Биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Қасиетті айға 1 апта қалды. Нутрициолог Жазира Жұмақызы қиналыссыз ораза ұстау үшін Рамазанға қандай дайындықпен кіріп, сәресі мен ауызашарда қалай тамақтану керегін айтып берді, – деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Ауыз бекітуге қандай дайындық керек?
«Нутрициолог ауыз бекітуге ниетті адамдар рационындағы қарапайым көмірсулары көп тағамдарды, яғни құрамында қанты бар және ақ ұннан жасалған өнімдерді азайту керегін айтады. Сондай-ақ Жазира Жұмақызы құрамында кофеині бар өнімдерді, яғни шай мен кофе ішуді азайтуға шақырады. Қазірден бастап шай мен кофені азайтпасақ, ораза кезінде бас ауруына шалдығуымыз мүмкін. Сондықтан осы өнімдерді барынша азайтқан жөн. Оның орнына көбірек су ішуіміз керек. Күніне 1-1,5 немесе 2 литр суды міндетті түрде ішіп бітіру қажет. Судың көп бөлігін күннің бірінші жартысында ішіп алған дұрыс. Мысалы, сағат 13:00-ге дейін 1-1,2 литр су ішкен жөн. Себебі кешке қарай суды көп ішсек, таңертең ісіну болуы мүмкін. Сондай-ақ, түнде ұйықыға да кедергі келтіреді», – деді маман.
Үшінші кеңес – таңғы асты ораза кезіндегі сәресі уақытына жақындату.
«Яғни, таңғы 06:00-06:30-ға дейін таңғы асымызды ішіп болуымыз қажет. Сонымен қатар кешкі асымызды да ауызашар уақытына қарай ыңғайлаған дұрыс. Яғни, кешкі 19:00-де немесе одан аса тамақтанып, ағзамызды сол күн тәртібіне үйрете бастау керек», – дейді нутрициолог.
Жазира Жұмақызы тамақтану рационында қандай тағамдар болуы керегін айтты.
«Егер адам жасұныққа бай өнімдерді тұтынбаса, яғни салаттар мен көкөністерді жемесе, онда қазірден бастап оларды тұтынып, ағзамызды осындай тағамдарға үйрету керек. Барынша қарапайым көмірсуларды – тәтті тоқаштар, бәліштер, торттар мен кекстерді азайтып, оның орнына ақуызға бай өнімдерді қосу қажет. Яғни жұмыртқа, ірімшік, ет, тауық еті, күркетауық еті, балық еті сияқты ақуызға бай тағамдарды тұтыну керек. Сондай-ақ, бұршақ тұқымдас өнімдерді де қосқан жөн. Мысалы, үрме бұршақ, қарақұмық және т.б», – деді маман.
Нутрициологтың тағы бір кеңесі оразаға бір апта уақыт қалғанда, кем дегенде бір-екі күн ораза ұстап көру керек.
«Дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстап, ағзамызды ауыз бекітуге дайындауға болады. Сонда денеміз бұл өзгеріске бейімделе бастайды», – деді ол.
Ораза кезінде қалай тамақтанған дұрыс?
– Ораза кезіндегі рационға тоқталсақ, ауыз ашу кезінде бірінші бір-екі стақан жылы судан ішіп, артынан құрма жеу қажет. Құрма қан құрамындағы қант деңгейін көтеріп, ағзамызға қажетті қуат береді. Су ішіп, құрма жеген соң, 10-15 минут күтіп, ағзаға тамақ қабылдауға дайындалуға уақыт беру керек. Осы уақыт ішінде миға қажетті белгі жетеді, ағзамыз ас қорытуға дайындала бастайды, – дейді Жазира Жұмақызы.
Нутрициологтың айтуынша, ауыз ашқан соң бірден ауыр тағам жемей, алдымен жеңіл сорпа, салат сияқты ас қабылдаған жөн. Сондай-ақ ол кешкі ас кезінде тұзды, қақталған, майлы тағамдардан олар шөлдететіндіктен бас тарту керегін айтты.
Ауыз ашқаннан кейін ұйқыға жатқанға дейін барынша су ішіп, күндіз ішпеген судың мөлшерін толтыру қажет. Бірақ ауыз ашқан кезде шектен тыс көп тамақ жеп қоймау керек, өйткені тым көп тамақтанған адам таңертеңгі сәресі уақытында тәбетсіз болып, дұрыс тамақтанбай қалуы мүмкін. Бұл келесі күнгі энергия деңгейіне әсер етеді. Сондықтан ауыз ашу кезінде дұрыс тамақтану маңызды, – деді ол.
Ал сәресіне ақуыз өнімдерін тұтынған дұрыс.
– Сәресі уақытында барынша ақуызға бай тағамдарды жеу керек. Оған жұмыртқа, ірімшік, күркетауық, тауық еті сияқты өнімдер жатады. Сонымен қатар авокадо, тұздалмаған жаңғақтар жеу керек, себебі олар ағзаға қажетті пайдалы майларды береді. Күрделі көмірсуларды тұтыну қажет. Мысалы, тұтас дәнді нан. Мұндай көмірсулар ағзада ұзақ уақыт қорытылады, сондықтан күндізгі уақытта адамға энергия жетіп тұрады. Сондай-ақ 82,5%-дан төмен емес сары май тұтынған жөн, – деді маман.
Жазира Жұмақызы сәресінде су ішуді де ұмытпау керек, содан кейін барып ауыз бекіту қажет екенін айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!