2013-14 жылдары жергілікті атқарушы органдардың жанынан 2534 ветстанция мен ветпункт құрылған еді. Бүгінде олардың жартысынан көбінде өздеріне тиесілі ғимарат жоқ. 2534 ветстанция мен ветпункттің тек 834-і ғана өз ғимаратында орналасқан. Ал 1585-і әкімдіктердің, басқа да ұйымдардың ғимараттарын паналап отыр. 115 ветпунктте ғимарат атымен жоқ. 431 ветстанция мен ветпункт орналасқан ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді.
Елімізде 27 миллионнан астам мал басы тіркелген. Оның 6,5 миллионы – ірі қара. Осы ірі қараның 30 пайызы жыл сайын түрлі індет жұқтырып, эпизотикалық ошақтарға апарып көміледі, өртеледі. Тіпті ауру малды сатылымға шығарып жатқандар да бар. Мал індетіне қатысты сібір жарасы, күйдіргі, аусыл, бруцеллез, нодурярлы дерматит тәрізді аурулар әрбір көктем сайын өршіп кетеді. 2019 жылы аса қауіпті ауруларға қатысты 149 миллион екпе жасалыпты. Мұның өзі елімізде мал індетінің инфекциясы өршіп тұрғанын аңғартады. Сонда осы мәселелерді шеше алмай отырып, енді адамдарды ажал құштырып жатқан коронавирусты зертханалық зерттеуді мал дәрігерлеріне табыстау мүлдем қисынсыз тірлік.
Ескелді Ерденбеков,
Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор
«Жас Алаш» газетінен алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!