмыскерді тұтқындады. Бірақ, көңілі алаң, Болат­тың пышақ жарақаты қандай екен деп уайым  шегуде.  Дабыл қаға жедел жәрдем оны алып бара жат­қанда құлағында «Қылмыскерді ұстап, кім екенімді көрсеткім келеді. Әке-шешем мені мақтан етсе екен деп ойлаймын» деген Болаттың үні тұр еді.

***

Бір апта бойғы тергеуде Зәкір тек Болатқа пышақ сұққанын ғана мойын­даумен болды. «Қорқып кеттім. Бандиттер екен деп ойладым. Не істегенім­ді өзім де білмей қалдым. Менікі  қорғаныс қой. Тым жақсы қыз­бен қыдырып жүргеніңде біреу бетіңе үңіле қарап, «Тоқта!» десе, қорқып кетесің ғой. Кім болса да сөйтеді» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Көңілге медеті – Болаттың сауы­ғып келе жатқаны. Бүгін Әзиз өткенде Айғаным­ға қолданған әдісін байқап көрмек  болды.

Зәкірді кабинетке кіргізген кезде оның өңінде масаттану басым болса, сәлден соң оның көзі үстел шетіндегі шумақталған «құсқанат» жіпке түсті. Қылмыскердің еңсесі түсіп кетті. Әзиз оны байқамаған болып, қағаз жазу үстінде. Он минут өте Зәкір сыр бере бастады.

– Әй жігіт! Сұрағың болмаса, мені қайтар. Мен шындықты айттым. Уақытымның есептеулі екенін білесің ғой. Асып  кетсе,  өзіңе  қиын  ғой.

Әзиздің санасында «Мынау біраз нәрседен хабары бар кәнігі қылмыс­кер ғой» деген ой атойлай жөнелді. Тағы да қулыққа басты. Телефонды алып, кезекшімен сөйлесті. Оның жауабына үлгіртпей, тездете өзі сөйлеуде:

– Дұрыс… «Құсқанат» жіптегі отпечатка нақтыланды ма, екі адамның саусақ ізі бар ма екен. Дұрыс. Енді салыстырулар жасаймыз. Западтағы үшінші  үйді  қарадыңдар  ма?

Осы кезде ыңырсығандай бір дыбыс шықты. Зәкір тісін қышырлатты.

– Сволыштар… Праваларың жоқ… Ордер қайда, санкция қайда… Неге менсіз тінтесіңдер. Сотқа берем…

Әзиз қылмыскерді тұзаққа түсіргенін сезді. Әуелі Айғанымның үнтаспаға жазылған сөзін тыңдатып, сонан соң дүкен сатушыларын, жанармай құю бекеті операторының сөздерін тыңдатты. Жақсыбайдың әйелінің зарлы дауысынан кейін Зәкірдің басы салбырап кетті. Келесі күні бүкіл айғақ, куәлар сөзі жазылған хаттамалар­мен таныстырған Әзиз Зәкірдің Алматы облысынан келгенін, мұнда пә­терде тұрып, оны-мұны жұмыс істеп күн көретінін анықтап үлгерген болатын.

– Ал, азамат! Қылмысқа қалай бар­ғаныңызды, Жақсыбайды қалай өлтірген­іңізді айта беріңіз? Одан кейін­гі  ісіңіз  белгілі  ғой…

– Жоқ. Мен оны өлтірген жоқпын…

– Оған сұғылған пышақ та, тергеу­шіге сұғылған пышақ та бір пышақ боп шықты. Міне, сараптама қорытындысы.

Онымен танысып шықты, бірақ ашылар емес. Әзиз енді басқа қырдан келуді ұйғарды. Ондағы тірегі: Бұл мұнда неғып жүр. Алматыдан қашып жүрген болуы керек. Ол жақта да қылмыс жасаған болар…

– Айтпасаңыз, өзіңіз білесіз. Одан сізге жеңілдік жоқ. Алматыдан запросы­ма жауап келгенде сөйлесемін сізбен. Сосын «құсқанат» жіпті ұмытпаңыз…

Міне, сол сәт… Зәкір қинала ыңырсыды.

– Әй бала! Жаз! Бірін қалдырмай жаз. Әйтпесе, айнып қалуым мүмкін.

Ол барлығын айтты. Жақсыбаймен бұрын бір жерде жалданып жұмыс істеген екен. Ол сыра алып, ішкелі тұрғанда бұл кезіге кетеді ғой. Бұл басы ауырып тұрғанын, ақшасы жоқ екенін айтады, ол айлық алып келе жатқанын айтады. Міне, арам ой осы тұста туған еді. Зәкір оны бұрын бір рет көрген, адам таппас қамыс арасына апарады…

Үйді тексеру Зәкірдің бұдан да басқа біраз қылмысы барын көрсетті. Екі сақшы қоршауында пәтеріне барған Зәкір төсек үстінде жатқан шумақ­талған «құсқанат» жіпті көрді де басын ұстап отыра қалды. Тағы да бір жиіркенішті, тағыға тән ырыл естілді. Бірақ, ол кезде қылмыскер сол жіп арқылы өзі қолын байлап, зорлаған әйелге қатысты, ғашықтығын айтып алдап, бір қыздың үйін тонаған қылмыстары ашыларын білмеген еді. Оның бар ойы Алматы облысындағы қылмыстары ашылмай тұрып, мындағылармен сотталып кету болатын. Бірақ, жаратушым, сол шумақталған үзік жіпті әділдіктің салтанат құруына кілт еткен еді.

Бекмухамбет   ӘБДРАСУЛЛАЕВ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: