Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рокфеллер қалай миллиардер болды?

05.12.2020, 12:00 927

HALYQLINE.KZ

Тарихи  таным

Жыл сайын АҚШ-тағы «ФОБОС» журналы әлемдегі ең бай адамдардың тізімін жариялап тұрады. Бұл тізімге бір және одан да көп миллиард доллары бар 185 адам ілініп отыр. Миллиардерлердің ең көбі АҚШ-та, мұнда – 58, ФРГ-де – 15, Италияда – 9, Жапонияда 8 миллиардер бар. Бір қызығы, оларға ортақ қасиет елден ерекшеленбейді, жүргізуші жалдамайды, көліктерін өздері жүргізеді, үй-жайы елден ерекше емес.

Кезінде АҚШ-тағы мұнай магнаты Джон Рокфеллердің 190 миллиард доллары болса да, осындай жұпыны өмір сүрді. Замандастары оны жек көріп, туған жер атауына байланысты «Кливлендтен шыққан пері» десе, бизнесмендер оны «Алтын адам» деп атады.

Ол кезде мұнайдың бір бареллі 10 доллар еді, осыдан-ақ, 190 миллиард долардың қаншалықты ақша екендігін білуге болады, екінші мысал: 3 миллиард долларды 1 доллармен тіркеп жалғаса, жер шарын бір рет орап шығуға болады екен.

Д.Рокфеллер қалай байыды десек, қазақтың «болатын бала – боғынан» деген мақалы шындыққа келеді. Джон 7 жасқа толғанда көршісі көшіп бара жатып, индюкті балапандарымен тегін тастап кетеді. «Жемге менен ешқандай да шығын шыққан жоқ. Шешем маған тамақ қалдықтарын беріп тұрды. Осы арқылы мен құстарды бағып, күзде балапандарын сатып жібердім» деп есіне алады. Осы құс бағып тапқан ақшасына конфет сатып алып, таныстарына түйірлеп сатты, ақшасы болмай қалғандарға қарызға берді. Екі жылдан кейін, оның ақшасы 50 долларға жетеді де, көршілеріне сенімхат арқылы 7 пайызбен қарызға береді.

Сол кездің өзінде ол бизнестің негізгі механизімі ақша үнемі қозғалыста болуы керек екенін түсінді. Қозғалмай сандықтың түбінде жататын ақшаны ол «өлі ақша» деп атады.

Бұндай іскерлік Джонға әкесі Уильямнан дарыса керек, ол балаларының пысық болып өсуіне көп көңіл бөлді. Өзі алыпсатарлықпен айналысып, «ракқа қарсы элексир» атты түкке тұрмайтын суға қант қосылған «дәріні» қымбат бағамен сатқанын балаларына мақтанып айтатын. Ата-анасы және бауырлары шіркеуге құлшылық етуге барғанда, священиктің «адамдар үнемшіл және еңбекқор болуы керек» деген өсиет сөздері мәңгі есінде қалды. Он алты жасында колледжден шығып кетіп, фирмаға есепші болып орналасты, оның жылдық табысы 500 доллар еді, осы жерде үш жыл істеп, 800 доллар үнемдеді. Өзінің Кливлендтегі бизнесінен түскен 1000 долларды қосып, жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастайды.

Жігерлі жас жігітті ауқатты отбасынан шыққан Лаура Спелбе ұнатып, тұрмысқа шығады, үш қызды және ұлды болады. Жалғыз ұлы мектепке барам дегенше, үш апасының көйлегін киіп жүруге мәжбүр болды, әрине қаржы жетпегендіктен емес, «апама жездем сай» дегендей, Лаураның пысықтығы Джоннан да асып түсті. Көңілденіп отырғанда Джон: «Төрт баламның бас-басына велосипед сатып алып беремін» дегенде, Лаура: «Бір велосипед алсаң, төртеуі кезектесіп теуіп, бауырмал болып өседі» деп, бір велик алдыртады. Бастапқыда бизнесін 1800 доллармен бастаған Джон ет, тұз, астықты сатып алып, үстеме бағамен сатып, алғашқы капиталын 4000 долларға жеткізгесін, жаңа бизнес майшам үшін керосин сатумен айналысады, ол кездегі орташа айлық 50 доллар еді.

Физик Эдисон электр лампасын ойлап тауып, керосин бизнесіне қауіп төнгенде Джон «маған Құдай жар болады» деді. Айтқаны келіп бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, әскери-теңіз флоты үшін мұнай өніміне үлкен сұраныс туады. Д.Рокфеллер: «Үлкен бизнес бұл табиғат заңымен бірдей, өзінің бәсекелестеріне қатыгездікпен қараудың еш айыбы жоқ» деген болатын.

Осы жылдары ол атақты алаяқ Остап Бендердің «қарапайым комбинациясын» өзінің бәсекелестеріне қолданды. Теміржол басқармасының бастығына мұнайды тасымалдауға тарифті өзінің фирмасы үшін ғана төмендетуін сұрап пара береді. Тасымалдағаны үшін екі есе арзанға түскен керосинді бәсекелестеріне қарағанда едәуір арзан бағамен сатып, басқа фирмаларды банкротқа ұшыратты. Қолдарындағы мұнай өнімдерін өтізе алмаған бәсекелестері Рокфеллерге сатуға мәжбүр болды. Әуелі Кливлен, сосын Питтсбургтегі, Филадельфия, Нью-Йорктағы мұнай нарығына ие болып, соғыс аяқталам дегенше АҚШ-тағы 250 фирманы өзіне бағындырып алады. Сөйтіп мұнай өндіретін өнеркәсіпке ие болып, Рокфеллердің «Стандарт-Ойл» тресті АҚШ-тағы мұнай өнеркәсібінің 90 пайызын өндіретін болды. Ол бүкіл елдегі мұнай өндірудің толық қожайыны болуға аз уақыт қалғанда, бұрынғы банкротқа ұшыраған қарсыластары трестке қарсы заң қабылдануы үшін жұмыс жүргізді. АҚШ Конгерсі осы заңды қабылдаған соң, Рокфеллер мұнай бизнесіне монополия орнатқаны үшін айыпталып, сотқа тартылды. Алайда айлакер Рокфеллер сот процесін 33 жылға созуға қол жеткізді. Рокфеллерді жек көретін АҚШ президенті Франклин Рузвельт тұсында жоғарғы сот «Стандарт-Ойл» трестін 34 компанияға бөліп жіберді. Бұдан Рокфеллер тек қана ұтты, сот шешімімен Рокфеллерге осы 34 компанияның акция пакетінің қомақты үлесі тиісті болды. Мұнай бағасының күрт өсуіне байланысты осы компаниялардан түскен үлесі 190 миллиард долларға жетіп, Америка ғана емес жер бетіндегі ең бай адам болып шыға келді.

Қартайғанда бизнесті жалғыз ұлына тапсырып, өзі 100 жасқа жетуді ойлап, өмірін қамсыздандыру компаниясымен шартқа отырып, өз өмірін 5 миллион долларға қамсыздандырды. Сол кезде статистика бойынша 100 мың адамның біреуі ғана 90 жасқа жететін. Рокфеллер 90 жасқа толған күні Америка тарихында бірінші рет қамсыздандыру компаниясы оған 5 миллион доллар төлеуге мәжбүр болды.

Дегенмен, кәрілік өз дегенін істеді, оның шашы мен қасы түгел түсіп, салмағы 50 килоға да жетпеді. Ол 100 жасқа жетуіне 2 жыл қалғанда, 98 жасында қайтыс болды.

Рокфеллермен кездескен сайын журналистер «осыншама ақшаға қалай қол жеткіздіңіз?» деп сұрақ қоюдан жалықпаса, Рокфеллер де «ақшаны маған Құдай берді» деп жауап берумен болды.

Белгілі қазақ тележурналисі айтқандай, «Бай қуатты болайық!».

Бақытжан Түменбай,

тарих пәні мұғалімі

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: