HALYQLINE.KZ –| Қазақтың қандай болмасын, салт-дəстүрлерінің, жөн жоралғыларының, ырым-тыйымдарының айтарлықтай маңызы бар. Осы орайда ойымызға “қазақ өте ақылды болған” деп бір-бірімізге мақтана айтатын сөздің орала кеткені. Одан қалды, мағыналы мақал-мəтелдердің мəнін ұғынғанда “дана қазақ бəрін айтып кеткен ғой” деп таңырқайтынымыз бар-ды. Рас, əр сөзінің астында терең ой, үлгі-өнеге, тəлім-тəрбие, жақсылыққа насихат жатыр. Бір жақсысы, біз сөзге тоқтаған халықпыз. Бір жаманы, қазір де солай деп дөп басып айту қиындау. Би-шешендердің тапқырлығы, кез келген даулы мəселелерге орынды шешім шығаруы ақылды халық екеніміздің бірден-бір дəлелі шығар. Айтпақшы, мұны дəлелдеудің де қажеті шамалы. Белгілі тарихшы Мекемтас Мырзахметовтың айтуынша, 1937 жылы “халық жауы” болып, тәжіктен 1 адам, өзбектен 7, қырғыздан 40, ал қазақтан 25 мың адам атылған. “Оның басты себебі, олар қазақтардан сескенген. Түркі халықтарының ішінде саяси санасы алдымен көтерілген қазақ халқы болды”, – дейді тарихшы.
Əрине, осынша тұлғамыз атылып кетті, ақылдымыз деп кеуде қаға алмаспыз. Бұл жерде қазақты бір-біріне айдап салу секілді біреудің “көзсіз ерлігі” жатқаны анық. Жə, тарихшы емеспіз. Біз өз кезегімізде қазақ халқының ойлы халық екенін дəлелдейтін емес, таныта түсетін үш мысал келтіргіміз келіп отыр.
1. Төрге аунау. Мұның аясы қаншалықты тар не кең екенін білмейміз. Білеріміз бала күнімізде мұны естіп, тіпті орындап өстік. Оқырманға түсінікті болуы үшін “төрге аунау дегеніміз не?” деген сауалға жауап берейік. Ойын баласы жетіге келгенше жерден таяқ жейді. Мұны да халық даналығынан кездестіреміз. Сонымен, жерге жалп етіп омақаса құлаған баланы қалай жұбатар едіңіз. “Тісің түсіп қалады”, “Жаман бала жылайды”, т.с.с. Ал, үлкендер шалынып құлап, жанарынан жасы шығып, еңіреп отырған балаға: “Ырыс келді, төрге ауна, төрге ауна” деп көңілін аулаған. Неге төр, неге босаға емес? Төрдің қазақ үшін киелі жер екені айтпаса да түсінікті. Яғни, бұл – есі енді кіріп келе жатқан баланың уақытша көңілін аулау. Зияны жоқ, пайдасы бар нəрсе.
2. Малдың басын əке көзінше ұстамау. Негізі, “малдың басын әкесі тірі адам ұстауға болмайды” деген түсінік бәріміздің ми қыртысымызды жаулап алған. Бұл біз үшін – жазылмаған заң, бұлжымас қағида іспетті. Біріншіден, қазақ малдың басын жерге тастамаған. Демек, кішкентай балалар қолдан-қолға өткізіп, əрісі аяқасты етпесін дегеннен шыққан болуы керек. Екіншіден, бастың еті өте тəтті болады. Бұл сөзімізбен, үлкендер балалардан тəттіні қызғанды дегіміз келмейді. Баста бір емес, бірнеше тағамның күші бар екенін бұрынырақ та оқығаным бар еді. Әуелі бас үйітіледі, сосын қазанда бөлек қайнайды. Ал жұмсақ еттің селдір шашты, сирек тісті ақсақалдарға əжептəуір ас екені бесенеден белгілі ғой. “Басты балалар қолға ұстамасын” деуінің тағы бір себебі мынада секілді. Мысалы, үй үлкені “тəтті тағамды” белгілі бір жайттарға сүйене отырып немесе солай болса екен деген сеніммен үй ішіндегілерге үлестіріп береді. “Балам ақпақұлақ емес, құймақұлақ болсын” деп құлақты асатып, “қызымның сөзі анық əрі нық болсын” деп таңдайын, тілін ұсынатын болған. Ал етінен ажыраған қу сүйектің сүйкімсіз бейнесі баланың есінде қалмас үшін, көзден таса ілуін де көрегенділікке жатқызуға болатын шығар. Ал, “малдың басын әке көзінше баласы ұстамасын” дегені, “атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без” деген тағылымды сөзбен мәндес. Қай жағынан алып қарасақ та, мұңың астарында ата-анаға деген құрмет, сыпайылық жатыр.
3. Қауынның қыртысын жеу. Түсінгенім бойынша, үлкендер “Қауынды өзің үшін, қыртысын Құдай үшін же” деп жатады. Бір ғана сөздің астарында бірнеше үлгі жатқанын біле бермесек керек-ті. Былайынша, бұл қазақтың дəстүрі де, жоралғысы да емес. Тек обал болмасын, бала ысырапты білсін деген тəлім-тəрбиеге толы сөз ғана. Сірə, жазылмаған дала заңдары осы шығар!
Қорыта айтқанда, кішкене күнінен балаға тəрбиелік мəні бар сөздер айтып, маңызын түсіндірсеңіз игі еді. Өйткені, алманың да ағашынан алысқа түспейтіні белгілі…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!