Сырдың бас қаласына жақындаған сәтте сонадайдан жұртта қалған жалғыз үйдей «Сыр Ана» монументі менмұндалайды. Алыстан қарасаң, көзді арбайды. Солай болуға тиісті еді. Өйткені, бұған облыстық бюджеттен бақандай 336 млн теңге бөлінген. Рас, «Сыр Ана» әу баста жалт-жұлт етті. 2012 жылы. Қателеспесек, аталған нысан пайдалануға берілген кезде облыстың сол тұстағы әкімі Болатбек Қуандықов бүй деген еді.
– Өмір жібі – Сыр-Ананың қолында. Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар Сырдарияға келіп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс ұзақ жылдардан бері жалғасын тауып келеді. «Сыр Ана» кешені де алдағы уақытта қызылордалықтар мен қала қонақтарының көптеп келіп, тағзым етер орнына айналады деп сенемін, – деген-ді.
Жалпы, негізгі идея жақсы. Алаштың анасы атанған Сыр елінде аналарға тағзым ретінде ескерткіш орнату әбестік емес. Дегенмен…
Жыл айналмай жатып сол нысанның алқам-салқамы шықты. Ішіне орнатылған қондырғылар қолды болды. Тіпті, дәретханаға айналып кете жаздады. Мазмұны терең монументтің бұлайша былғануы ойландыратын мәселе. Себебі, ол ескерткіш көңіл көтеріп, сауық құрып кететін жер емес еді. Бірақ, «болар іс болды, бояуы сіңді». Бәлкім, бұл идеология жұмыстарының жөнді жүргізілмегендігінен шығар.
Сырдария өзенінің жағасында орналасқан осы нысан мәдени-көпшілік орынға айнала алмады. Бұл туралы талай жерде айтылды, жазылды. Алғашқыда сол стелланың төбесіне шығып, Қызылорданы жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік бар-тын. Әйтсе де, көп ұзамай жауаптылар нысанға темір есік орнатып, күзетін қара құлыпқа тапсырды. Содан бері оған ешкім бармады. Ең қызығы, күтіп-ұстау жұмыстарына жылына 60 миллион теңгедей қаражат қаралыпты. Бұл жөнінде жауаптылар «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасына өткен жылы берген сұхбатында мәлімдеген. (https://qazaqstan.tv/index.php/news/60230/)
Біз айтып отырған тағылымы терең монументке биыл қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі көрінеді. Бұл мақсатта бюджеттен 266 млн теңге бөлініпті. Мердігер мекеме – «Техоснастка-Ремсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
– Өздеріңіз білесіздер, Сырдария өзенінің бойынан Тасбөгет кентіне қарай «Тәуелсіздік» даңғылы салынады. Одан бөлек, сол маңда қоныстанған тұрғындар саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда артты. Осы жайттарды ескере отырып, «Сыр Ана» монументін толықтай жаңғыртудан өткізу мақұлданды. Былай қарасақ, кез келген ғимарат уақыт өте келе ескіреді ғой. Болашақта мұнда субұрқақ, орындықтар, т.б. көркемдік дүниелер қойылады. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың көктемінде толықтай тамамдалады, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Абзал Рысбек.
Қысқасы, алғашында 366 млн теңге, биыл 266 млн теңге жұмсалған монмумент мәдени-көпшілік демалыс орнына айнала ала ма? Бұл – уақыт еншісіндегі дүние.
Қозы Көрпеш Жасаралұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!