HALYQLINE.KZ Қоғамда болып жатқан глобалды проблемалар қайдан шығып жатыр? Суицид, ажырасу, өмірдің мәнсіздігінен қажу, табиғи катаклизм тағы да басқа проблемаларды шешудің жолы бар ма? Осыдан елу жыл бұрын адамзат осындай проблемаларға тап болатынын болжай алды ма? Бұлай кете берсе болашақта бізді не күтіп тұр? Әлбетте, мұндай болашақ туралы сұраққа жауап беру өте оңай. «Болашақтың қамын жастарға тапсырамыз, ал біздің міндет – жастарды оқуда озат қылу. Сол үшін де заманның талабына сай ұрпақ өсіру үшін оларды білімнің барлық саласына салып, жан-жақты қылуымыз керек. Ағылшын, шахмат, менталды арифметика, робототехника, спорт, музыка, т.б. алуан түрлі салаларды меңгеріп алса, болашағымыз жарқын болары анық» деп сенеміз.
Бірақ, әңгіменің қызық жері де осында. Жоғарыда айтқан «егер, жастар оқуда озат болса, болашақ жарқын болады» деген сөз рас болса, онда қазір суицид, ажырасу, т.б проблемалар қайдан шығып жатыр? Олар неге интеллектуал бола тұра проблемаларға ұрынады? Сонда, біздің үйреткеніміз мұндай проблемаларға төтеп бере алмайтындығы ма? Егер, солай болса онда неге солай деп мойындамаймыз?! Себебі, мұны растайтын айғақтар мен мысалдар өте көп. Соның бірі, жақында бір апай маған хабарласып, ұлының жайын айтып берді. 23 жастағы жігіт Чех елінде 6 жыл оқып, елге қайтып келгенде тұйықтанып, суицид туралы айта бастапты. Соған алаңдап, ұлыммен сөйлесіп көрші, деп өтінді. Кездесіп, үш сағат әңгіме айтып, бетін бері қаратып алдық. Енді, осы жерде тағы бір орынды сұрақ туады? Болашақтың қамын жейтін интеллектуал жастар неге болашаққа қадам баспай жатып, құрып жатыр? Бар мәселе мынада.
Ғылымда интеллектуализм және экзистенциализм деген ұғым бар. Адам өмірде алшаң басып, алдын болжап, аяғын қате баспайтындай етіп, шешім қабылдау үшін осы екі ұғым ауадай қажет. Екеуінің біреуі болмаса, бір дөңгелегі жоқ арбадай қисаяды да қалады.
Интеллектуализмнің қызметі – сананың сауаттылығына жауап береді. Яғни, әріп оқу, жазу, ғылым игеру, есеп-қисап, қысқаша айтқанда, интеллектке қатыстының бәрін қамтиды. Сауатсыз адам не әріп танымай, не қолындағы ақшасын санай алмай, заманның талабына сай келмей, өмір сүруіне қиындық тудырады.
Экзистенциализм – адамның дүниетанымын қалыптастырады. Бұл ұғым, ар-ұят, кие, ілтипат, иба-әдеп деген моралдік принциптер мен өмірдің мәні, өмірге деген көзқарас деген тақырыптарды қамтиды. Дүниетанымы дұрыс қалыптаспаған бала қанша жерден сауатты болса да өміршең болуы екіталай. Керісінше уақыт өте адамның дамуын тежейді. Себебі, нақты жауапты қажет ететін «не үшін» деген сұрақ тұрады. «Осының бәрі не үшін, не үшін оқып жатырмын, не үшін интеллектуал болуым керек, мұның бәрін үйренгесін не істеймін, қайда барамын, не үшін барамын» деген сұрақтар маза бермейді. Ақырында оң-солын тани алмай, наданданып, бақытты өмірден мақұрым қалады. Сол себепті де интеллектуалды біліммен қатар экзистенциялық білімді беріп отыру өте маңызды.
Бізде, тіпті әлем бойынша осы экзистенциялизм ұғымы ақсаңдап тұр. Мұның себеп-салдарын қазып, зерттесеңіз, Еуропаның қайта өрлеу дәуіріне тірелесіз. Оның соңы табиғат емес, адам баласына да жаны ашымайтын безбүйрек интеллектуалдардың көбеюіне әкеп соқтықтырды. Интеллектуализмнің белең алып кеткені сонша, ақырында атом бомбасын жасап, бүкіләлемдік қауіпке айналды. Сол себепті де әлем бойынша жастардың жегені алдында, жемегені артында, астында көлік, басында баспана, қолында уыс-уыс ақша ұстаса да, шетелдік атақты университеттің қызыл дипломын алып жатса да, жоғарыда айтылған проблемаларға ұрынып жатқаны – осы экзистенциализмнің жоқтығынан. Барша жұрт жаппай интеллектуализммен айналысып жатыр.
Тарихшы Ной Харари өзінің «ХХІ ғасырға 21 дәріс» атты кітабында мынадай сөз айтады. «Болашақта бізді не күтіп тұр? 2050 жылы, 2100 жылы әлем қандай болады? Әлбетте оған біз нақты осындай болады деп жауап бере алмаймыз. Осыдан жүз жыл бұрын әлем қазіргідей болады деп ешкім ойлаған жоқ. Тек, алдағы уақытта жастардың қабылдаған таңдаулары болашақтың қандай болатынын анықтап береді дей аламыз. Ал, дұрыс таңдауды өмірлік дүниетанымсыз қабылдай алмаймыз. Егер, қазіргі жастардың өмірге деген көзқарасы, дүниетанымы дұрыс қалыптаспаса, онда болашақтың жайы әрқалай болады» – дейді.
Демек, бар мәселе дүниетанымға байланысты болса, онда болашақтың да қамын осы тұстан ойлауымыз керек. Ал, бізде дүниетанымды қалыптастыратын құралдар бар ма? Әлбетте, бар. Ол – Кеңес үкіметі кезінде большевиктердің қолымен әдейіге жойып жіберген «қисса» айту жанры. Міне, осы жанр – адамның дүниетанымын қалыптастырып, балаңызды өмірдің кетік жеріне кірпіш етіп қалап беретін таптырмас құрал. Басына қандай нәубет түсіп жатса да мойымай төтеп беруді, үлкенге құрмет, кішіге ізет етуді, адамгершілікті, индивидті кәміл дәрежеге жеткізетін қиссадан басқа тәсіл үйрете алмайды. Осы экзистенциализмге қатысты қисса жанрын дамытсақ, интеллектуал жастарымыз болашақты жарқын қылатынын сеніммен айта аламыз. Ендеше, болашағын ойлаған әр ата-ана бүгіннен бастап, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, дастарқан басында балаларына төмендегідей қиссаны айтып, дүниетанымын қалыптастыра берсін.
Ұлық Алла ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар зат еді. Әлемнің іші де, тысы да бір өзі. Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес құпия қазына болатын. Тәңірі тағала түр-түсі, шет-шегі, бет-келбеті, салмағы, мекені болмайтын мәңгілік құбылыс. Құдай өзінің құпиясын ашып, рухани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарату үшін, өзіне орынбасар жаратуды ұйғарды. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «адамды менен жаратса екен» деп таласты.
– Мен биікпін, менен жарат, – деді тау.
– Мен әзизбін, менен жарат, – деді алтын.
– Мен тасқынмын, менен жарат, – деді су.
– Мен дүлеймін, менен жарат, – деді жел.
– Мен күштімін, менен жарат, – деді от.
– Мен асқақпын, менен жарат, – деді аспан.
– Мен жұмсақпын, менен жарат, – деді ағаш.
– Мен қаттымын, менен жарат, – деді тас.
Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып:
– Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Алла орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлады. Сонда Алла тұрып:
– Әй, тау, адамды сенен жаратпаймын. Себебі, сенде бір мін бар. Тым тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің.
Алтын, сенде де бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің бос. Адамға бақыт сыйлай алмайсың.
Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің.
Жел, сен – тұрақсызсың, мінезің құбылмалы.
От, сенің мінің – қатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпап кетесің.
Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Адамды сенен жарататын болсам Мені мадақтаудың орынына өздерін мадақтап кетеді.
Ағаш, сен – әлсізсің, сынақта сынып кетесің.
Тас, сен – мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – деді. Сосын жерге қарап:
– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы, төзімді. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Сол себепті де адамды сенен жаратамын. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – деп адамды торпырақтан жаратады.
Демек,
Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді.
Он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді.
Мың жылдығын ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді.
Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,
психолог,
Алматы қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!