Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: «Ақылды» жолақ енгізілді

24.01.2024, 17:45 449

Бүгінде жүріс-тұрысымызды қауіпсіздендіретін ақылды қала, яғни «Smart City» бағытында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – жуырда ғана қолданысқа енген «ақылды» жаяу жүргіншілер жолағы. Бұған дейін Нидерланды, Қытай секілді біршама мемлекетте қолданыста болған жаяу жүргіншілер жолағы Қызылорда қаласында да салынып жатыр. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының негізінде іске қосылған жаңа жаяу жүргіншілер жолағы әзірге 20 жерге орналастырылды. Алдағы уақытта жолақтардың санын 40-қа жеткізу ойда бар. «Ақылды» жаяу жүргіншілер жолағының ерекшелігі сол, жолақты түбегейлі төбедегі жарық түсіретін жабдық арқылы жарықтандырып, жолаушының жолды көріп, қауіпсіздікте жүріп өтуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қараңғыда келе жатқан көлік жүргізушілеріне де жолдағы тұрғындарды байқап, қауіпсіздік шараларына мән беруі үшін тиімді. Жарық кешкі уақытта автоматты түрде қосылуға жабдықталған.

Іске қосылған қызмет көрсету құралы қала тұрғындарының қауіпсіздігіне ықпал етпек.

  • Өзім «Южный» ауданында тұрамын. Кешке қарай жаяу жүргінші жолағынан өту кәдімгідей қиындық туғызатын. Үйдің жанына ақылды жолақ салынып, жұмыс жеңілдеді. Әсіресе, Назарбаев даңғылы бойында көліктер жүйіткіп жүреді. Жақын жерде Абылай хан атындағы мектеп орналасқан. Одан бері емхана бар. Жаңа жүргіншілер жолағы қарттарға да, бұлдіршіндерге де тиімді болды, – дейді қала тұрғыны Ерасыл Омарұлы.

«Ақылды» жаяу жүргіншілер жолағын адамдар көп шоғырланған жерлерге, сондай-ақ мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандардың жанына орналастыру жоспарланған.

Бұл туралы Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров:

  • Қызылорда қаласы бойынша жобалар орнатып жатырмыз. Қала бойынша 40 «ақылды» жаяу жүргіншілер жолағын қоюды жоспарлаудамыз. Қазіргі таңда әлі орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жолақтың жүргізушілдер үшін пайдасы – кей жағдайда қараңғы түскен уақытта жүргізушілер жаяу жүргіншілер жолын байқамай қалып жатады. Жүргізушілер тарапынан да, жолаушылар тарапынан да оң баға білдіріп жатқандар көп, – деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Бүгінде цифрлық технологиялар қарқынды дамып, қоғамдық өмірдің түрлі саласына дендеп еніп келеді. Біз осы үрдіске баса мән беріп отырмыз. Бұл – қазіргі заманның басты талабы» деген еді. Осылайша, еліміздің цифрлық тұрғыда дамуына ден қойды. Қаладағы «ақылды» жаяу жүргіншілер жолағы да – «Ақылды қаланың» бір белгісі. Осы шамадағы игі бастамалар жалғасын таба берсін дейміз.

Фото: Рыскелді Жахман

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: