Н.Қазиқызының коллажы
«Несиеге жеген еттің ішек жыртатынын» білсе де, банк алдында қарыздануға құмар халық көп. Жетіскеннен емес әрине, жетіспегеннен. Бүгінде әр қазақстандықтың банк алдындағы орташа берешегі 470 мың теңгеден асқан. Бұл – соңғы бес жылда 180 мың теңгеге өскен факт. Статистика сандарының бұлай «сайрамасқа» тағы амалы жоқ. Өйткені тұрақты басатын табалдырығы жоқ, пәтерден-пәтерге көшіп жүргені де, бір басында бірнеше жылжымайтын мүлкі бары да банктің алдына келгенде дәрменсіз күйде. ҚР Ұлттық банкінің ресми статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін банктердің құрылысқа және тұрғын үй сатып алуға (ипотекалық кредиттеу) ұлттық валютада берген несиесі 710 млрд 153 млн теңгені құраса, халыққа берген ипотекалық несиенің көлемі 19 трлн 342 млрд 775 млн теңгеге жеткен. Бұл – тек небәрі он айда халықтың баспана үшін алған несиесінің көрсеткіші, жыл соңына дейін тағы қосылады. Одан бөлек, қарапайым жұрттың тұтынушылық несиесі мен қаржылық ұйымдарға қарызын қосыңыз. Күнделікті ішіп-жейтіні мен киер киімін, дәрі-дәрмегін де «қызылды-жасылды» несие карталарымен алып жүргендер жетерлік. Және біздің қазақстандық банктердің несиелік пайызы қымбат екені тағы белгілі. Сонда да халық адал еңбегімен тапқан нәпақасын күнкөріске жарата алмай отыр. Сондықтан экономикалық белсенді халық санына бөлгенде ел тұрғындарының банктер мен шағын қаржылық ұйымдарға 4 триллион 400 миллиард теңге берешегі бар. Ал оны төлеу мен төлетудің әдісі туралы әңгіме тым бөлек. Ал біз бұл санда кепілгерлік және оның мәселелері туралы талдау жасаймыз.
* Банк тарапынан қоңырау шалып, танысыңызға іздеу салды ма?
* Несие тарихыңыз дұрыс болса да, сізге банк қаражат беруден бас тартты ма?
* Танысыңыздың ипотекалық үйіне немесе көлігіне кепілгер болуға рұқсат бердіңіз бе?
* Несие алушы кім? Кепілгер кім? Сіз екеуін ажырата аласыз ба?
ТҮГЕНШЕЕВТІ ТАНИСЫЗ БА?
Жұмыс уақыты. Несиеге алған телефоным безілдеп қоя берді. Бейтаныс нөмір. Әдетте банк алдында берешегі бар адам таныс емес нөмірдің барлығын банк қызметкері деп қабылдайды. Жауап беру тетігін бастым. Қателеспеппін. Банктен хабарласып, маған өте тиімді пайызбен, ең жоғары сомадағы несие алуға болатынын айтты. Бас тарттым.
Осындай шалынған қоңырау біреудің жолын ашса, келесі адамның тұрақты табысын кемітіп, несие тарихын бұзуына соқтыруда. Ал несие тарихы «қара тізімге» енсе, банктен алдағы уақытта қаржылай несие немесе ипотекалық несие алуға жолы жабылатыны анық. Одан қалды, «Пәленше Түгеншеев сіздің кіміңіз болады? «…» банктен алған несиесін қайтарсын деп айта саласыз ба?» деп қоңыраулататын банк қызметкерлері талайдың есінде. Бәлкім, біріңіз жауап беріп, біріңіз жауап бермеген боларсыз.
Айзат МҰСАҒҰЛОВА, заңгер:
– Жалпы, бұл жағдай кез келген кредит алушының басында бар. Тауар түрінде немесе ақшалай несие аларда тұтынушыға екі-үш адамның байланысын тастауды сұрайды. Қосымша хабарласу тетігі ретінде. Алайда бұл жерде басты айып негізгі қарызданушыға келіп тіреледі. Өйткені ол танысының не жақынының рұқсатынсыз олардың жеке нөмірін қалдырып тұр. Сондықтан қай жерде болмасын, біреудің жекесіне тиесілі кез келген затты немесе байланыс деректерін біреуге бермес бұрын иесінен рұқсат сұрау – өте маңызды.
Маңыздысы, біріншіден, ол менеджердің қандай заңға сүйеніп сізге өтініш айтып тұрғанын ойлау. Екіншіден, сіздің жеке нөміріңіз бен аты-жөніңізді өз келісіміңізсіз жақын танысыңыздың не жамағатыңыздың банк қызметкеріне беруінде. Үшіншіден, егер несие алушы қарызын төлеу мерзімін кешіктірсе, төлей алмаса, онда сенімді тұлға ретінде қалдырған адамдарынан да маза кетеді. Кезек-кезек қоңырау шалу, Пәленше Түгеншеевті іздеу…
КЕПІЛГЕР мен ҚАРЫЗГЕРДІҢ ЖАНЫ БІР…
Қазақ «кемедегінің жаны бір» дейтін. Қазіргі банк тұтынушыларының теңізі – банк, кемесі – несие, ескегі – несие тарихы. Олай деуімізге себеп жоқ емес. Халықтың 70-80 пайызының қолында миллион теңге жоқ. Оған дәлел, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметтері. Яғни, 2021 жылы алдын ала есептеу бойынша 30 жастағы азаматтың 2 млн 518 мың теңге, 35 жастағы азамат үшін – 2 млн 961 мың теңге, 40 жастағы азамат үшін – 3 млн 437 мың, 45 жастағы азамат үшін – 3 млн 947 мың, 50 жастағы азамат үшін – 4 млн 495 мың, 55 жастағы азамат үшін – 5 млн 84 мың, 59 жастан асқан азамат үшін 5 млн 586 мың теңге қаражат зейнетақы шотында болса, ол азаматтар шоттағы ақшасының жартысын үй алу, емделу және қаржы ұйымдарының басқаруына беріп пайдалана алады. Біздің елімізде мұндай салымшы 700 мыңды ғана құрап отыр. Жиған-тергені мен тапқан-таянғаны күнделікті күнкөрісінен артылмайтын халық тобы үшін ең ыңғайлысы – кредит алып күн кешу. Осыдан келіп, халықтың сапалы өмір сүруі, кедейшілікті жою, жемқорлыққа жол жоқтығын айтып, көлгірсиміз, бірақ нәтиже жоқ.
Айтпақшы, танысына несие әперіп, оны өзі төлеп жүргендер немесе керісінше, жақындарын банкке заңды түрде қарыз алушы ретінде тіркеп, ол белшеден келетін қарызды не өзі, не танысы төлемей, банктің көшесінен айналып өтіп жүргендер де баршылық. Бұл – таныс жайттың бір түрі. Екінші түрі – өзгенің қарызына «өзім жауап беремін» деген кепілгер адамдардың өздері қажет кезде банктен көк тиын ала алмай жүр. Миллиондаған соманы бас қатырмай қалтаға салып алып, несие тарихының ісқағазын «қара жіппен тіктіргендердің» өзі – бір хикая.
Досбол АРЫСТАНБЕКОВ,
«Halyk bank» АҚ-ның баспасөз қызметкері:
– Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 21 жасқа толған кез келген азаматы банктерден кредит ресімдей алады. Кредит алу үшін басты шарт – ресми түрде жұмыс істеу. Дегенмен, табысын растаған жағдайдың өзінде клиент қомақты сома немесе ипотека, автокредит ресімдеу кезінде табысы жеткіліксіз болып жатады. Дәл осындай жағдайда кредит алу үшін банк қосымша кепілгер іздеуді талап етеді. Бұл жағдайда кез келген адам кепілгер бола алады. Яғни, ол кредит алушының жақын танысы, туысы болуы мүмкін. Кепілгерді тапқан күннің өзінде оның да ресми табысы және кредиттік тарихының дұрыс болуы шарт. Банкпен келісімшартқа отырғаннан кейін кепілгерге дәл кредит алушының міндеті жүктеледі. Яғни, алдағы уақытта негізгі қарыз алушы кредитін өтей алмаған жағдайда, онда келісімшартта көрсетілген кепілгерден банк қарыз соманы өндіреді. Сол себепті кепілгер болу, бұл өз атыңызға кредит алғанмен тең жауапкершілік екенін ұмытпау қажет. Ал егер тіпті кепілгер болуға шешім қабылдасаңыз, онда кредиттің пайыздық мөлшерлемесін, төлем кестесі мен сомасын, тұрақсыздық айыбы сынды басты шарттарымен танысып шығыңыз. Келісімшартты мұқият оқыңыз. Егер шарттармен толықтай келіссеңіз және ай сайынғы соманы алдағы уақытта негізгі қарызгер берешегін төлемеген жағдайда өзіңіз төлеуге қаржылық жағдайыңыз жете ме, соны есепке алыңыз. Тағы бір ескеретін жағдай, егер сіз кепілгер болсаңыз, онда алдағы уақытта өз атыңызға қомақты несие алу мүмкіндігі көп жағдайда шектеледі. Банк сіздің өзге кредит бойынша кепілгер екеніңізді білген соң, тәуекелге бармай несие ресімдеуден бас тартады. Онымен қоса, негізгі қарыз алушы да, кепілгер де несие мерзімін кешіктірсе, онда екі тараптың да несие тарихына әсер етеді.
КЕПІЛГЕР ДЕГЕН КІМ ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҚАНДАЙ?
Адамға ең әуелі жан қайғы. Бұрынғылар амандасқанда «мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын. Қазір шыны керек, «кредитіңді уақытылы төлеп жатырсың ба?» деп сұрайды. Өтірік деп көріңіз. Әрине, рас. Өйткені әр қазақтың бас қайғысы баспана болған заманда төрт қабырғаны да банк арқылы қарызға алып отырғандар жетіп артылады, кезекте тұрғаны қаншама?!
Жыл сайын тұрғын үй бағдарламалары көбеюде. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25», «Шаңырақ», «Әскери өнім», «Баспана», «Өз үйім», тағысын тағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың баспаналы болуына мүмкіндік беріп отыр. Бірақ, бастапқы жарна 10-20 пайыз аралығында толықтырылуы керек. Әрі қарайғы өзіндік заңды қадамдарымен құжат ресімделеді. Егер салымшының немесе несие алушының ресми айлық табысы жетпесе, қосалқы салымшы тартуына тура келеді. Яғни, кепілгер. Осы тұста кепілгердің кім екеніне тоқтала кетсек.
Кепіл етуші тұлға туралы ҚР Азаматтық Кодексінің «Кепілдік және кепіл болушылық» тарауында тайға таңба басқандай жазылған. Нақтылай түссек, дәл осы кодекстің 330-бабында «Кепiл болушылық бойынша кепiл болушы басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап беруге мiндеттенедi» делінген. Ал кепілдік беруші мен кепіл болушының жауапкершілігі қандай? Сала маманының сөзіне кезек берейік.
Айзат МҰСАҒҰЛОВА,
заңгер:
– ҚР Азаматтық Кодексінің 332-бабында «Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер шартта өзгеше белгiленбесе, тек заңды талапты ғана қамтамасыз етедi. Кепiлдiк берушi мен кепiл болушы, егер олар әрекет қабiлетсiздiгi туралы өздерiне күнi бұрын белгiлi болған борышқорға кепiл болса, ал несие берушi бұл мән-жайды бiлмесе, жауапкершiлiктен босатылмайды. Екіншіден, кепiлдiк берушi несие берушi алдында, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, борышқор сияқты айыпақы, сыйақы (мүдде) төлеудi қоса алғанда, борышты өндiрiп алу жөнiндегi сот шығындарын және борышқордың мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы салдарынан туындаған несие берушiнiң басқа да зияндарын төлеуде тап сондай көлемде жауап бередi. Үшіншіден, кепiл болушы несие берушi алдында, егер кепiл болушылық шарттарында өзгеше көзделмесе, кепiл болушылықта көрсетiлген сома шегiнде жауапты болады. Қосалқы жауапкершiлiктi мойнына алған кепiл болушыға талаптар қойылғанға дейiн несие берушi бұл талапты борышқор қанағаттандыратындай, атап айтқанда, қарсы талапты есепке алу және белгiленген тәртiп бойынша борышқордың мүлкiнен ақы өндiрiп алу арқылы ақылға қонымды шаралар қолдануға тиiс» делінген. Демек, қарыз алушы мен кепілгер кредит бойынша төлемесе, онда банк талап арызбен сотқа жүгінуге және олардан сот тәртібімен берешекті өндіріп алуға құқылы. Банктің борышты өндіріп алу жөніндегі барлық іс-әрекеті қарыз алушыға да, кепілгерге де бірдей қолданылады деген сөз.
КЕПІЛДІК ЕТКЕН НЕСИЕСІН ТӨЛЕП ЖҮРГЕНДЕР ДЕ БАР
Екінші деңгейлі банк арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тұрақты түрде қаржы құйсаңыз, баспаналы болуға жол ашылады. Ипотекалық тұрғын үйлердің дені осы банк арқылы жүзеге асырылады. Баспанаға қол жеткізу қадамдарының бірінде де осы кепілгер немесе қосалқы салымшы тарту мәселесі алдыңыздан шығады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жеке тұлғаның кепілдігімен тұрғын үй сатып алуға, үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жер телімін сатып алуға несие береді.
Айжан АРАЛБАЙҚЫЗЫ,
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалы бизнесті дамыту бөлімінің бастығы:
– Егер салымшы несие алатын болып, бірақ айлық табысы ай сайын төлейтін несиенің сомасына жетпесе, онда кез келген бір немесе екі қосалқы заемшы тартуға мүмкіндігі бар. Бұл жерде тағы айта кетерлігі, несие бойынша тек Қазақстан Республикасының 18-65 жас аралығындағы тұрақты табысы бар азаматтары ғана кепілгер атана алады. Егер бір адамның табысы жетсе, онда бір ғана адамды тіркей алады. Ал кепілгер (гарант) болатын болса, қарыз алушының ай сайын төлейтін ақысының төленуіне толықтай жауапты. Мәселен, қарыз алушы 70 мың теңге несие төлеу керек болса, оның табыс шығындарын шегергенде кепілгердің де айлығынан тура осындай 70 мың теңге қалу керек. Егер оның табысы жетпесе, басқа адам гарант болуға тиіс. Яғни, қосалқы заемшыда жетпей тұрған сомасына адам тартса, гарант болған адамға несие алушымен бірдей талап қойылады. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады, сол себепті осындай шартпен банк алдындағы борышын өтеп жатқан қосалқы салымшы да, кепілгер де бар. Негізгі қарыз алушы төлей алмаған жағдайда осы екі тұлға арқылы несие төлетуге негіз бар.
ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?
Ал шариғатта қарыз алу да, беру де күнәға баланады. Несие туралы экономикалық, заңдық, әлеуметтік мәселелерге тоқталдық. Енді шариғат заңдылығына көз жүгіртейік.
Жеңіс ӘБИБУЛЛАҰЛЫ,
ҚМДБ-ның «Шариғат және пәтуа» бөлімінің Қызылорда облысындағы өкілі:
– Шариғатымызда несие алу және несие беруге қатаң тыйым салынғаны мәлім, әрине өте қатты мұқтаждық болмаса. Өкінішке қарай, бүгінгі күнгі мұқтаждық шариғат айтып отырғандай мұқтаждық емес, «ұят болады» деген мұқтаждық болып отыр. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарға бір заман келеді, сонда кісі малын халалдан әлде харамнан алғанына еш мән бермейтін болады» – дегенінің куәсі болып отырмыз. Әрине, шариғатымызда тыйым салынған нәрсеге ортақтасу, оған қолқаласу, себепші болу, серіктес болу, тіпті кепілгер болудың өзі сол күнәлі іске ортақтасу болып табылады. Шариғатымыз күнәлі іске емес, сауапты істерге кепілгер болуға шақырады. Мұндай жағдайда бір айта кетеріміз, Құранда Алла тағала «Талақ» сүресінің 2-аятында: «…Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. Оған Алла ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда ол оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында Алла әр нәрсеге бір өлшеу қойған» делінген. Сондықтан барлық нәрсе бір Алланың қолында. Ризықты беруші Алла болғаннан кейін, күнә жасап, ризығымызды керісінше тарылтып алмауымыз керек. Шынайы түрде сол нәрседен қорқатын болсақ, Алла өзі тығырықтан шығар жол береді. Тек сауапты, жақсы істерге ғана кепілгер болайық.
НЕСИЕ ДЕ, МҮЛІК ТЕ СІЗГЕ БҰЙЫРМАЙДЫ
Рас, өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Біреудің несиесін келісіммен төлеген бір басқа, түрлі әдіспен қақпанына түсіретін алаяқтардың құрбаны болып жүргендер де баршылық арамызда. Пенде түзу жүрем дегенмен бұралаң жол оны жаңылыстырмай қоймайды. Кім біледі, мүмкін сіз де алдағы уақытта жақын-жуығыңызға кепілгер болып қаларсыз. Сондайда нені есте сақтау керек, қандай жауапкершілік жүктейсіз, басатын қадамыңыз қандай болмақ?
Ең біріншіден, кез келген адам кепілгер бола алады дегенмен, қазіргі заманда етене таныс емес адамға кепіл болудың өзі қорқынышты. Мұнымен келісесіздер деп ойлаймын. Егер сізге банктік қарыз бойынша кепілгер болуды ұсынса, алдымен логикаға салып, жауапкершілікті сезініңіз. Өйткені сіз қарызгермен бірдей міндетті мойныңызға «жүктеп» тұрған үшінші тұлғасыз. Қандай да бір жағдайларға байланысты несиені сіз төлеген жағдайда да ешқандай несиеге де, мүлікке де ие бола алмайсыз. Өйткені сіз тек кепіл болушы ғанасыз. Жай ғана өз табысыңыздың белгілі бір бөлігін біреудің банк алдындағы борышын өтеумен шектелесіз. Сондықтан ең бастысы, қаржылық сауаттылықты арттыру. Сақ болайық, сақтанайық, ойланайық!
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!