Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақша контент – қоғам айнасы

16.11.2023, 11:40 335

Бүгінгі қоғам үшін, NEET санатындағы жастар үшін, жалпы адамзат үшін ең маңызды дүниелердің бірі – контент. Контенттің көмегімен өскелең ұрпаққа танымдық ақпар беру, білмегенін үйрету, сондай-ақ көзқарасын қалыптас­тыру қиындық туғызбайды. Дегенмен, контенттің де кере­гін алып, сапасына аса мән беру қажет. Өйткені, әлеуметтік желінің қарқынымен мардымсыз контент жасаушылар хайптың жетегінде кетіп, негативті пікір үшін жанын салып, қыңыр әрекеттерін көгілдір жәшік арқылы ешқандай кедергісіз көрсетіп жүргенін көзіміз көріп жүр. Олардың пайдасыз контенті енді өсіп келе жатқан жасөспірімдердің жаппай дег­редацияға ұшырауына себепкер болуы әбден мүмкін.

Контенттің басты негізі санала­тын киноиндустриядан бастайық. Кинотеатрлардан неше түрлі фильмді көріп жүрміз. Көптің көңілінен шық­қаны бар, сәтсіздікке ұшырағаны бар, әйтеуір жылына шамамен 50 шақты кино түсіріліп жатыр. Кинотуындылардың көп бөлігі – комедиялар. Иә, бая­ғы жартас – сол жартас. Мән-мағы­насыз әзілдер, нацистік, расистік қылжақтар, бірін-бірі келеке ету. Бүгінгінің басты руха­ни құндылығы, қоғамның айнасы саналатын еліміздің кино­индустриясы жеңіл-желпі дүниелерден әрі аса алар емес. Ағымдағы жылдың атап өтетін фильмі тек «Оян, қазақ» болған шығар. Прокатқа шыға салысы­мен көптің жүрегін елжіретіп, кеңес одағының сайқал саясатының құрбанына айналған ағартушымыз Міржақып Дулат­ұлының ғұмырынан сыр шерткен кинотуынды біраз уақыт бойы үздіктер қатарынан түскен жоқ. Бұл дегеніміз – «Қазақ­станда  коме­дияның ғана сау­да­сы жүреді» деген таптаурын­ның жалған екендігінің, халқымыз түсірілген жағдайда мәнді кино­фильмдерді де бағалай білетінінің айқын белгісі. Тек «Оян, қазақ» секілді туындылардың санын арттыру қажет. Тағы айта кететін жайт – аударма мәселесі. Батыс мемлекеттерінің түсірген киноларының тек бірен-сараны ғана қазақша нұсқада қазақстандық көрер­мен қауымға жол тартады. Жарыққа шыққанның өзінде орфография­лық, орфоэпиялық қателермен, немқұрайдықпен жасалғаны көзге оттай басыла­ды. Бұл мәселе­нің оңтайлы шешімін тауып, орнықтыру үшін қазіргі мәдениет және ақпарат министр­лігіне қаншама ұсыныс айтылғанымен, нәтиже аса байқалмайды.

Киноиндустрияның ажырамас серігіне айналған анимеиндустриядан да қазіргі қазақтардың ауылы алыс емес. Көшеде ойнап жүрген кез келген баладан Коноханың жеті хокагесін сұрасаң, кідірместен жеті атасын атағандай тізіп береді. Дәлірек айтқанда, аниме мен манганың бүгінгі таңда ауқымы кең, әуселесі жоғары. TikTok платформасын ашып қалсаң, толып тұрған аниме эдиттер, үзінділер. Аниме туындыларды қазақшаға аударып, дубляж жасап жүргендер де жоқ емес. Мәселен, «Dopamine Voice» ұжымы екі жылға жуық жапондық анимациялық фильмдерді аударумен келеді. Бүгінде олардың инстаграм парақшасында  11 мыңнан астам адам бар, ал TikTok-та 201 мың жазылушыны қамтып отыр. Шығармашылық топ өз қаржысына әуесқой дубляжбен айналысады.

Инстаграм желісінде қазақша контенттің түр-түрі бар. Олардың кейбірі керегіңе жарамды, ал бірі жарамсыз. Қазақтілді блогерлер инфосымағымен, келемеж контентпен нәпақасын тауып жүр. Қытымыр заманда қалай да болсын қаражат табу керек, түсінеміз. Дегенмен, ұлтқа тіл мен ділді насихаттауды бірінші орынға қойып, пайдалы контент жасап жүрген парақшалар да бар. Мәселен, «Qazaq Grammar» әлеуметтік парақшасы қазақ тілін қолдауды мақсат еткен. Тіліміздің тарихын, қоғамда белең алған қазақ тілінің қолданыс аясының азаю мәселесін көтеріп, төл тілімізді заманауи мемдер мен трендтер арқылы өскелең ұрпаққа өнеге етіп жүр. Олардың қатарына «tilkespekjoq» парақшасын да жатқызуға болады. Аталған парақша қоғамда болып жатқан жаңалықтарды жаңаша бағытта, тек қана қазақ тілінде жариялайды.

Елімізде сондай-ақ ағартушылық контент жеткіліксіз. Кез келген әлеуметтік желінің контентмейкерлері әзіл-сықақ, эксклюзивті жаңалықтар мен кликбейттік тақырыптағы мақалалардың көмегімен жазылушы санын көбейтіп, парасат пен пайымды негіз еткен, креативті контентмейкерлердің алдын орап тұр. Оған дәлел – «Revue», «Бір болайық» секілді тележобалардың  Молдияр Ергебековтың «Сана», Дархан Әбдіктің «Парасат майданы» бағдарламаларына қарағанда қараушыларды көп жинауы. Қазіргі журналистиканың баламасы саналатын подкаст жобалардың басым көпшілігі әнші-актерларды қонақ етіп, әңгіме өрбітетіндер. Ғылыми-танымдық контентпен айналысушылардың қарасы аз. Атап айтуға тұрарлық жобалар – ғылым өкілдері мен әртүрлі салада елге аты шыққандармен қоғамдағы әлеуметтік мәселені талқыға салатын «DOPE SOZ» YouTube арнасы мен кітап оқудың пайдасы жайында ақпар және кітап оқуға мотивация беретін «Kitapal» подкасты.

Осы  тұста  шаһардағы көптеген  сауда орнының  және  өзге де  мекемелердің    SMM-маманы болып қызмет атқарып жүрген Аралбек Аралбаевтың пікірін тыңдауды жөн көрдік.

– Қазіргі қазақша контенттің әл-ауқаты жақсы немесе жаман деп айрықшалай алмаймыз. Не дегенмен, қазақы қоғам контент деген дүниенің не екенін түсініп, оны дұрыс жаққа қарай пайдалануды меңгерді деуге толықтай негіз бар. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар дегендей, қазақша контенттің осал тұстарының да бар екенін жоққа шығармаймыз. Контент қазір барлық жерде. Қарапайым жүріс-тұрысымыздың өзі контентке айналды. Әрбір кәсіпкер, әрбір кәсіпорын контентмейкердің қызметіне мұқтаж. Және де белгілі бір бренд қалыптастыруда бұл мамандардың үлесі мол. Бұл факторларға байланысты елімізде аталған салаға деген қызығушылық артып, көпшіліктің табыс көзіне айналды. Контентмейкерлердің көбеюі кәсіптің нәсібін көріп отырғандардың бәсекелестігіне, сұранысына ерекше септігін тигізді. Бір бейнероликпен біреуді мақтау да, даттау да қиын емес, – дейді жас контентмейкер.

Әлемге аты әйгілі насихаттаушы әрі фашисттік неміс елінің көшбасшысы Гитлердің оң қолы Йозеф Геббельс: «Маған әлемдік медианы берсеңдер жеткілікті, барлық ұлтты өзімнің тобырыма айналдырамын» деген екен. Сөзінің жаны бар, БАҚ мен контент саласы арқылы қоғамға бағыт-бағдар беру де, санасын улау да оп-оңай нәрсе. Сондықтан, кез келген ақпаратты қорытып, өзіне азық ететін қоғамға ең алдымен танымдық контентті алғышарт ету қажет деп есептеймін.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: