Мен 1976 жылы қыркүйек айында облыстық партия комитетінің жалпы бөліміне нұсқаушы болып жұмысқа келдім. Ол кезде ең білікті, беделді, сыйлы азаматтар осы облыстық партия штабында жұмыс атқарады екен. Олар Ромсеит Қоянбаев, Қуанышқали Шапшанов, Темірбай Қосмұратов, Жамбыл Орманов, Ералы Рахметов, Исатай Елубаев, Әли Мүсілімов, Қорғанбек Қайруллаев, Жарылқасын Сейтімов, Бибайша Байзақова, Любовь Федоровна Сапожникова, Мұхан Тұрғанбаев, Еркін Айтуманов, Бақытбек Ермақашов сынды азаматтар еді. Осы және тағы басқа азаматтармен бірге 1980 жылдардың басында аға-інідей сыйласып, ауызбіршілікпен қызмет атқардық.
Сәбит Мәдібеков ағамыз да осы мекемеде оқу-ағарту бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс атқарады екен. Ол кісінің кабинетіне мені ертіп апарып, «Мына кісі ағаң болады» деп ет жақын таныстырған Бақытбек Ермақашов еді. Бақыт екеуміз еркелесек те, кінәлі болып қалсақ та, «Көке, Көке» деп Сәкеңнің алдында кінәмізді мойындап, тұра қаламыз. «Иә, жүгірмектер…» деп рақаттанып, өзіне тән кеңдігіне салып бір күліп алатын еді.
Түстегі үзілісте бірге тамақтанамыз, себебі қызметкерлердің үйлеріне барып келіп үлгеруі қиындау, одан бөлек обкомның асханасында дәмді де арзан дәм дайындайды. 5-6 жігіт бірігіп тамақтанамыз, ол бірлестіктің атын әзілдеп «колхоз» деп атадық. Сәкең де сол «колхоздың» мүшесі болды. Түскі тамақты ішіп алғаннан кейін жарты сағат гараждың екіншісі қабатындағы бильярдқа барып уақыт өткізетінбіз. Осы жылдардан бастап Сәкеңмен біздің сыйластығымыз, аға-інілігіміз басталды. Облыстық партия комитеті нұсқаушыларының арасында үлкен достық, ауызбіршілік, сыйластық, бір-біріне деген адал тілектестік болды. Отбасыларымызбен бірге араластық, туған күндерімізді бірге атап өтетін едік.
Сәкең жаратылысынан кең, мінезге бай азамат еді. Біздің әзілімізді, еркелігімізді өзі де аңсап күтіп отыратын. Өзіне жарасымды күлкісі бар еді. Егер Сәкең біздің әзілімізге солай күлсе, біз әзілді үдете түсетін едік. Ол кезде нұсқаушылардың ортасында жауапкершілік деген өте жоғары дәрежеде еді. Обкомның нұсқаушысының беделі де жоғары. Қатардан қалмай күш-қайратын, ынта-жігерін, білімін жұмыс үшін аянбай жұмсайтын азаматтар еді. Егер обкомның нұсқаушысы қоңырау шалып тұрса, оған үлкен мән беріліп, үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Кейін келе сол азаматтар әр салада басшылық қызметтер атқарды. Ел-халық алдында абыройлы болды, соңдарынан сөз ертпей, үлкендікке жетті.
Облыстық партия комитетінің оқу-ағарту бөлімінде екі нұсқаушы жұмыс атқарды. Сәкең Жаңақорғаннан Аралға дейінгі мектеп пен кәсіби білім беру мекемелерінің кураторы болды. Облыстық партия комитеті бюросының, секретарының, одан бергі өздерінің куратор хатшысының материалдарын дайындау оңай тірлік емес. Оған сол саланы жоғарғы деңгейде білетін, мектеп директорына, аудандық, қалалық оқу-ағарту саласының басшыларына талап қоя алатын, жұмыстарын біліктілікпен талап ете алатын білімді азамат болу керек. Сәкең сол деңгейден жоғары, обкомның ішіндегі қызметкерлердің арасында беделді, өз орны бар азамат еді.
Сәкең қызметіне адал, таза, азаматтарға көмекке келуге дайын тұратын. Біреуді жамандыққа қимайтын, жамандық деген сөз бар-ау деп ойламайтын, кішіні сыйлап, үлкенге құрмет көрсетіп отыратын ақкөңіл жан еді. Роза жеңгеміздің де ақкөңілдігі, сыпайылығы, дастарқанының молдығы жұртқа үлгі еді. Сәкең екеуін, яғни екі жақсыны Алла тағала қосқан жандар ғой.
Бірде Сәкең: «Облыстық білім басқармасына орынбасар болып бар деп жатыр, не ақыл бересіңдер?», – деп Бақыт Ермақашұлы екеумізбен ақылдасты. Біз де баруға кеңес бердік. Сол жұмысқа барып, абыройлы жүрген кезінде «Сәкең авариядан қайтыс болды» деген суық хабар келді. Оны естігенде төбемізден жай түскендей болды. Бірақ амал не, бәрі Алланың ісі ғой.
Сәкеңнің осындай азамат болуына елге еңбегімен белгілі, ардақты ағамыз, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің берген тәрбиесі, сіңірген еңбегі бар деп білеміз. Сәкең жас кетті, балаларының қуаныштарын, жақсылықтарын көре алмай кетті. Роза жеңгемізге балаларының, немерелерінің қызығын, қуанышын көру жазсын. Шаңырақтары қуаныш, бақытқа толы болсын.
Шахизат ТӨРЕБАЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының, Жалағаш және
Қармақшы аудандарының құрметті азаматы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!