Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кезекті алдын ала брондау – азаматтар үшін өте ыңғайлы»

20.05.2020, 8:55 652

HALYQLINE.KZ 18 мамырдан бастап Қызылорда облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын қайта жандандырып, жаңа форматта қызмет көрсете бастады. Алғашқы жұмыс күні осы ХҚО-ларда 2359 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 50%-дан астамы алдын ала брондау арқылы қамтамасыз етілген. Қалғандары сол жерде бронь жасаған немесе операторлардың босауын күткен. Сонымен қоса, облыс бойынша Халыққа қызмет көрсету арқылы 1059 тұрғын құжаттандырылып, 40 азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы қаупінің сақталуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынды. Осыған сәйкес азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тек «қағаз жүзіндегі» қызметтер мен онлайн түрде рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады. Бұл ретте қызметтерді тек алдын ала жасалған брондау арқылы алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына кезек уақытын egov.kz порталы мен Telegram-Bot қосымшасы арқылы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілеуге болады. Бұл жаңашылдықтар тек қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ғана қатысты.

Ал аудандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудан орталықтарында орналасқан бөлімдерде келушілердің ағыны қалаға қарағанда айтарлықтай аз болуына байланысты өзгеріссіз бұрыңғы режимде жұмыс істейтін болады.

«Кезекті алдын ала брондау – ең алдымен азаматтар үшін өте ыңғайлы. Яғни, ХҚО-ға бірден қызмет алу үшін немесе құжатын алып кету үшін ғана барады. Кеше бірінші жұмыс күні кезекке тапсырыс бермеген қызмет алушының өзінен жағымды пікір естідік. Олар қызметтерді тез алуға болатындығын өздері көріп, келесі жолы тек брондау арқылы келуге уәде берді», – деді Айдын Қайруллаев.

Сондай-ақ, филиал директоры кезекке тапсырыс берген клиенттердің белгіленген уақыт аралығында келу керектігін айтты, себебі бронь уақыты өтіп кетсе, қайта брондау рәсімін жасау керек болады. Сонымен қатар, бронь барысында тіркелген ЖСН иесі ғана электронды кезекті пайдалана алады. Айта кету керек, төтенше жағдай мерзімінде 9 мыңнан астам қызылордалықтардың жеке куәлік мерзімі өтіп кеткен екен. Осыған орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы көші-қон басқармасы және облыстық білім басқармасымен бірлесіп игі бастаманы қолға алды. Фронт-офис және көші-қон мамандарымен осындай мәселелерге кезігіп қалған зейнет жасындағы және мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, формулярмен құжаттарын рәсімдеп берді. Енді жеке куәлік мерзімі өтіп кеткен зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар болса 1414 байланыс орталығына хабарласып электронды өтініш білдіреді. Өтініш түскеннен соң мамандар үйлеріне барып, құжаттандыру жұмыстарын жүргізетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын өздігінен алу үшін арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары ашылды. Онда азаматтар өзіне қажетті қызмет түрлерін онлайн түрде ала алады.

Өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары келесі мекенжайларда орналасқан:

– Қалаға қарасты барлық ауылдық округ әкімдігінің ғимараты;

– Ә.Тәжібаев облыстық кітапханасы;

– Сол жағлауда орналасқан облыстық жастар ресурстық орталығы;

– «Бақытты отбасы» орталығы;

– Қаламыздағы барлық емханаларда;

– Қалаға қарасты барлық мектептерде.

Бекбол ҚАРАТАЙҰЛЫ,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: