Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалым-бапкер Еркетай Иманбай өмірден озды

05.06.2024, 15:00 213

Хош, Еркетай аға! Ғалым-бапкер өмірден озды

Еркетай Иманбай – тоғызқұмалақтан дүние жүзінің 9 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева, әлемнің 3 мәрте чемпионы Хәкімжан Елеусін, әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері Фарида Әуесбаева, Қазақстан конфедерациясы кубогының жеңімпазы Төлеген Құлышев, т.б. мықты спортшылардың бапкері еді. Ағамыз тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасын жасап, 4 адам ойнайтын тақта ойлап тауып, «Құмалақ санау жүйесі» атты ғылыми еңбек жазған маман болатын.

Бұл кісі қалыпқа сыймайтын бапкер болатын. Көп жаттықтырушылар тәрізді алдына келген баладан чемпион шығарамын деп, таңның атысы, күннің батысы жаттығудың соңында жүрген жоқ. Бір иығын рухани дүниеге, екінші иығын спортқа тіреп, таразының екі басын теңшеп отырды. Еркетай бапкер үшін шәкірттерінің ең әуелі дұрыс адам болғаны маңызды еді. «Адамға ең керегі – иман, иман мен ұят бір-біріне ілесе жүреді». Еркетай Иманбайдың өмірдегі басты ұстанымы осы болатын. Ерекеңнің рухани ұстазы – Абай. Абайды көп оқыды. Абай армандағандай, оқушыларының да «толық адам» болғанын қалады. Сондықтан шәкірттерінің жан дүниесі иманмен, рухани нәрмен сусындаса, олардың ішкі байлығы тым жұтаң болмаса деген аңсарлы арманмен ғұмыр кешті.

Еркетай Иманбай әріптесі Досым Омаровпен бірлесіп «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі» атты кітап жазды. Тоғызқұмалақтың шығу тарихынан бастап, оның құрылымын, тереңдігін, логикасын, сандық ерекшеліктерін қамти отырып, бұл ойын Абай Құнанбайұлын несімен баурады, неге қызықтырды, деген сауалға жауап іздеді. Еркетай бапкер ғұлама Абай тоғызқұмалақтың қатпарына дендеп бойлаған тұста «толық адам» туралы ойларын әбден пісірген тәрізді, деп пайымдады.

«Абай жеңіл, арзан дүниеге құмартпаса керек еді. Ендеше ойшыл ақынды иіріміне тартып, ерекше сүйіп ойнауына себеп болған тоғызқұмалақ дүние жүзіндегі ең тартымды, ең күрделі зияткерлік ойынның бірі, – деуші еді Ерекең сеніммен. – Бүкіл жаратылыс Алланың аса шебер, дәл есебімен мүлтіксіз айналса, тоғызқұмалақ та нақты есепке, мықты жүйеге құрылған ойын…»

Иә, жаһандық аренаға шыққаннан бері тоғызқұмалаққа құмартушылар саны жер шарының әр қиырында жыл санап көбейіп келеді. Халықаралық Iggamecenter.com зияткерлік ойындар сайты арқылы басқа ойындарға қарағанда тоғызқұмалаққа қызығушылар мен ойнаушылар қатарының уақыт өткен сайын арта түсуі, тіпті шахмат пен дойбыға қарағанда ойыншылардың басым болуы – ең әуелі тоғызқұмалақтың күрделілігі мен тереңдігінде және тартымдылығында жатқаны анық. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» демекші, есте жоқ ескі дәуірде алаш топырағында тұсауы кесілген ақылды ойынның жалпақ дүниеге мәшһүр болып, бес құрылықтың ойлы адамдарын баурап әкетуі – ұлттық мәдениетіміздің мерейі әрі мәртебесі екені даусыз. Біле білсек, тоғызқұмалақ қазақ халқының әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлесі, өзіндік қолтаңбасы.

1994-2015 жылдары Қызылорда облысында тоғызқұмалақ жаттықтырушысы болып қызмет атқарған Еркетай Иманбай осы кезеңде 24 спорт шеберін, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және Қазақстан Республикасының 2 еңбек сіңірген спорт шеберін баптап шығарды. Еркетай Әлкенұлының командасы Қазақстан чемпионаттары мен халық ойындарында бірнеше рет командалық есепте жеке-дара шықты.

Еркетай Әлкенұлы табиғатынан милы, зиынды адам еді. Ерекең 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірсе, 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептегіш техника мамандығын қызыл дипломмен тәмамдады. 1981-1984 жылдары Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық ауылшаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алды. Информатика мен компьютер бағытында көп ізденіп, елеулі жетістіктерге жеткені өз алдына бөлек әңгіме, сонымен қатар, республика бойынша тоғызқұмалақтан алғаш компьютерлік бағдарлама түзген еңбегін де айта кету керек. Яғни, жаратылысынан есеп-қисапқа жүйрік ағамыз әу бастан ғылымға оң иығын беріп тұрды.

Еркетай Әлкенұлы тоғызқұмалақты еліміздің мектеп бағдарламасына енгізуді армандап өтті. Сырдың құнарлы топырағын қанып иіскеген, қазақтың небір игі жақсыларының өнегесін бойына сіңірген Еркетай бапкердің басты мұраты – ұлттық мүдде жолында нық тұру еді. Ол кісі сол мұратынан еш айныған жоқ.

Жаның жәннатта болсын, асыл ағатайым! Алла Тағала өзіңді мейіріміне бөлесін!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: