Алатау баурайынан Арқа төсіне қоныс аударған Астанаға биыл 26 жыл. Ширек ғасырдан бері даму динамикасы жоғары болғанына әлдекім шәк келтірмейді. Иә, Есілдің жағасындағы Елорданың еңсесі биік. Сәулетіндегі сән бас қаланың ажарын айшықтап, әр беріп тұр. Оған көпшілік куә. Әу бастан қала құрылысының қарқын алуы жаңа кезеңге қадам басқанымызды білдірді. Іргесі қаланып, ілгеріледі. Әлі де жаңашылдық жолынан жаңылмай, еркіндік есігін айқара ашты. Ару Астана – еліміздің экономикалық және саяси-мәдени өмірінің ортасы һәм келісім ордасы, бейбітшілік босағасы.
Елордада дипломатияның дәуірлеп, береке мен бірліктің бастауы болып, кесімді келісім мен нақты шешім қабылданады. Бұл туралы Мемлекет басшысы өткен жылғы форумда баяндаған еді. Расымен, бүтін елді біріктіруге қатысты ымыра мен жұмыстың жүйеленуіне Астана арқау болып келеді.
– Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Президент Қ.Тоқаев.
Әр мемлекет үшін маңызды әрі жетекші рөл атқаратын – астанасының әл-ауқаты мен жай-күйі. Демек, оның дамуында дағдарыс болмауы тиіс. Ал, бұл жағынан Елордамыз есе жіберген емес. Осы уақытқа дейін бас қаланың аумағы үш есе ұлғайып, халқының саны төрт есе өскен. Қазіргі көрсеткіш бұдан жоғары болуы бек мүмкін. Яғни, сарапшылардың айтуы бойынша тұрғындар саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Экономикалық әлеуеті 100 еседен артып, бүгінде елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрап отыр.
– Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен саяси орталық болып табылатын Астана – әлем мойындаған қала. Тарихи тұрғыдан қарағанда Вашингтон, Париж, Лондон, Рим сияқты әлемдік астаналармен қатар жаһандық мәселелерді шешуге де атсалысуда. Қазақстанның Астанасы қазір ол Орталық Азия мен Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен татулықты шендестірген ғаламдық мәні зор шаһарға айналып отыр. Орталық Азияда саяси-экономикалық тұрақтылықтың сақталуына Қазақстанның бас қаласы айтарлықтай үлес қосып келеді. «Барлық жол Мәскеуге апарады» деуші еді бұрынғылар. Қазір бізде барлық жол Астанаға апарады, Астанадан тарайды. Дүниежүзілік мәні зор жиындардың көбі Астанада өтетін болды. Өмірі басы қосылмайтын дін өкілдерінің өзі Астанаға жиналып, жыл сайын Бейбітшілік және келісім сарайынан тіл табысып тарқайды.
Астана еліміздегі классикалық өнер орталығы ретінде де тартады. Мұнда әлемдік деңгейдегі «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры салынды. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» спектаклімен ашылған бұл театр тек Арқа жұртын ғана емес, еліміздің халқын, кең-байтақ даласын әуезді әнге, классикалық музыкаға бөлеуде. Әр маусым сайын театр репертуары жаңарып, классикалық шығармалармен толықтырылады. Тіпті, білім мен ғылымның дамуына да ендігі жерде Астана қаласы ұйытқы болып, көш бастауда. Қаланың жаңа жоғары оқу орындарында еліміздің инновациялық индустриясына қажетті мамандар даярлануда. Дүниетанымы жоғары, білімді, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеп өсіруде арнайы маманданған мектеп-гимназиялар мен дарынды балаларды оқытатын, даярлайтын «Оқушылар сарайының» маңызы зор. Яғни, мұның бәрі – еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға жасалып отырған үлкен қамқорлық, – деген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Бейсенова.
Бас қалада басқосу көп болатыны рас. Соның нәтижесінде, Астана мәдениеттің мәйегіне, өркениеттің өзегіне айналып үлгерді. Спортта да сан соғып қалғаны жоқ. Аясы кең конференция, түрлі тренинг, саммит пен семинар, маңыздысы мәселенің мәнін табудағы мәжіліс те Ақорданың төрінде талқыланады. Бұған Астанада кеше-бүгін өтіп жатқан ШЫҰ саммиті дәлел. Бұл еліміздің сыртқы саясаттағы рөлі артқанын тағы бір мәрте аңғартты. Негізгі 9 қатысушы ел мен ұйымға қосылатын Беларусьпен қатар Моңғолия, Әзербайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түрікменстанның мемлекет және үкімет басшылары бас қосты. Бұл ретте саясаттанушы Талғат Қалиев Астана саммитінің басты айырмашылығы оның ауқымдылығында екеніне тоқталып, ел мәртебесіне оң ықпал еткенін де тілге тиек етті.
– Антониу Гутерриштің келуі де іс-шараның маңыздылығын көрсетеді. Осыншама көп мемлекет басшыларын жинайтын жиын жиі бола бермейді. Мұнша көшбасшылардың келуі Қазақстанға деген құрмет пен Қазақстанның тамаша дипломатиялық табысын көрсетеді, – дейді ол.
Расында да, ірі саммиттің Елордада өткізілуі еліміздің әлемдік аренадағы орнын айшықтап, саяси сахнада осал емесін білдірді. Ал, оны ұйымдастыруда мемлекет ұтымдылық таныта алатыны алдын ала байқалды.
– Саммитті ұйымдастыру – Қазақстан үшін күрделі мәселе. Өйткені, шамамен 10 мың адамнан тұратын делегацияны қабылдауы керек. Еліміз бұл міндетті абыроймен орындайтынына сенім мол. Себебі, ЕҚЫҰ саммиті мен әлемдік діндер көшбасшыларының жыл сайынғы съезі сияқты ірі халықаралық іс-шараларды өткізу тәжірибесі бар. Қазақстан дағдарыс мәселелері бойынша ауқымды іс-шаралар мен келіссөз алаңдарын ұйымдастыруға қабілеттілігін дәлелдеді, – дейді Т.Қалиев.
Астана болашақтың қаласы деп бағамдау бекер емес. Оның себебі де түсінікті. Алға жылжу барда аялдау болмайтынын ескерсек, қала халқы да осы ұстанымды серік еткен. Бәлкім, кемел келешегінің көрінісін бас қаладан байқаған соң кеткісі келмейді.
– Сыр елінен Астанаға көшіп келгенімізге 25 жыл болыпты. Елорданың жыл сайын жаңарып, түрленгеніне куәміз. Қаламен бірге қарышты қадам басқанымызға ширек ғасыр болған екен. Астананың бұрынғы және бүгінгі келбетінде айтарлықтай өзгеріс бар. Біз келген жылдары енді салынып, көркейіп бастаған. Ал қазір сән-салтанаты жарасқан, әсем қалаға айналды. Мұнда көптеген мәдениет үйі мен демалыс орындары бар. Нағыз жастардың қаласы. Бізге басқа қалаларға қарағанда ауасы мен аурасы, көз тартар көп ғимараты, тазалығы ұнайды. Қолайлы тұсы – қалада бәрі қолжетімді. Балалардың дамуына да қажетті жағдай жасалған. Бұдан бөлек, адамдардың бір-біріне ізет көрсетуі, қарапайымдылығы мен сыйластығы ерекше, – дейді Елорда тұрғыны Гүлім Рахымбекқызы.
Көбі Астананың өзіне тән тәкаппарлығы бар дейді. Бірақ, суық болса да, қаншама жасты бауырына басып, олардың жан-жақты болуына жол ашып берді. Мұнда мүмкіндік мол екенін де жұрт жақсы біледі. Жатсынбай қабылдайтын қаладағы өмірін қимайды ешкім. Шабаданын сүйретіп, өзге өңірге ат басын бұрғанымен, Астанаға қайта айналып келеді. Ал, ғұмырының ғажап жылдарын бас қалада өткергендер өкінбеген.
– Елордаға 2007 жылы келдім. 9-сыныпты бітіріп, осында медколледжде 4 жыл білім алдым. Кейін тұрмысқа шығып, жолдасыммен қалада қалуды ұйғардық. Астананың даму тенденциясы жоғары. Қазір қала халқы да көбейіп жатыр. Көкпен таласқан көпқабатты үйлер мен тұрғындарға қажетті орындар, ғимараттар бар. Балаларға да қажетті жағдай жасалған. Спорт кешені керек пе? Театр керек пе? Қажеттінің бәрі бар. Сауда орталықтарының да түр-түрін табуға болады.
Астана – үлкен қала. Қайнаған тіршіліктің, жастардың қаласы. Содан болар, жұмыс іздеп келетіндер өте көп. Іске икемді, еңбекке жақын жандар үшін өсуге мүмкіндік мол. Айналаңа қарасаң, бәрі әрекет етіп, зыр жүгіріп жүр, – дейді қала тұрғыны Айзат Ғаниқызы.
Қорытындылай келе, Сұлу Сыр да ару қала Астанаға қарап бой түзеп келеді. Бүгінгі инфрақұрылым жетістігі мен игі іске құйылған инвестиция – соның анық мысалы. Жаңару мен жаңғыру жолындағы жүйелі жоспар, айқын мақсат жемісін де беріп келеді. Елорда еселі еңбектің нәтижесінде аяғына нық тұрды. Ендеше, Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қала соғып жатқан аймағымыз да қуатты өңірлердің қатарында көш бастайтынына сенім мол.
Яра АХМЕТ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!