Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Масылдық мұратқа жеткізер жол емес

18.08.2022, 12:40 293

Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақ­тық, жалтақтық, жалпақтау­шылық, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам. Парламент Сенатының депута­ты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол!» мақаласында қоғамдағы өзекті мәселеге  осылай  назар  аудартады.

Рас, тіленшектік  пиғылымыз бар екені жасырын емес. Ол бәрімізге тән – байға да, кедейге де. Мысал көп. Бірде Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орта­лығының басшысы Жаңабек Тұр­лы­бековпен  бірге  сапарлас болдық. Ортақ әңгіме атаулы әлеу­меттік  көмек  төңірегінде  өрбіді.

– «Жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, 1 тамызда аудан әкімінің өкімімен атаулы әлеуметтік көмекке құжат әзірлеу барысында болған заңбұзушылықтардың алдын  алу және  қаржылардың мақсатты берілуіне талдау жасау жөнінде жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмыстары  жүргізілді. Үй-үйді аралап, қаржылай көмекті алатындардың әлеуметтік жағ­дайын көруді жоспарладық. Сене­сіз бе, көрсетілген мекенжайлар бойынша екі қабатты үйлерге бардық. Зәулім үйдің иесінен атаулы әлеуметтік көмекті не мақсатта жара­тып отырғанын сұрадық. Отағасы білмейтін болып шықты. Сөйтсе, әйелі құжат дайындап, әкімдіктегі танысы арқылы өткізіп жібергені анықталды. Қазір алған қаржыны өтеп жүр, – деп әңгіменің ұшын қылтитты  аталған  орталық­тың  басшысы.

Қазір «Не берсе де қайырымен берсін!» дейтін қазақ қайда, «алсам, ала берсем!» деген пиғыл басым болып тұр. Жаңақорған ауданында құт қонған, береке орнаған деп әспеттейтін әлеуметтік деңгейі жоғары ауылдық округ тұрғын­дары атаулы әлеуметтік көмек алу жөнінде алдыңғы орында тұр. Тіпті коттедж үйлерде тұратындары қысыл­май-қымтырылмай берсең, ала беремін пиғылын ұстанған. Әсіресе, пан­демия асқынып, үйге қамалған кезде осындай қанағатсыз қарекетке  куә  болдық.

Қазіргі қоғамдағы үлкен проб­леманың бірі – масылдық. Тіпті масылдықты кеселге балайтын әлеуметтанушылар да бар. Енді бірі мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажыратуды алға тартады. Жалпы, масылдық дегеніміз не? Жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдылану, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді дұрыс санайтын психологиялық түсінікті жатқызады. Ондайлар көп пе? Ол жөнінде нақты ақпарат жоқ. Дегенмен қазақ  қоғамын  тұңғиыққа  батыратын кеселдің  біріне   айналды.

Олай болмаса Тұңғыш Президент өзінің Жолдауында: «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет», – демеуші еді ғой.

Әлеуметтанушылар біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз қылықтар, әсіресе, нарық заңдылықтарына негізделген қоғамда айқын байқалатынын айтады. Адамның еңбекке деген қабілет-қарымы, ынта-жігері төмендігінен, оның еңбегіне деген сұраныс азайып, нәтижесінде сенімсіздік пайда болады. Оның арты «масылдық психологиясына» әкеледі.

Қоғам белсенділерін сөзге тартып, масылдық тақырыбын өзек еттік. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Есік алдындағы жерді кәдеге жаратып, қап көтеріп, құрылыс жасап, сауданың көркін қыздырып, отбасын асырап жүрген ерлер аз емес. Пікірлестерімнің көбі еңбек бәсекесінде қабілетіміз төмен екенін мойындады.

Менің бір арманшыл көршім бар. Ауызбен үй тұрғызады, қымбат көлік  алады, іргелі шаруашылық құрып, ауылдастарын  жұмыспен қамтиды. Сөзбен бәрін қатырады. Бір жылы арманын қалқан етіп жалға жер алды. Сөйтіп қауын, қарбыз екті. Бақша дақылдары мерзімінде пісті. Қырсыққанда, өткізетін жер таппады. Қауын далада ағып кетті. Көршім осыған әкімдікті бір кінәлады, саудагерді бір кінәлады. Алайда өзінің жігерсіз­дігін, бәсекеге қабілетсіздігін  мойындағысы  келмейді.  Бүгінде  арман  кемесіне  мініп, әлі  қиялдап  жүр…

Кәсіпкерлер  сенімді  жұмысшыны  көп  іздейді. Белгілі кәсіпкер Жаңабек Тұрғанбаев  редакцияға  бірнеше  рет  жарнама беруге келді. Мақсаты – жұмысшы  қолын  табу.

Ол адамдардың пиғылына таңғалып:

– Бір әйел қаржылай демеу көрсетуімді сұрап келді. Бердім. Арада бірне­ше  ай  өткенде  тағы  келді.

Оған:

– Күйеуің бар ма? – дедім.

– Бар, – деді.

– Онда маған жұмысқа келсін. 60-70 мың теңге жалақы төлеймін, – дедім.

– Ол грузчиктің жұмысын істеуге намыстанады. Ақша бересіз бе, әлде кете берейін бе? – деп жауап қатты.

Қойнына бір жасқа толмаған баласын сала келгендіктен қолына ұялғандықтан ақша ұстаттым. Одан кейін әлгі әйел маған қайтып келген емес, – деп болған оқиғаны айтты.

Серік  Бақытұлының  фейсбуктағы  аккаунтына  жұмысшы  іздеп,  жарнама  бергенін  көз  шалды. 70-80  мың  теңгеге  ұсынды.

Бюджеттік мекемелерден жұмыс табу қиын болғанымен, шағын және орта бизнес саласында жұмысқа сұраныс бар. Егер сенімге кірсе, кәсіпкерлер оның әлеуметтік жағдайын шешіп беруге де дайын. Оған мысал да көп.

Шүкір, тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында түзу заманда өмір сүрудеміз. ХХ ғасырдың қасіретіне көз салсаңыз – алапат аштықтан азшылық­қа ұшырап, тарих бетінен жойылып кетуге шақ қалдық, қуғын-сүргінде асылымыздан айырылып, ескексіз қалған кеменің күйін кештік, ал соғыста қаншама ердің демі үзіліп, ұлттық мінезден айырылдық. Қарымды  қаламгер  Нұртөре  Жүсіп айтқандай, сонда да ертеңгі күннен  үмітін  үзбеді.  Ұрпақ  үшін  өмір  сүрді.

Бізге дәл қазір жетпей жатқаны – ұрпақтың қамын ойлау, ертеңге сену. Сонда ісіміз оңалады. Қысқасы, масылдық мұратқа жеткізер жол емес. Осыны  түсінейік.

***

Еркін есімді ағам Ташкентке барып келді. Немересін емдеуге апарды. Таңертең жұмысқа келіп көрген, білгенін, түйгенін тамсана айтып берді.

«Қазақстанның кедендік пунктіне келгенімізде жер-жерде шашылып жатқан күл-қоқыс көзге шалынды. Адамдары тым дөрекі. Ал Өзбекстанға өткенімізде тап-таза, жылы жүзді адамдарды көрдік. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласындағы таңдаулы ауруханаларға барғанымызбен немереме ем таппа­дық. Ал Ташкенттен оның талма аруына ем алдық. Күзде қайта бара­мыз. Қазақстанның  дамығаны  қайда?», – деді ол.

Ойлантатын нәрсе, иә?! Біз Орта Азияның барысына айналамыз деп жүргенде Өзбекстан айқай-шусыз, таласып-тармаспай дамып келеді.

Қайбір жылы Жаңақорған ауданының басшылары тәжірибе алмасу мақсатында Өзбекстанға барған-ды. Ондағы ауыл шаруашылығы саласын­да  атқарылып  жатқан  жұмыстарды  көрген  мәслихат  хатшысы:

– Егер Өзбекстан шекарасын ашып, нарыққа етене жақындай түссе, субсидиямен күн көріп отырған біздің шаруашылықтар банкротқа ұшырай­ды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолымен ағылып жатқан жүк көліктерінің көбісі Өзбекстанға барады екен. Әсіресе қыстың соңғы айлары мен көктемнің алғашқы айында ресейліктер өзбектің қияры мен қызанағына аңсары ауып, «КамАЗ-КамАЗ» көкөніс түрлерін алдырады. Ондағы көкөністі сақтайтын қоймасын көрдік. Өз көзіме өзім сенбедім. Соңғы технологиямен жабдықталған қоймадағы әрбір есікте көкөністің құрамындағы ылғалдалық деңгейі, витаминдері, микроэлементтері түгел жазылған. Жылыжайында анар, лимон, апельсин және т.б. цитрустық жеміс-жидекті көрдік. Өздері ауыл шаруашылығы техникасының  неше  түрін  шығарып  отыр, – дегені  әлі есімде.

Былтыр Мәскеудегі халықаралық конференцияға қатысқанымызда Ташкенттегі журналистика университетінің ректоры студенттерді уақыт талабына сай оқытып жатқандарын, заманауи трендтерді меңгеруге басым­дық  берілгенін  айтқан  еді…

Жазда Сыр өңірінің бір топ қаламгері туристік сапармен Ташкент, Самар­қанд, Бұқараға барып қайтты. Олар да ауыздарынан су аққанша көрген, білгенін  айтып, сервистік қызмет көрсету деңгейін жыр қылды.

Айта  берсе  көп…

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Арнайы  «Халық»  газеті  үшін

P.S.: Енді өздеріңіз топшылай беріңіздер. Сізде масылдық бар ма, ой жіберіп, толғанып көріңіз. Егер болмаса, онда іс істе, қарекет  етіп, өзіңді, отбасыңды  асыра.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: