Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

08.02.2024, 9:40 295

БІЗДЕГІ  БОЛҒЫШТАР

Бір-жар жыл қызмет істесе, министр бола қалады. Сұңқылдап саясатқа келсе, партия төрағасы бола қалады. Ғылымға бет бұрса, академик бола қалады. Қолына қалам алса, Жазушылар Одағының мүшесі бола қалады. Халық алдына шыға қалса, депутат бола қалады…

Болдырғыштар жарты ғасырлап билік басында отыра қалса, бола қалғыштар осылайша бола қалып жүре береді екен.

МӘСЛИХАТТА

Қордаланған мәселелердің тым көптігі сондай, бұларды шешу мүмкін емес деп табылып, қораға шығарылып тасталды… Алайда қора жетіспегендіктен де, жаңадан қоралар салу мәселелері күн тәртібіне дереу қойылды…

КАБИНЕТ  пен  МӘДЕНИЕТ

Даладай кең кабинетте мін жоқ, ішіндегі алакөздерде мәдениеттен дым жоқ.

ЕСЕК  ДӘМЕГӨЙЛІК

Дамыған отыз елдің ішіне кіреміз деп емексіткен соң, қатты сеніп, қатарласа, қабаттаса үн қосқан едік. Бірақ іңкәмға келер ештеңеге қол жеткізе алмадық. Соған қарағанда, биліктегілер өздері кіріп кетіп, біздер далада қалып қойдық-ау деймін…

ҚАРА  ҚЫЗҒА  СҮЙСІНІС

Беті күнге күйген, майтабаны ыстық құмға піскен қара қыз болса да, анау-­мынауға бүлк етіп сыр бермейтін дара  қыз  екен.

ЗАМАН  АЙРЫҒЫ

Блогерлерге біржолата бет бұрылды. Журналистер жығасы жығылып жолда қалды.

МӘССАҒАН

Кішкентай, шарға бойлы шілтің шенеуніктің өте үлкен, көк тіреген көпек көкірегі бар екен.

УЛАНҒАНДАР

Руымызбен бірге у ішеміз деп жүрген бір қауым жұрттың санасы келеге келмес­тей  болып  уланып  қалыпты…

ЖҮРГЕН  ЖЕРІҢ  ҚАНДАЙ?

Ардабоздардың арасында жүрсең, арқаң қозудай-ақ қозады. Ақымақтардың арасында жүрсең, жүйкең тозудай-ақ тозады.

ТӘУЕЛДІЛІКТЕН  САҚТАН

Біреу билікке тәуелді, біреу әйеліне тәуелді, біреу араққа тәуелді, біреу темекіге тәуелді. Тәуелділік талай таланттының тағдырына таңба салып кетті.

БӘРІМІЗ  БІРГЕМІЗ

Біздің адамдардың бәрі – саясаткер, біздің адамдардың бәрі – мәмілегер, біздің адамдардың бәрі – коллекционер, біздің адамдардың бәрі – коррупционер…

ТЫМСЫРАЙҒАН  ТҰЛҒА

Берілетін үлкенді-кішілі атақтардың бәрін қағып алып, тымсырайып үндемей жүр. Шындығында, жұрт үшін тындырған жұқанадай бір ісі жоқ.

ҚҰБЫЛМА  ЗАМАН  ҚҰБЫЛТҚАН

Кемпірлері кергіген, қатындары қыңырайған, келіндері кирелеңдеген, қыздары қыдыру іздеген құбылма заман…

«ӨНЕР»

Жолданған Жолдауды қауымдаса қолдай білу де – өнер.

АҚЫНДАР  ТУРАЛЫ  ЖАҢЫЛТПАШ

Бір ақын бар – аңқыма,

Бір ақын бар – паңқыма.

Аңқымасы аңқиды,

Паңқымасы паңқиды.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: