Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсар арена» стадионы Қызылорданың сәулетіне сән қосып тұр

09.10.2025, 11:40 256

Ел президенті Қасым-Жомарт То­қаев Қазақ­стан халқына арнаған Жолдауында отандық футбол клубтарына бизнес-ин­дустрия ретінде қарау керегін айтқан еді. Сол-ақ екен, жергілікті билік өкілдері инвесторлармен келісім жасап, тез арада іс-әрекет етіп жат­қаны байқалды. Спорт журналистері мен сарап­шылары ұзақ жылдан бері ел спортындағы легионерлерді азайтуды айтып, отандық клубтардың жекеменшікке өткені дұрыс екенін сан мәрте қаузап келген-ді. Бірақ, жағдай «бидің  айтқанын құл да айтады…» деген­нің  кері…

Соңғы  жылдары бұл тақырыптарды қоғам белсенділерінен бөлек, халық қалаулылары да мінберлерде өте өткір әрі жиі-жиі сынады. Ал мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт То­қаев Ұлттық құрылтайда балалар фут­болына жеткілікті деңгейде көңіл бөліп, ауыл-аймақтар­дағы аяқдоп алаңдарын, спорт нысан­дарын көбірек салуды тапсырып, үлкен сыйымдылық­тағы  стадиондарды  да пайда­лануға  беру  қажеттігін   ескертті.

«Халық» газеті қазақ спортының, оның ішінде қазақ футболының тағдырына қатыс­ты «Президент легионерлердің «өнерін» керек етпей­ді», «Жалдап алған спортшы жанын салып ойнай ма?», «Енді қазақ спортының көткеншектеуге қақысы жоқ», «Қажетсіз федерация­ларды қашанғы қаржыландыра береміз?» деген сынды тақырыптар арқылы мәселе  көтеріп,  бірнеше  сараптамалық  мақала  жариялады.

Хош. Сонымен, біз жоғарыда жіпке тізген­дей етіп баяндаған мәселелер Қызылорда жерінде жаймен-жаймен жүзеге асып жатыр. Ең әуелі, осы маусымда «Қайсар» футбол клубы­ның тек отандық ойыншыларға иек артқанын айтуымыз керек. Әлбетте, легионер керек-ақ. Бірақ, ол сапалы болуы шарт. Әңгі­ме  осымен  тамам.

Оқи отырыңыз:

Президент пәрменінің бірі – стадион салу. Шынын айту керек, инфрақұрылымсыз қандай спортты да дамыту мүмкін емес. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда 2 ғана стадионның салынғаны БАҚ беттерінде мың мәрте жазылды. Ал өткен аптада Қызылорда қаласында, Сырдың сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадион – «Қайсар Аренаның» ашылу салтанаты өтті. Салтанатты іс-шара аясында сужаңа стадионда футболдан ел Кубогының финалдық матчы ұйымдастырылды. Бұл күнді сырбойылық спортсүйер қауым көп күтті. Әрі осы күні жаппай стадионға ағылып, балаша мәз-мейрам  болысты.

СЫР ЕЛІНЕ СЫЙ

Футбол тойына ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров арнайы қатысты. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

– Бүгін – Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жома­рт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадио­нымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мереке­сі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл – сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшымызға, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйым­дастырған Қазақстан футбол федерациясы­на зор ризашылығымызды жеткіземіз. Қазақ­стан футболының даңқы арта  берсін! — деді  Нұрлыбек  Машбекұлы.

Спорт нысанының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, таеквондо, ауыр атлетика­ға арналған залдар да бар. Нысанда дүкендер мен дәмханалар да қоныстанған. Сонымен қатар, орталықта ерекше қажеттілігі бар жандар үшін де қолайлы жағдай  қарасты­рылып  отыр.

– Биыл жыл басынан бері еліміздің 14 өңі­рінде 32 спорт нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. «Қайсар Арена» стадионы – Президенттің  тапсырмасымен жүзеге асқан ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Бұл кешен ірі халықаралық жарыстар мен мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді, — деді  министр  Ербол  Мырзабосынов.

Өз кезегінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров жаңа стадионның ашылуы ел футболы үшін маңызды  екенін  еске  салды.

– Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйерлері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде ұйымдастырылып отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы  болсын! — деді  Марат  Омаров.

ТАРИХИ  МАТЧТА  «ТОБЫЛДЫҢ»  АСЫҒЫ  АЛШЫСЫНАН  ТҮСТІ

Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері және сауықтыру орталықтары орналас­қан. Екінші қабатта – әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта  ауқымды жиындарға  арналған  мәжіліс  залы  бар.

Стадион УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізу­ге  мүмкіндік  береді.

Ойын алдында Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр ресми пікір  білдірген  болатын.

– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде жаңа стадиондар салу және қолданыс­тағыларын  жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сол жобалардың бірі – Қызылордадағы  «Қайсар  Арена». 2025 жыл­ғы Қазақстан  Кубогының  финалы  осы  зама­науи аренадағы алғашқы ресми матч болмақ.  Бұл – маусымдағы  ең  басты  қызықтардың  бірі. Қостанайлық  клуб  чемпиондық үшін таласып жатса, шымкенттіктер Премьер-­лигадағы орнын күшейтуге тырысуда. Көрер­мендер жоғары деңгейлі ойын мен үлкен спорттық тартысты тамашалайды деп сене­мін. Әсіресе, қызылордалық жанкүйерлер үшін бұл кездесудің ерекше мәні бар, себебі жаңа алаңда өз жерлестері Асхат Тағыберген  өнер  көрсетпек, — деді  ол.

Осылайша, Сыр елінде тұңғыш рет ұйымдастырылған финалдық кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «Тобыл» командалары өзара мықтыны анықтады. Ойын өте тартысты әрі қызықты өтті деуге негіз бар. Бірінші таймда «Тобыл» командасы қарсылас қақпасына екі дәл соққы жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Бірінші  голды  Николай  Сигневич, ал екінші  голды  Ислам  Чесноков  соқты.

Жаңа стадион ауласында жанкүйерлерге үлкен LED экран қойылып, ойынды қолайлы жағдайда тамашалауға мүмкіндік жасал­ған. Өйткені, стадионда ине шаншар жер бол­мады. Мұны ойын билеттерінің бірнеше күнде  сатылып  кеткенінен-ақ  байқауға  болады.

Айта кетейік, бұл финал – «Ордабасы» мен «Тобыл» үшін бесінші шешуші бәсеке. Екі клуб та осыған дейін екі рет жеңіске жетіп, екі мәрте финалда ұтылған. Қазақстан Кубогы тарихында қос ұжым бес мәрте кездескен, оның үшеуінде қос­танайлықтар, екеуінде шымкенттіктер басым түскен. Бұған дейін финалда үш рет жолы­ғып, екі  рет «Тобыл», бір рет «Ордабасы»  кубок  иегері  атанған. Бұл – олардың төртінші  финалдық  кездесуі.

Осылайша, қостанайлық «Тобыл» коман­дасы қарсыласынан басым түсіп, Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанды. Жанкүйерлер командаға қошемет көрсетіп, жаңа стадиондағы алғашқы финалдық матч тарихта  қалатын  ерекше  сәт  болды.

Жеңімпаз «Тобыл» командасын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров марапаттап, кубок пен медальдарды  табыс  етті.

Қалай  десек  те,  «Қайсар  Арена» стадионының  ашылуы – тек Сыр спортындағы  емес,  қазақ  еліндегі  елеулі оқиға. Барша  қызылордалықтың  көп күткен арманы.  Сол  күнгі  стадиондағы атмосфераны  сөзбен  айтып  тауысу мүмкін  емес. Қазақстандықтар  үшін  «Қызылорда Арена»  деген  атау  алған  сән-салтанаты  келіскен  нысан «Қайсар» үшін  құт стадион  болғай!

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: