Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Темірбек Жүргенов қалай ақталды?

12.05.2022, 10:20 531

«Халықтар әкесі» 1953 жылғы 5 наурызда дүние салған бетте артта қалған уақыттарда жол берілген асыра сілтеушіліктер әшкере­лене бастағаны белгілі. Сол жылғы 4 сәуірде, яғни көсемнің өлімінен бір айдан кейін, «совет басшыларына қастандық жасауды ойластырды және жүзеге асырды» деген айып­пен көрнекті дәрігерлердің бір тобы­на ашылған қылмыстық істің тоқтатылғаны жайында «Известия» газе­ті бетінен хабарланды. Және тергеу кезінде «жол беруге болмайтын тәсілдер қолдану» салдарынан, яғни қилы азаптау шаралары жасалғандықтан, айыпталушылардың «қылмыстарын» мойындауға мәжбүр болғаны тұңғыш рет ресми түрде ашып  айтылды.

«Отан опасызы отбасының мүшесі» (ЧСИР, «член семьи изменника родины») ретінде сотталып, советтік концлагерьлерде «жазасын» өтеп оралған, оралғалы бері де ескі түртпектен құтыла алмай жүрген Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенова осыны оқыған бетте Үлкен террорда «халық жауы» деп таныл­ған ерінің жазықсыз атыл­ғанын  мойындатуға, яғни  оны содан он бес жыл бұрын жабылған қасіреті айтып жеткізгісіз жаладан ақтап  алуға  белін  бекем   байлады…

Қаралы да қорқынышты хабарды оған бір топ жанашыр қыз-келіншек естірткен. Оңашалап ортаға алып, баспаханадан енді ғана шыққан газеттегі ресми хабарды көрсеткен. Көңіл айтқан, өзін-өзі ұстауына, жұрт жағдайды білгенде тууы ықтимал ахуалға дайын болуына, мойымай, сабырмен төтеп беруіне тілектестік білдірген. Республикадағы «отанға опасыздық жасаған, Қазақстанды Совет одағынан бөліп әкетуге, сөйтіп оны шетел империализмінің отарына айналдыруға тырысқан», терроршылдық, зиян­кестік, диверсиялық істер, шет мемлекеттер пайдасына шпиондық жасаған «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл, бухариншіл» он тоғыз пар­тия-совет қызметкерінің тізімі ішінде ері Темірбек Жүргенов тұр еді. Міне, жанашыр қыз-келіншектер 1938 жылғы 22 наурызда газетке басылған суық ақпаратты көрсетіп тұр – бәрі де атылыпты. Бәрінің де «қазақ халқын бақытты, қызық дәуренінен айыруға тырысқан… шпион бандиттер»,  …«қазақ  халқының ежелгі жау­лары»  екені  айтылыпты…

НКВД архивіндегі «ССР Одағы Жоғарғы соты Әскери алқасының Көшпелі сессиясы ату жазасына кес­кен отан опасызы Жүргенов Темірбектің отбасына анықтама» деген құжатта  «сотталған  семья  басы Жүргенов Темірбектің» қандай қылмыс­тары үшін жазаланғаны жөніндегі сауалға «антисоветтік террорлық-көтерілісшілік, шпиондық-диверсия­лық ұйымның басшыларының бірі, оның қызметіне жетекшілік ету ретімен қатыс­ты, террорлық,  көтеріліс жасауды көздеген диверсиялық-зиянкестік жұмыс жүргізді» деп көрсетілген. Отбасы құрамы жайында былай  жазылыпты: «Әйе­лі – Жүргенова-Ермекова  Дәмеш. Ұлы – 12 жаста. Әже Бибіш – 60 жаста». «Сотталғанның әйелін әшкерелейтін материалдар» деген жерге: «Жүргенова-Ермекова Дәмеш Жүргеновпен бірге тұрған кезінде оның антисоветтік қызметі туралы білді және онысын жасырды» деген сөздер жазылыпты. Анықтамаға НКВД Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы 4-шi бөлімі бастығының орын­басары, мемқауіпсіздіктің кіші лейте­нанты Кустов пен 4-ші бөлімнің 5-ші бөлімшесінің бас­тығы, мемқауіпсіздіктің аға лейтенанты  Брузгулис  қол  қойған.

Күйеуінің совет өкіметіне «дұш­пандық пиғылы мен іс-әрекетін жасы­рып келген» әйелі Дәмеш Әмір­ханқызы Ермекова-Жүргенова «халық жауының» зайыбы ретінде партиядан қуылып, медицина инс­титутында істеп жүрген жұмысынан шығарылды. Алматы түрмесіне түсті. Сегіз жылға сотталды. Күзге қарай Қарағанды лагерьлер  жүйесіндегі 26-шы нүктеде орналасқан Еңбек­пен түзеу лагеріне (ЕТЛ, ИТР) жөнелтілді. Оны Қарлагтың Ақмола арнайы бөлімшесі дейтін. Бұл ИТР еліміздегі репрессияланған белгілі қайраткерлердің әйелдерін – «Отан опасыздары отбасыларының мүшелерін» жыл басынан бері қабылдап жатқан. Ұзамай оны «Отан опасыз­дары әйелдерінің Ақмола лагері» («Акмолинский лагерь жён изменников Родины») деп атай бастады. Жазаланған әйелдерді «еңбекпен түзейтін» лагерьдің бұл атауының «АЛЖИР» деген аббревиатурасы кең танымал  болып  кетті…

Орталықтан бастап жер-жерде репрессияға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері АЛЖИР-де күндіз-түні небір ауыр жұмыстарға салынды. Сөйтіп АЛЖИР казармалық социализм құру жолындағы көпсалалы шаруа­шылыққа айналдырылды. Және тұтқындардың еріксіз жұмыс істеуін ұтымды ұйымдастыра білу арқылы Қарлаг бөлімшелері ішінде ең жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетіп тұрды. Дәмеш, міне, осында Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың, Сейітқали Меңдешевтің, Нығмет Нұрмақовтың, Санжар Асфендиаровтың, Жанайдар Сәдуақасовтың, Жұмат Шаниннің, Ильяс Қабыловтың, Қайсар Тәштитовтың, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Мұхамеджан Тәтімовтің жарлары Әзиза, Гүләндам, Рәзия, Зүфнун, Рәбия, Елизавета, Жанбике, Айша, Сағадат, Гүлбаһрам, Гүлжамал, Шәкітай, басқа да аяулы азамат­тардың әйелдерімен  бірге 1941 жылғы жаздың ортасына дейін болды. Сосын Коми республикасының Печора қаласындағы еңбекпен түзеу лагеріне – Печорлагқа айдалды, оған да тұрақтатпай, терістіктегі өзге де лагерьлердің бірінен соң біріне  ауыстырылды…

1946 жылы Дәмеш Әмірханқызы лагерьден азаттық алып, Алматыға келді. 1938 жылы тұтқындалғанға дейін қызмет атқарған медицина институт­ына дәрігер болып орналасты. Алайда бір жыл өткенде ішкі істер министрлігі оның қаладан кетуін талап етті де, жұмысымен қош айтысуына тура келді. Бірнеше жылға созылған кезбе тіршіліктен кейін Қарағанды қаласына орнықты. Өкпе аурулары емханасында дәрігерлік қызметке қабылданды. Осында жүргенінде күллі қасіретінің бас себепкері дүниеден өтті және арнау­лы қызметтің тергеуде қолданатын құпия тәсілі тұңғыш рет ашық әшкереле­нді…

…Темірбегім менің ешқашан Отанға опасыздық жасаған емес деп ойлады Дәмеш Әмірханқызы. Ешқашан. Ол жан-тәнімен халық игілігі үшін еңбек етті. Он сегіз жастағы Дәмеш оқу қуып Ташкентке барған, сөйтіп алғашқы курста оқып жүрген шақта Темірбек оң-солын таныған, жоғары мектепті тауысуға тақап қалған, тіпті астанасы Орынборда орын тепкен Қазақ Респуб­ликасының Ташкентті орталығы еткен Түркістан Республикасындағы өкілі болатын. Енді бойжетіп келе жатқан Дәмеш оған ә дегенде үлгі тұтатын аға ретінде қараған еді ғой. Қазіргідей есінде, Темірбектің Шығыс қыздарының заманаға лайық тәрбие алуы қажеттігін, сол орайда қыз-келіншектер арасындағы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысуы қажеттігі жайындағы ақыл-кеңесін құмарта тыңдап, бұлжытпай орындауға тырысатын. Қандай тамаша кездер еді! Олардың жаңа заман хақындағы ой-пікірлері, өмірдің жасампаз құрылысына бірге атсалыспақ армандары жарасып кеткен де, араларында елеусіз түрде мәңгілік махаббат оты тұтанған еді ғой!..

Қыз бен жігіт боп өткізген уақыттарды есептемегенде, Дәмеш Темірбекпен он бір жыл ғана бірге өмір сүрді. Сол аз уақытта өмір бақи ұмытылмайтын ғажап шақтарды бастан кешті. Оның жары әрқашан Коммунистік партияға адал болды. Ташкенттегі шағын айтпай-ақ қойсын, партия оны алапат ашаршылықтан күйзелген халқының еңсесін көтерісу үшін Алматыға жібергендегі атқарған  шаруаларын  айтсайшы!

Дәмештің Темірбегін жұрт Темір-Нарком дейтін. Ол партия­ның халық игілігіне бағытталған шешімдерін жүзеге асыруда әрдайым табандылық көрсетті. Республикада жүргізіле бастаған мәдени революцияның көрігін үстемелете қыздырып тұрды емес пе! Қанша мектеп пен көркемөнерпаздар ұйымдарын ашты. Халық таланттарын жинап, арнайы слёт өткізді. Күні кеше аштықтан қырылған, тірі қалғандарының шамасы жеткендері жан-жаққа босып кеткен, өз елінде селдіреп тоз-тоз болған халық қалай дүр сілкінді,  қайтіп  түледі  десеңізші!..

Ол жер-жерде, астанада өнер ошақтарын ашты, қазақ еліне мүлдем таңсық опера театрын ұйым­дастырды. Мәдениет саласына жұмылдырылған күллі шығармашыл жұмыстың квинтэссенциясындай болған Мәскеудегі әдебиет пен өнер онкүндігін айтсаңыздаршы! Сол шақта Үлкен театрдағы көрермендер қатарында болған Дәмештің өзі куә, қазақ артистері Сталин жолдас бастаған үкімет басшылары мен мәскеулік талғампаз жұртшылық алдын­да ғаламат зор өрлеу үстінде ғажайып өнер көрсетті. Шығыстың, дамуы кенжелеп қалған делінетін қазақтың керемет мәдениетін танытты. Осындай жетістіктерді өз деңгейінде көрсете алу жолына Темір-Нарком бастаған мәдениет қызметкерлері неткен жанқиярлық еңбек сіңірді дейсіз! Партия мен үкімет декадашыларды, олардың жетекшісі Темірбекті де орденмен марапаттап, сол кезде-ақ бұған әділ бағасын берген!

Дәмеш Әмірханқызы бір сәт қабағын түйді. Оның Темірбегіне, халықтың Темір-Наркомына, сөз жоқ, жала жапты! Және күні кеше биік өкімет өткенгі кемшілікті әшкерелеу ретімен ашып айтып қалған қилы қинау, азаптау тәсілдерін, күмәнсіз, Темірбекке де қолданды. НКВД түрмесінде соңғы мәрте көргеніндегі бет-пішіні әлі көз алдында – әрине, күш көрсетті, сөйтіп оған жап­қан жаласын «мойындатты». Бұған оның жан жарының, жазалаушылар «сатқын» деп тапқан адамның зайы­бы болғаны үшін «қылмысты» саналып, пәлен жылын концентрация­лық лагерьлерде өткізген Дәмештің сенімі  кәміл…

Архивтік құжаттар Дәмеш Әмірханқызының күдігінің негізсіз емес екенін аңғартады. 1937 жылғы 2 тамызда ҚССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің УГБ (мемқауіпсіздік басқармасының) 4-ші бөлімінің 6-шы бөлімшесінің бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты Катков «Алматы қаласы Фурманов көшесі №120 үйде тұратын, 39 жасар, қазақ, азамат Жүргенов Темірбектің тергеу материалдарын қарап», оны троцкистермен және оңшылдармен байланысқан антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі, белсенді түрде антисоветтік және ұлтшылдық жұмыс жүргізіп жүр деп тауып, «азамат Жүргенов Темірбекке (Байтемір де сол) алдын кесу шарасы ретінде Алматы қаласындағы ҚазССР ІІХК-нің (НКВД, Ішкі істер халық комиссариаты­ның) тергеу түрмесіне  абақтыға  жабу    таңдап  алынсын» деген  қаулы  шығарды.  Қаулы  соңына «Жүргеновті тұтқындауға ССРО Прокуроры Вышинский санкция берді, бұл жөнінде 1937 жылғы 27 шілдеде ССРО НКВД-сы жеделхатпен жіберген хабарлама бар» деген  жолдар  жазылған.

Сол күні тұтқынның анкетасы толтырылып, одан алғашқы жауап алынды. Көз салайық: «Айыпталушы Жүргенов Темірбектің 1937 жылғы 2  тамыздағы  көрсетуі.

Сұрақ: Сіз контрреволюциялық ұлтшылдық ұйым мүшесі ретінде тұтқындалдыңыз. Контрреволю­ция­лық  ұлтшылдық  ұйымның құ­рамында тұратындығыңыз үшін өзіңіздің айыпты екеніңізді мойындайсыз  ба?

Жауап: Жоқ, өзімді айыптымын деп мойындамаймын, өйткені мен ешқандай контрреволюциялық ұйым­ға кірген емеспін және маған бұл  секілді  ештеңе  де  мәлім  емес».

Қылмыстық іске бұдан ке­йін 13 тамызда тергеушімен тағы бір кездесу болғаны тіркелген: қайтадан анкета толтырылған, тұтқынға қылмыстық кодекстің қандай баптары бойынша айып тағылатыны хабарланған. Шамасы, осы уақыттарда тергеушілер Бас прокурор Андрей Януарьевич Вышинский тұжырымдады делінетін, қылмысты дәлелдеудің төресі – айыптының өз айыбын мойнына алуы екенін шегелеген қағиданы басшылыққа алып, тұтқын Жүргеновтің «жасаған қылмысын» мойындатуға қол жеткізумен шұғылданса керек. Хаттамасы жоқ сондай мақсатты тергеулер нәтижесінде, алғашқы тергеуде өзін айыпты деп санамаған тұтқын араға бір ай салып, шынын айтуға, ағынан жарылуға дайын екенін жазған өтініш  береді…

№04312 істің  1-ші  томында      1937 жылғы 8 қыркүйекте жүргізілген тергеудің хаттамасы бар. Хат­тамаға қараған­да, НКВД тергеушісі Темірбек   Қараұлы  Жүргеновке: «Сіз өтініш бердіңіз, онда Сіз өзіңіздің контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымның қатысушысы екеніңізді мойындадыңыз, – деген сөздермен өтінішінің  мазмұнын  еске  салып барып:   – Сіз  осыны  растайсыз  ба?» – деп сұрайды. Сонда тұтқын: «Иә,  растаймын, – деп жа­уап қатады. – Мен – Жүргенов Темірбек, шынында да антисоветтік ұлтшылдық ұйымға қатысушымын. Бұл ұйымға мені 1931 жылы Қожанов Сұлтанбек тартты, міне, сол уақыттан бері, анти­советтік ұлт­шылдық ұйымның қатысушысы ретінде, мен оның құрамында контрреволюция­лық жұмыс жүргіздім». Осылай басталған тергеу «қылмысты шын жүректен мойынға алу» ретімен жалғаса  береді…

Дәмеш Ермекова Үлкен террор кезінде «ортағасырлық жауап алу тәсілі» дәуірлеп тұрғанын үрейлене шамалаушы еді, тап сондай ащы шындық  «дәрігерлер ісіне» орай 1953 жылы ресми тұрғыда жария болғанда, енді оған шүбәсіз сенді. Ол жазықсыз жапа шеккен күйеуі Темірбек Жүргеновтің ісін қайта қарауды сұрап, алғашқы өтінішін сол 1953 жылы жазды. Жоғары органдар, әрине, әйелі сұрады екен деп Жүргенов ісін қайта қарауға асыға қойған жоқ.

Сөйтіп жүргенде елді Берия ісі дүрліктірді. Ол, Лаврентий Павлович Берия, бас мемлекеттік қауіпсіздік комиссары, Сталиннің ең жақын тұтатын адамдарының бірі болған Берия, 1953 жылғы жазда тұтқындалған. Отанға опасыздық жасады, билікті басып алуға әрекеттенді деп айыпталған. Жыл аяғында атып тастал­ды. Ал ол Үлкен террор кезінде «халық жауын» тапқыштардың да басында тұрған еді ғой. Ендеше жауыздың әшкереленуі оның құрбандықтарын ақтауға жол ашуға тиіс… 

Осындай ой қорытқан Дәмеш Әмірханқызы 1955 жылдың жазында Мәскеуге барды, құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып, басшының қабылдауына кіруге тырысты. Кірді. Тілегін ауызша айтып, жазбаша өтінішін қалдырды…

1931 жылдан Совет Одағы Коммунистік партиясының бұрынғы мүшесі,  Қарағанды қаласындағы Ленин проспекті, 47-ші үйдің 14-ші пәте­рінде тұратын Дәмеш Әмірханқызы Ермекованың архивте сақталған сол өтінішіне «Бас әскери прокуратурадағы қабылдаудан, 26. ІХ. 1955 ж.» деген мәліметі бар штамп қойылған екен. Мәтіні  мынау:

«Мәскеу қаласының Бас әскери прокурорына. Киров көшесі, № 41 үй.

Өтініш

Сізден менің күйеуім Жүргенов Темірбек Қараұлының ісін қайта қарау­ды өтінемін. Ол 1898 жылы туған, қазақ, 1921 жылдан СОКП-ның бұрынғы мүшесі, 1937 жылы тұт­қындалғанға дейін Қазақ ССР Ағарту халкомы және сол Респуб­ли­каның Өнер мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы болып істеді, Алматы қаласындағы Қазақ Опера театрының  ұйымдастырушысы  болды.

Бірге өмір сүрген 11 жыл бойын­да мен Жүргеновті Коммунистік партия жіберген жердің бәрінде де талантты ұйымдастырушы және басшы болған, революция ісіне шексіз берілген табанды большевик ретінде білдім.

Ташкент қаласындағы Ортаазия­лық Мемуниверситетті бітіріп, ол 1928 жылдан 1930 жылға дейін Ташкент Мемуниверситетінің проректоры, Тәжік ССР-нің Қаржы халкомы, 1930-1933 жылдары Өзбек ССР Ағарту халкомы болды.

1933 жылғы шілде айында Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің (СОКП ОК) шешімі бойынша Алматыға Қазақ ССР Ағарту халық комиссары қызметіне  ауыстырылды.

Қазақ Опера театрын құрғаны үшін, қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігін табысты өткізгені үшін 1936 жылдың мамыр айында менің күйеуімді КСРО Жоғарғы Советінің Президиумы Еңбек Қызыл Ту орденімен  марапаттады.

Мен Коммунистік партияның Орталық Комитетін және Сізді мынаған сендіремін: менің күйеуімді және ол үшін мені де тұтқындау – еңбекшіл советтік отбасын іс жүзінде құрту – Берия мен оның сыбайластарының дұшпандық қолы жасаған іс болып  табылады.

Мынаны ескеруді сұраймын: менің өзім қазақ қызымын, совет мектебінің тәрбиеленушісімін және тек қана Совет өкіметі мен Коммунистік партияның арқасында жоғары білім алдым. 1929 жылы Ташкент Мемуниверситетінің медицина факультетін бітірдім, 1931 жылдан СОКП мүшесімін. Күйеуім тұтқынға алынғанға дейін Алматы қаласындағы Молотов атындағы мединституттың терапевтік клиникасында асси­сент  болдым.

Мен халық жауларының қалауымен ешқандай кінәсіз, тергеу­сіз, сотсыз, тек өзімнің жазықсыз күйеуім­нің әйелі ретінде 1938 жылы тұтқындалдым, сөйтіп 8 жылға КСРО ІІХК-ның (Ішкі істер халық комиссариатының) Солтүстік Орал еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамалдым. Лагерьлерде 7 жыл адал жұмыс істеп, сотталған мерзімімнің аяқталуынан бір жыл ерте лагерьден босан­дым.

1946 жылдың соңында Қазақстанға оралдым да, Алматыда 1948 жылға дейін мединститутта дәрігер  болып  істедім.

1948 жылы Қазақ ССР ІІМ (Ішкі істер министрлігі) маған қайтадан сүйікті жұмысымды тастап, Алматыдан кетуімді ұсынды.

Көп кезбелік-қиындықтан кейін Қарағанды қаласында 1953 жылдан бастап қалалық туберкулез емханасында дәрігер-фтизиатор болып істеудемін. Барлық білімім мен күшімді біздің халқымыздың игі­лігіне қызмет етуге жұмсап келемін. 18 жыл бойы «отан опасызы отбасының мүшесі» делінетін масқарапаз таңбаны  көтеріп  жүрмін.

Күйеуімнің ісінің қайта қаралуын жылдамдатуды, оны тым болмаса өлгеннен кейін және мені ақтауды, сонымен бірге оны және мені туған Коммунистік партия қатарына қайтаруды  өтінемін.

Менің жұмысым туралы мінездеме Қазақ ССР ІІМ-нің облыстық басқармасы арқылы 1953 жылы, одан кейін 1955 жылы менің Бас Әскери Прокуратураға берген өтініштеріме тіркелген.

Күйеуімнің және өзімнің тұтқындалуыма байланысты туындаған барлық қиындықтарды менің лагерь­лерде және босанғаннан кейін адал, ақ ниеттілікпен еңбек етуім арқылы ержүректік көрсетіп жеңгенім ескерілуін сұраймын.

Істі қайта қарау, міне, екі жыл бойы созылып келеді, бұл менің лагерь­лерде бұзылған денсаулығыма теріс әсерін тигізуде. Менің сұрауымды кері қақпауды, маған істің жылжуы жайынан хабар беруді өтінемін.

Ермекова Д.Ә. 26 сентябрь

1955 жыл».

Суреттерде:

Темірбек Жүргенов,

Дәмеш Жүргенова-Ермекова

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты,

Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік

комиссия мүшесі.

(Жалғасы  бар)

Пікірлер:

Сәби Аңсат үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: