Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Идеологияны елдегі медианы дамыту мен басшыларға жүргізу қажет

21.12.2022, 15:55 396

HALYQLINE.KZ

Астанада Орталық Азия медиа форумы өтіп жатыр екен. Біз неге осындай халықаралық іс-шаралар өткізуге құмармыз? Орта Азиядағы медиа саласын дамытқанды қалаймыз. Ал өзімізде интернет дұрыс жұмыс істемей тұр.

Орталық Азиядағы медианы жандандырғымыз келеді. Біздегі қаншама журналистің жеке баспанасы жоқ. Мұны айтсаң, жарты жолда төлей алмай қалатын түрлі бағдарламаны ұсынатындар бар. Осы мәселені шешіп алмай жатып халықаралық форумдар өткізуге пейілміз.

Қазір көп журналистің жалақысы төмен. Қаншама журналист жұмысын тастап кетіп жатыр. Бұл мәселені Астанаға барып, тек Абай Балажан ағамыз ғана көтерді. Абай Балажан ағамыздан басқаларын халықаралық мәселелер ғана толғандыратын секілді.

Біз Орталық Азияның ақпарат саласына өзгеріс енгізгіміз келеді. Өзгерісті өзімізден бастамаймыз ба? Мысалы, қазір кей телеарнада «Бетпе-бет» бағдарламасы бар. Соған әкімдерді шақыратын болса, одан тек телеарна басшысы ғана сұхбат алады. Басшы неге бұл бағдарлама жұмысына жағаласады? Әлде «БАҚ туралы» заңда «Бетпе-бет» бағдарламасында әкімдерден телеарна басшысы ғана сұхбат алсын» деп жазылған ба? Неге нөмірі бірінші басшылардан жас журналист сұхбат алмасқа?

Содан кейін форумның атауы «CENTRAL ASIAN MEDIA PORUM» деп ағылшынша жазылыпты. Неге осы қит етсе ағылшынша, орысша жазуға, атауға құмармыз? «Бұл халықаралық форум» деген жауап естірміз. Әй, халықаралық болса, ағылшынша жаза беру керек пе? Форум Қазақстан қаржысына өтіп отыр. Ендеше форум атауын неге қазақша атап, қазақша жазбасқа? Орталық Азия журналистері қазақша түсінеді. Түсінбесе, тықпалаңдар. Қонақтар келуді, форумнан тегін идея алуды, тамақ ішуді біледі де, бір-екі қазақша сөзді түсінуді білмей ме?

Содан кейін мұнан былай халықаралық форум, саммит өткізгісі келгендер Парламенттің немесе қоғамдық тыңдаудың рұқсатын алсын. Әйтпесе қаншама халыққа, журналистерге бұйырмайтын бюджет қаржысы не үшін форум-сорумға жұмсалуы тиіс.

Бұрынғы басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бейбітшілікті, тату көршілікті нығайту үшін қанша іс-шаралар өткізді. Бәрібір тілімізді мойындамайтын, жерімізге көз алартып отырғандар әлі бар.

Қайбір жылы қыруар ақша жұмсап ЭКСПО өткізіп едік. Қане соның пайдасы? Кеше анау Екібастұз бен Риддерде жылу жүйелерінен ақаулар шығып, қала тұрғындары әбіржіді де қалды. Әлде де жаңбыр жауса электр жарығы өшіп қалатын елді мекендер бар.

Ал бізге пайдалы іс-шара керек. Елдегі көп мәселені іс-шарасыз-ақ шешуге болады. Мысалы, елдегі қазақтілді ақпарат құралының дамымауының бір себебі, биліктегі көп басшы орысша жаңалық көреді, оқиды. Осы елден жалақы алып отырған соң қазақша ақпарат құралдарына назар аударсын. Соған мәжбүрлеу керек. Осы талап ана тілін ұмытқандардың қазақша үйренуіне көп себеп болады. Арада біршама уақыт өткен соң орыс тілді бір басшы «Өзге пікір» газетінде көтерілген мәселеге орай жауап берсем» деп қазақша жауап беріп отырса, әжеп емес пе? Мұның өзі – идеология.

Қысқасы, идеологияны елдегі медианы дамыту мен басшыларға жүргізу қажет.

Сабыржан  БАЙБОСЫНОВ.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: