Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шатағы көп шошқа еті

14.06.2020, 9:00 811

HALYQLINE.KZ Шошқа етін жеуге тыйым салынғаны жайлы тек Құранда ғана емес, өзге дін өкілдеріне түскен қасиетті кітаптардың бәрінде бар көрінеді. Өз басым шошқа етінен тек діни тыйымға байланысты емес, медициналық тұрғыдан алғанда да бас тарту керек-ау деп ойлаймын. Себебі:

1. Шошқа етінде адам ағзасының жүйелі жұмысын бұзатын өсу гормондары бар. Бұндай бөтен гормонның әсерінен ағзада семіру, әртүрлі ісік, обыр секілді патологиялық процестер жүре бастайды.

2. Шошқа етінде аллергия туындататын гистамин бар. Гистамин аппендицит, фурункулез, холецистит, дерматит, экземалардың туындауына алғышарттар қалыптастырады.

3. Шошқаның қанында онкогенді агенттер — обыр маркерінің ролін атқаратын ерекше эритроциттер көп.

4. Шошқа өнімдері – тымау вирусының көзі бола алады. Бұл әсіресе колбаса жасауға шошқаның өкпесі пайдаланылған кезде орын алады.

5. Шошқа етінің құрамында жиі кездесетін паразиттердің тізімінің өзі біраз орын алады:

– Цистицеркоз TAENIA SOLIUM (шошқа солитері) бас миындағы инвазияға шошқа солитерінен ішек-қарын жолына жұқпалы личинка түсу нәтижесінде дамиды және 1-1,3% көлемде бас сүйектің ішінде үрдістер жүріп жатады. Паразиттің онносферасы түрлі мүшелерді зақымдап, соның ішінде ми қабығына зақым келтіреді.

– SCHITOSOMA JAPONICUM – қансырау, қаны азаюға әкеледі; личинкалары ми және омыртқа қабығына енген адам өліп кетуі не сал болып қалады.

– PARAGOMINES WESTERMANI – бұл құртпен зақымданған жанның өкпесінен қан кетеді.

– PACIOLEPSIS BUSKI – ас қорыту жолдары бұзылады, қалжырататын диареяға, жалпы ісінуге әкеледі.

– CLONORCHIS SINENSIS – сары ауруды туындатады.

– METASTRONGYLUS APRI – бронхит, өкпеде іріңді ісік пайда қылады.

– GIGANTHORINCHUS GIGAS – қан азаюы,асқазан бұзылуына әкеледі.

– BALATITIDUM COLI – жұқпалы іш ауруы мен ағзаның әлсіреуін тудырады.

Шошқа еті – сондай-ақ, туберкулез, салмонеллез, тырысқақ, бруцеллез, эризипелоид ауруларының қоздырғыштарының көзі.
Осы бәлекеттердің арасында шошқа етінде жиі кездесетін «трихинелла» құрты ерекше қауіпті. Бұл паразит кәуап, ысталған және тұздалған сало, сосиска және колбаса тұтыну барысында жұғады. Бір жаманы трихнелла паразитінің личинкалары өзге қоздырғыштармен салыстырғанда жоғары температурадағы өңдеуге өте төзімді болып келеді. бұл құрттар адам ағзасында түскеннен кейін онда В12 витаминінің жетіспеушілігін туындатады, ал бұл күй өз кезегінде жүйке ауытқуларына алып келеді.

Мені әуелден осыншама қауіп-қатерге тұнып тұрған шошқа етінен, шошқа өсіруден қоғам неге бас тарта алмай отырғаны қызықтырады. Өз басым шошқа етінің үлкен сұранысқа ие болуының себебі шошқа ұстаудың коммерциялық тұрғыдан алғандағы кейбір ұтымды-мыс тұстарымен (кез келген нәрсені азық қыла беруі, өсімталдығы, әртүрлі гормондармен тез семірту-салмақ қосу мүмкіндіктері үлкен, т.с.с) байланысты деп санаймын. Тағы бір маңызды фактор ретінде жарнаманы атар едім. Егер сіз шариғат жолын аса қатаң ұстанбайтын он замандасыңыздан «қай малдың етінен жасалған кәуап дәмдірек?» деп сұрап көрсеңіз жауаптың жоқ дегенде жартысы «шошқаныкі» болады-ау деп жорамалдаймын. Ересектердің бұл талғамы олардың пікірі беделді болып табылатын бала-шағаларының талғамын қалыптастыруға әсер ететіні сөзсіз. Оның үстіне, қазір екінің бірі үңілетін ғаламтор беті шошқа етінің пайдасы туралы әртүрлі ақпаратқа толып тұр. Сөзім жалаң болмауы үшін «шошқа еті» деп гуглдеткен кезде көзіме түсе кеткен осындай жарияланымдардың бірнешеуін келтіре кетейін:
«Foodinformer» атты тағам туралы порталда «Шошқа еті – аса сіңімді өнім. Шошқа етінің орасан зор пайдасы оның құрамында В тобының (әсіресе В12) витаминдері, темір, мырыш және ақуыз көптеп кездесуімен байланысты. Шошқа етінде ақуыздың көптігі сонша оны емізіп жүрген аналарға тұтынуға кеңес етіледі» деген ақпарат бар.

Ал өзім үлкен құрметпен қарайтын «Абай.кз» сайтындағы 10.09.15 ж «Мал баққан озады» атты жарияланымда: «Әр түрлі шұжықтар химиялық құрамы мен тағамдық құндылығы бойынша өзара тепе-тең емес. Бірақ олардың барлығында ақуызды заттар, В тобы витаминдер, липидтер, макро- және микроэлементтер көп. Шұжықтардың тағамдық құндылығы бастапқы шикізат пен басқа ет өнімдерінің құндылығына қарағанда жоғары. Бұл шұжық өндіру процесінде шикізаттан құндылығы төмен тканьдерді алып тастаумен түсіндіріледі. Шұжықтардың жоғары құндылығы, сонымен қатар құрамындағы ақуызды және экстрактивті заттардың, томен балқитын шошқа майының жоғары мөлшеріне негізделген» деген мәлімет келтірілген.

Осындай ақпаратты оқып отырған адамда, әсіресе ұстанымдары әлі қалыптасып үлгермеген жас ұрпақтарда шошқа еті туралы қандай талғам-түсінік қалыптасатыны айтпай-ақ та түсінікті.

Жаңағы келтіріп отырған ақпараттар қанша дегенмен жеке сайттан алынған дүниелер ғой. Ал қауіп-қатері жоғары осы өнім туралы үкімет не дейтінін білгім келіп іздегенімде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Агробизнес-2020» «2020 жылға дейін арналған шошқа шаруашылығын дамуы бойынша кәсіби-жоспары»на көзім түсті. Жоспарда шошқа етінің тағдырынан қатты алаң білдіріп, тауардың жоғары өзіндік құны, бәсекеге қабілетті еместігі және оны бірнеше млрд теңгеге субсидиялау қажет деп қорытындылайды. Қазақстанда шошқа өндірудің өзіндік құнының 70 пайызын құрайтын астық саласын дамыту керек деп шешеді. 2020 жылға шейін бағдарламаның мақсат және міндеттері ретінде шошқа етін өндіруді 70 мың тоннадан 196 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Бағдарлама барысында 60 мың тонна шошқа етін экспорттау туралы сөз болады. Соған қарағанда жоспар жүзеге аса қалған жағдайда 140 мың тоннадай шошқа еті елде қалады деген сөз. Осыншама ет өндірілгеннен кейін далада қалмай, ерінге тиіп, азқазанға түсетіні сөзсіз. Сондықтан талпақ танау етін тұтынатын замандастарымызға «мұқият болыңыз»-дан басқа айтар амалымыз қалмайды.

Шошқа еті туралы әңгіме қылған кезде оның асқа пайдаланылғаннан кездегі ықтимал қауіптерінен өзге де аспектілері бар. Бұл бір жағынан титулды ұлты мұсылман дінін ұстанғандықтан аталған тақырыпқа орай туындайтын алаң мен мазасыздықтарға байланысты. Шошқа еті ғана емес, шошқа шаруашылығының қалдықтарының өзінің қоршаған орта үшін жағымсыз әсерлері бар. Бұл кейде әртүрлі дам-дамайларға да себепші болып отырады. Мысал ретінде бір-екеуін келтіре кетейін:

КТК.кз сайтының «Шошқа фермасының жабылуын талап еткен тұрғындар тағы наразылық білдірді» деген 24.04.2014 ж хабарында (авторы – Жаңалық Ахаш) «Ақтөбе облысында шошқаның шуы жалғасуда. Бестамақ ауылының жұрты іргесіндегі ферманың жабылуын талап етіп жатыр. Жақында өзеніндегі балығы қырылған елді мекенде, төрт түлік те суатқа ауыз малмайтын болыпты. Жұрт тіпті ауру жұқтырамыз ба деп алаңдаулы. Өйткені, шошқа фермасы нәжісті өзенге ағызып қоймай, өлексесін де ауыл шетіне төгеді екен. Қалталы кәсіпкердің өзі мұны мойындамай отыр…» деп атап көрсетіледі.

BAO.kz ақпараттық порталында «Жайылымға шығарылған шошқалар жұртты мезі етуде» деген мақаласынан бірнеше абзацтар келтірейін: «Ақмола облысының Үлгі, Кеңащы, Мәдениет ауылдарының тұрғындары шошқаны емін-еркін жайылымға шығарып өсіріп отырған шаруашылық иелерінің әрекетіне наразы. Олар бұл жануарлардың сай-саланы арамдап, қасиетті жерлерде тайраңдап жүргенін айтып дабыл қағуда….», «Жылқышы Амантай Бөкенов: Көктем уақытында жылқылар құлындарын тастап кетті, шошқалар торайлаған жерде. Биелер толғатып келеді де, шошқа торайлаған жерде, содан кейін шошқаның иісін сезіп, құлындарын теуіп, тістеп, лақтырып жібереді. Талпақ танаудан көл-көсір пайда тапқысы келгендер сулы, нулы жерді таңдапты. Шошқа кешқұрым ғана жазғы қораға қамалады. Ал күндіз тау-тасты, сай-саланы аралап, арамдап жүргені». «Талпақ танау тайраңдап жүрген жерде ата-бабаларымыздың бірнеше зираты жатыр: Намазқұл төбесі.Табанымыз тигенде «бісімілләсін» ауызға алатын қасиетті мекен еді. «Әттең, әкім-қараларға қасиетті жердің қадірін ұғындыра алмай ақ қойдық» – деп налиды ауыл қарттары».

Ата-бабаларымыз сахарамызға ислам діні келгенде дейін де шошқаны түлік қатарына кіргізбеген, соған қарағанда бұл мақұлықтың мал болып жарытпайтынын білген-ау. Ешкімнің құқығына қол соғуға болмайтын зайырлы мемлекетте өмір сүретінімізді ескере және мақтан ете тұра, берекені өзімізге етене жақын төрт түлігімізден іздеуге шақырар едім.

Нұрлан СӘДІР,

Abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: