Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұлғатану тұғырынан түспейді

13.08.2020, 10:40 601

Қараша халқына қара басын иген, өмірмен алысып та, жұлысып та, тартысы­п та көріп, істің баянсызын, тірліктің байлаусызын аңғарған ақын Абайдың өлмейтұғын мұрасының санатында өлең де, поэма да, қара сөз де, нақыл да бар. Сол сара сөздің сүзгісінен өтіп, отыз рулы елге тараған «45 қара сөзі» деп аталатын ұлағатының біріншісінде былай дейді. «…Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ… Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын… Ғылым бағу?  Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ… Софылық қылып, дін  бағу?  Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек… Бала бағу? Жоқ, баға алмаймын…» дейді.

Қазақ даласының саф ауасын жұтқан әр қазақ ақын туралы мағлұматқа қанық. Қазақстанда жыл сайын 10 тамыз күні ұлы тұлғаға арналған іс-шарала­р өтетін. Ағымдағы жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен дәл осы «10 тамыз – Абай күні» деп бекітілді.

– Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуға тиіс. Дүниежүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық.

Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз, – деді ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.

Ұлы ақын құрметіне Қазақстанның ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде мерекелік іс-шаралар өтті. Кейбір елдерде ойшылдың құрметіне ескерткіш-бюст қойылып, көше атауының берілуі Абай еңбегін жаһан жұртының мойындағанын аңғартады. Мәселен, Душанбеде, Үндістанда Абай көшесі бар. Қазақ топырағынан шыққан ойшыл, ғұлама, ақын, жазушы, кемеңгер тұлғаның тарихи еңбектері әлемнің 10 тіліне аударылып, жоғары оқу орындарына арнайы пән ретінде оқытылмақ. Сондай-ақ, Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде «Абай орталығы» ашылады. Абайтанумен айналысатын ғылыми орталықтардың ортақ жүйеге келуі үшін ЕҰУ жанынан Абай академиясының ғылыми-зерттеу институты құрылды. Бұл ретте Қызылорда облысында да атқарылған шаруалар легі баршылық. Абай күні аясында Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова қаладағы «Мұрагер» мектебінің алдында орналасқан Абай ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

 – Бүгін қазақ руханияты үшін айтулы күн. Мемлекет басшысының жарлығымен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтой жылы бекітіліп, республика көлемінде аталуда. Ұлы Абайды ұлықтау арқылы халқымыздың ұлттық қадір-қасиетін, рухани-адамгершілік құндылықтарын, әдебиетіміз бен мәдениетімізді әлемге тағы бір қырынан танытамыз. Абай күнін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жас ұрпақ Абай мұрасын оқу арқылы тәлім мен тәрбие, ізгілік пен адалдықты ту етеді, – деді облыс әкімі Г.Наушақызы.

Айта кетейік, аймақтағы 4 білім беру ошағы, 86 көше Абай есімімен аталады. Облыс орталығындағы Назарбаев даңғылының бойында «Абай аллеясы», қалаға қарасты Абай ауылындағы мектеп ауласында бюсті, «Мұрагер» мектебінің алдында ескерткіші бар. Жаңа оқу жылына қарай осы «Мұрагер» мектебіне Абай есімін беру үшін жұмыстар пысықталуда.

Сөзіміздің басындағы бірінші қара сөзге оралайық. «…Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын,  я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» дейді. Соңғы байламы өмірінің мәңгі жалғасы боларын сезгендей ғұмыр бойы маржан сөзден ой толғаған ұлы Абай ақынның туғанына биыл 175 жыл толды. Қазақтың ұлы ақынының шығармашылығын дәріптеу, ұрпаққа мән-маңызын жоғалтпай, құнарлы қалыпта жеткізудің өзі – парыз, адамдық борыш.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: