Бүгінгі күнде қыздар арасында өзекті тақырыпқа айналған тұрмыс құрудың жолдары туралы сөз қозғайтын боламыз. Әлемде тұрмыс құратын қыздардың тең жартысы өз қорқынышын жеңбестен жаңа өмірге аяқ басатыны жасырын емес. Бұл – зерттелген ақпараттардың бірі. Дәл сондай қазақ қыздарының да бүгінгі күні тұрмысқа шығуы бәсеңдеп бара жатыр. Бұрындары қазақ қыздары 18 жасқа келгенде келешегін ойлап, ақ босаға аттаудың қамын қарастыратын еді. Десек те, ол заманның қыздарын бүгінгі арулармен салыстыру тым ерсі көрінетіні анық. Дегенмен бұрынғының қыздарына қарап бой түзесек, жаман болмасымыз хақ. Ал, қазіргі жас қыздар тұрмыс құрудан неліктен қорқады екен?
Тұрмыс құруда қыз балалардың уайымы ата-ене қамы мен жолдасының көңілі екені белгілі. Оған қоса, қазір балалы болу да үлкен мәселеге айналған. Дәлірек айтсақ, бүгінгі жастар тұрмысқа дайын түрде шықпайды. Яғни, жаңа босаға аттағаннан кейін бірден балалы болумен қатар ата-анамен тұруды құптамайтындар көбейген. Неге? Себебі, заман өзі солай жетелеуде және қыз тәрбиесімен айналысуда қателесіп келеміз. Қыздардың тұрмысқа шықпай тұрып өз үрейінен арылуына көп уақыттың қажеті шамалы. Бірақ әр кезең өз мезгілінде орындалады. Отбасы құруға дайындығы жоқ, қашқақтап, қорқатын көп қыздардың біршамасы «кәрі қыз» деген жаман атаққа ілінетінін білеміз. Осының әсерінен көп қыз дайындықсыз тұрмысқа шығатыны өтірік емес. Бүгінде қыз балалардың көпшілігі өзінің оқу деңгейін өсірмей, дамымай жатып тұрмысқа шығып жатады. Бұны құптарлықтай, не мақұлдамайтын дүниеге де жатқызамыз. Өйткені біздің қазақ ерте тұрмыс құрса, «жассың, оқы, өмірің әлі алда» деп ақыл айтқандай боламыз да, асықпай жүріп, мансап қуса, «кәрісің, отырып қалдың» деуіміздің мән-мағынасын түсінбейміз.
Нәзік жандылардың тұрмыс құрудағы басты мәселелерінің басын ашып, мәнісін түсіндіретін қазір онлайн курстар жеткілікті. Ертеден жатжұрттық болатын қызды өсіп-өнген, көгерген жердің қызы немесе жеңгесі ұзататын болған деседі. Мағынасында тұрмыс құрған қызға да оң қадам болып, жұғысты болсын деген ниетпен. Ал, қазір кейбір ақылдысымақтар адамнан айласын асырып, көзіңді байлап алдап, қалта қағудан жасқанбайды. Тұрмысқа жол сілтейтін жеңгетайдың рөлін алаяқтар атқаратыны біздің жанымызды қынжылтады. Шындығында, олардың тұрмыстық жағдайы қандай екені беймәлім. Аңдатпасына айқара ашық тақырып қойып қалың халықтың, оның ішінде жас қыздардың ой-санасын улап, уақыты мен қаражатын жымқыруда ұялмайды өздері. Кей тренингтік курстарда тұрмысқа шығатын бойжеткендерді кері бағытқа жол сілтеу арқылы түсіндірмелер жүргізіледі. Тіпті, кейде курс барысы жалған болып та шығатыны бар. Бұндай жағдайға түскен жандар сотқа жүгіну арқылы қаражатын өндіріп ала алады. Ал осындай бағдардағы курстарға қатысатын бойжеткендердің мұқтаж екені анық нәрсе. «Олар не үшін бұндай өзге адамдардың түсіндірмелеріне зәру, анасының тәлімі қайда?» деген сауал туындамай қоймайды. Бұл жөнінде психолог мамандарға жүгінетініміз айқын.
— Қазіргі таңда отау құрған көптеген отбасы ажырасып жатыр. Сонымен қатар, түрлі оқиғалардан хабардар болып жатырмыз. Екі жас қосылыпты, күйеуі бүйтіпті, ұрыпты немесе әйелінің бар байлығын тартып алыпты деген адам естігенде үрейленетін түрлі жағдайлар болып жатыр. Бұлардың барлығы жас қыздарға міндетті түрде әсерін береді. Сондай-ақ, жақын туысқандарында болған көріністі тамашалаған қыздардың тұрмыс құруға деген құлшынысы жоғалатыны анық. Бірақ, бәрінде бірдей деп айту қиын. Себебі әр адамның таңдауы мен психологиясы әртүрлі болып табылады. Ал, онлайн не офлайн түрде өтілетін қыздарға арналған кеңестер туралы курстар осындай психологиясы бұзылған, қорқынышы басым бойжеткендердің көзқарасының өзгеруіне өте жақсы әсерін береді деп ойлаймын. Өйткені ол курстар барысында қандай жігітті жолықтыру керек, болашақ жарын өз идеалына сай таңдау туралы, сонымен қоса ата-енемен қандай қарым-қатынас құру керек және тағы да басқа түрлі тақырыптағы тренингтер үлкен көмегін береді деп білемін, — деді психолог-мотиватор Жанар ханым.
Осы тұрғыда еліміздің қыздарына дұрыс жөн сілтеп жүрген біршама әйел қауымы бар десек те болады. Солардың бірі – «Алматы әйелдер орталығы». Бұл – барлық тұрмыстағы келіншектер мен бойдақ қыздардың және ажырасқан нәзік жандылардың түзу жолындағы қадамдарына бірден-бір себепші болып отырған ұйым. Тұрмысқа шығудағы басты ниеттен бастап, отбасындағы сезімдердің қалай сақталуына дейін мотивациялық тренинг жүргізетін арнайы жанашырлардан құралған орталық деуге болады.
— Біз тұрмыс құрғанға дейін ата-анамызға еркелеумен келгендіктен отбасында болатын көп ақпараттардан бейхабар боламыз. Мен есейе келе оның бәрін білуім керек деп ойладым. Сөйтіп, жан-жақты ізденіп, интернеттен қарап, дәптеріме жаза бастадым. Кейін «Алматы әйелдер орталығының» бар екенін біліп, қатысуды көздедім. Курс бағасы да тиімді болды. Әрине, баста қорқыныш болды, «алданып қалмаймын ба?» деп. Бірақ, көп жандар мақтағандықтан тіркелдім. Маған алғашқы сабағынан бастап ұнады. Менің білмейтінім көп екеніне көзім жетті. Сабақ 100 пайыз көңілімнен шықты, — дейді онлайн-тренинг курсының қатысушысы әрі жерлесіміз Ақмарал.
Иә, бұдан да бөлек курстардың «атасы» жетіп артылады. Дегенмен де көптің бірі болып дараланған орталықтардың аздығы байқалады. Көпшіліктің сұранысымен даму үстіндегі курстарға басты мақсатта құрылған сабақтарының барысын ұмытпай, нәтижелі оқушыларды тәрбиелеп шығуын тілейміз. Қазіргі заман қыздарының өзгерісі ата-ананың айтқанымен емес, осы курс барысымен түзеліп жатқандығын көрудеміз. Мейлі, әйтеуір тәрбиеміз қалпында қалып, болашақ келіндеріміздің ізетті болғаны дұрыс.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!