Ұлт мәселесі талқыға түскен заманда елді қалай болмасын біртұтас қылуды мақсат еткен алаштықтардың есімі еске оралғанда, Ұлт ұстазы Ахметке тоқталмай кету үлкен сын деп білемін. Қазіргі Қостанай өңірінде дүние дидарын көрген дарын иесі – күллі түркі жұртының ұстазына айналған тұлға. Ахмет Байтұрсынұлының ғылымға деген ынтасы, жаппай сауатсыздықты жоюға қосқан үлесі, ерлігі, азаматтығы, адалдығы, отансүйгіштігі талай азаматтың бойына шабыт беріп, жанына қуат сыйлай білді. Осылайша, ақырғы сәуле көзден жылт еткенше Қазақ деп, Алаш деп өтумен болған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы жылдың соңғы айымен бірге аяқталып жатыр.
Осы 150 жылдық мерейтой аясында елімізде көптеген іс-шара бастау алып, еске алу кештері мен Ахмет салған ізгі жол жолаушылары бірқатар жиынға мұрындық болды. Одан бөлек, еліміздегі көшелер мен мектептер, тіл білімі институты, Қостанай қаласындағы университет Ахмет Байтұрсынұлының атына беріліп, аңыз адамның рухына тағзым етілді. Мұнан бөлек көрнекті қалам иесінің құрметіне орай мұражай үйі мен ескерткіші ашылып, көптің алдындағы мәртебесі тағы бір айқындалды. Әлбетте, оның білімді ұрпақтың болашағына жасаған жұмыстарын мұнымен өлшеуге келмейді. Жалпыұлттық жоспарлар бойынша Алаштың арда азаматының бұл жолғы мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде ұлықталды. Дәуірдің дәмін сезіну үшін ғылымға бетбұрыс жасауды мақсат тұтқан тұлға, ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын, көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі бола білді және артында қалдырған игі ісі – біз үшін мол қазына, бітпес байлық.
Сәл шегініс жасасақ. Осы мерейтой жоспары Үкіметте талқыланып, алғашқы акциялар мен еске алу кештері өткеннен бері ұстазға деген құрметі тағы бір мәрте биік мінберге көтерілді. ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан мерейтой басты 63 пункттен тұрды. Осы кезеңдердің ішінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кескінделген пошта маркалары мен Ұлттық банк монеталарын шығару қолға алынып, іске асырылды.
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жиынның алғашқы сөзашарында осыдан жүз жыл бұрын, Ахаңның 50 жылдық мерейтойының қалай атап өтілгенін, оған кімдердің қатысқаны жайлы өте керемет етіп жеткізген еді. Ел арасында «Маса» мысалдар жинағы арқылы масадай ызыңдап жүріп, білім алуға шақырған қайраткердің болмысы біз үшін де, болашақ үшін де асқақ болып қала бермек.
Тақырыбымызды түйіндей келе, «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген ел жанашырының 150 жылдық мерейтойы расында жоғары деңгейде тойланды. Әлем бойынша осы іс-шаралардың өткізілуі де бірінші тұлғаға деген құрмет болса, екінші оның ізденісі мен ғылымға қосқан үлесіне, ал одан кейін біздің ұлтқа деген құрметті білдіреді. Ұлтаралық келісім мен достықтың, өзара ауызбіршіліктің өркендеуіне Ахмет ұстаз расында себепкер болды. Қазақты аяусыз қырған «қызыл империя» тұсында Алаш арыстарының аттарын атаудың өзі қылмыс саналды. Ендеше, туған халқының бостандығы жолында құрбан болған қайраткерлердің барлығы да елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттеле беруі керек. Оның қуғын-сүгінге ұшырап, әлі де жарыққа шығара алмай кеткен жұмысы қаншама. Сондықтан да болар, биік болмыс иесі жайында қалам тербемей, жылды аяқтауды қош көрмедік. Ғылым мен мәдениетімізге қалтқысыз еңбегі сіңген терең ойлы Ахмет Байтұрсынұлы ұрпағының жадында зерделі тұлға боп мәңгілік сақталары ақиқат. Ал біз оның себепкері әрі куәгері болып қала бермекпіз.
Алуа ОРАЗБЕК,
Қорқыт ата атындағы
ҚУ-дың студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!