Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салғырт қарамасақ екен…

20.04.2020, 12:41 1068

HALYQLINE.KZ –| Әлемді дүрліктірген аты жаман індет Сыр өңірін де айналып өтпеді. Мұны күнделікті тіршілікте БАҚ арқылы естіп, оқып, көріп жүрміз. Алайда кез келген қиындыққа жұдырықтай жұмылып, ұлт болып қарсы тұратын ақпейіл халқымыз бұл сынақты да көп болып еңсеруге ұмтылуда.

Толқыны жағаны ұрған Ащы көлдің баурайын, жусаны жан сарайыңды ашқан Қара дөңнің етегін мекендеген Жанқожа батыр ауылындағы қабырғалы қауымның қазіргі ахуалы қазекеңнің «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген даналық сөзімен үндесіп жатқандай.

Алдымен «сақтансаң, сақтармын»қағидасымен жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында «Әйтеке би – Бекарыстан би» аудандық маңызы бар автожолынан Жанқожа батыр ауылына кіреберіс жолға тосқауыл бекеті қойылды. Бұл ауыл тұрғындарынан басқалар үшін ауылға кіретін жол жабылды деген сөз. Осылайша адамның ұлтын, жынысын, атақ-дәрежесін, тұрмыс деңгейін талғамайтын, денсаулығы тіпті өміріне аса қауіпті кеселдің жолын кесуге нақты қадам жасалды.

Ел басына сынақ перзенті араша түсуден қалыс қалсын ба?! Бұл жолы да солай болды. Алмас қылышымен талай жауының басын допша домалатқан, қаһары қара дауылдай дүниені тітіреткен Жанқожа батыр мен көзсіз ер «ақ бұлтты» Ақтан батырдың ұрпақтары ата дәстүрден айныған жоқ.

«Жасаған жақсылықты жария қылған да дұрыс. Мүмкін, өзгелерге үлгі болар» деген ізгі сөзге сүйеніп Марат Жақсылықов басшылық жасайтын ауылдық мәдениет үйінің ұжымы, Алик Тілеумбетов басқаратын №94 мектеп ұжымы, ауыл жастары ұйымдасып тұрғындарға бетперде таратса, округ әкімі Мәулен Қайруллаев, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінажадин Өтеев, ауылдағы мектептің директоры Алик Тілеумбетов, өзге де азаматтар тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік алып бергенін атап өтсек.

Бұрын-соңды қасіретін мүлде есітіп-білмеген, адам өміріне аса қауіпті кеселдің ел аумағына енгеніне де біршама уақыт болды. Осы аралықта аты жаман індетке қарсы қаншама жұмыстар жасалып, қайта-қайта сақтандыру шаралары жүргізілгенімен қанға сіңген кеңпейіл дағдымызбен әлі де болса жинала қоймағанымызды мойындауға тура келеді. «Құдайсыз қурай да сынбайды» десек те, кеселден сақтанудың қарапайым қағидасын елемеудің орны толмас өкінішке соқтыруы ықтимал екендігін көзі қарақты жандар қайта-қайта айтып жатыр.

Өміріміздің, отбасымыздың, бала-шағамыздың, ел-жұртымыздың амандығы үшін салғырттық танытпасақ екен. Үйде отырыңыз!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Жанқожа  батыр  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: