Екі ғасырдан астам мерейлі мерекесін тойлағалы отырған Қызылорда қаласы тарихи мекен ғана емес, аймақтағы инновация мен дамудың қозғаушы орталығына айналды. Сол себептен де Сырдың бас шаһары өндірістік өңір ретінде өркендеп келеді. Мәселен, қала экономикасының қарқыны тамақ өнеркәсібі, мұнай өнімдерін өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия және жеңіл өнеркәсіп есебінен қарышты.
ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ – ӨНЕРКӘСІПТЕ
Қалалық әкімдік сайтындағы ресми ақпараттарға сүйенсек, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 205 688 млн теңгені құраған. Кен өндіру өнеркәсібінде есепті мерзімде 1809,6 мың тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 90,9 пайызды құрады және 331,9 млн текше метр табиғи газ өндіріліп, 93 пайызды еңсерген. Нарықтық экономикаға көшуді тереңдетуде өндіруші өнеркәсіппен қатар өңдеуші өнеркәсіп салаларын кеңінен дамыту қажет. Сондықтан шетелдік инвестицияларды тартып, жаңа технологияны кеңінен өнеркәсіпке енгізу жұмыстары қала шеңберінде де жүргізілуде. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіп саласында 19 038 млн теңге өнім өндіріліп, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 121,9 пайызға артқан. Экономиканың тіреуші саласына айналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында 1412,8 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 39 460 млн теңге шамасында, бұл – облыс инвестициясының 56,1 пайызы.
ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН САЛАЛАР
Бүгінгі таңда индустрияландыру картасы шеңберінде құрылыс материалдарын шығаруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы өндеу өнеркәсібінің өсуіне мүмкіндік беріп, даму деңгейінің оң тенденциясы қалыптасты. Сәйкесінше, жоғары даму деңгейі құрылыс секторында байқалады, оның ішінде тұрғын үй құрылысы саласында. Аталмыш мерзім ішінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 114609 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 143,5 пайызға артты. 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 9 226 млн теңге, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 185 пайызға артты. Облыста атқарған құрылыс жұмыстарының 62,2 пайызы – Қызылорда қаласының үлесінде.
Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, 2021 жылдың 1 маусымына Қызылорда қаласы бюджетінің көлемі (трансферттер мен займдарды қоса есептегенде) 19252,8 миллион теңге болып бекітілген. Оның ішінде өз кірістері болжанған 5926,8 млн теңгенің орнына 7098,6 млн теңгеге немесе 119,8 пайызға орындалды. Ал шығыстар жоспары 23642,3 млн теңгені құрады.
Шағын кәсіпкерлік саласында 2021 жылдың 1 маусымына қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 26 308 бірлікті құрады. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 22 510 бірлік. Кәсіпкерлердің жалпы санынан жеке кәсіпкерлер – 18 661 бірлік, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 16 771 бірлік, заңды тұлғалар – 6 007 бірлік, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 4 230 бірлік, шаруа немесе фермер қожалықтары – 1 640 бірлік, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 1 509 бірлік.
Жұмыспен қамту әлеуметтік қорғаудың негізгі түрі болып табылады. Бұл – қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттырудың басты құралы. Халықты жұмыспен қамту мәселесі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың басталуымен ерекше өзекті бола түсті. Жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін кезінде жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі арнайы Жол картасы да әзірленді. Бүгінде оның жалғасы іспетті «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс істелуде. Бағдарлама бағытына сәйкес жұмыссыз азаматтар қоғамдық жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, жастар тәжірибесіне жолданды.
ӘРБІР ЖОБА – ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ
«Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы бойынша өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жалпы құны 73,8 млрд теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылуда.
1. «Orda Glass LTD» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасы.
2. «ТриМо» серіктестігінің «Қуаттылығы жылына 500 тонна екіокись молибден ұнтағын үшокись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру» жобасы.
3. «BSK Қаратау» ЖШС-нің «Ас тұзын терең өндіру зауыты құрылысы» жобасы.
4. «Кызылорда Рефайнэри» ЖШС-нің «К4, К5 экологиялық кластағы мотор майларын өндіру» жобасы.
5. «GTL-Казахстан» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында модульдік типтегі ілеспе мұнай және табиғи газдың GTL өнімдеріне өңдеу зауытының құрылысы және қызметі» жобасы.
6. «АБК Пром Сервис» ЖШС-нің «Жоғары қысымды шыны талшықты құбырлар өндіру зауытын салу» жобасы.
7. «Poom Trade KZ» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында «КОМАЗ» шағын арматура зауытын салу» жобасы.
8. «Сыр Маржаны» ЖШС-нің «Ет және ет өнімдерін өндіру және сақтау» жобасы.
9. «Вега Пром» ЖШС-нің «Құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру бойынша цехты кеңейту» жобасы.
10. «Orda TEXC» ЖШС-нің «Түйе жүнін өңдеу және төсеніш көрпе өндіру цехы» жобасы.
11. «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС-нің «Шыны талшықты және композитті материалдарды өндіру зауыты» жобасы.
12. «Айғасар» ЖШС-нің «Ерекше балаларға арналған иппотерапия» жылқылы-сауықтыру клубын ашу және бие сүтін өңдеу цехын салу» жобасы.
13. «Dana Quartz» ЖШС-нің «Айна шығару зауыты» жобасы.
14. «Кәусар» ШҚ-ның «Құс фабрикасының құрылысы» жобасы.
Барлық жобаның басты мақсаты – халықтың игілігі үшін қала қазынасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осындай жаңа бастамалардың арқасында жыл көлемінде жаңа жұмыс орындары ашылады.
БӨЛШЕК САУДАҒА БАЙЫПТЫ КӨЗҚАРАС БАР
Шағын және орта кәсіпкерлік экономикадағы қалыптасқан сала болып бағаланады. Бұл сала халықтың жұмыспен қамтылуын, тауар мен қызметтің кең профилінің қалыптасуын, бюджет түсімдерін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Аталмыш бағытты дамытудың негізгі жолы – кәсіпкерліктің әртүрлі қырларын кеңінен қарастыру ғана емес, инновациялық тәсілдерді, дәстүрлі емес және озық технологияларды қолдану, ең жаңа өнімдер мен қызметтерді пайдалану.
2021 жылдың жартыжылдығында бөлшек сауда көлемі 102628,2 млн теңгені еңсеріп, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 100,1 пайызды құрады. Облыстағы үлесі – 88,9%. Ал экономикалық белсенді халық саны – 133,7 мың адам, тиісінше жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды.
Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімде алатын үлесі – 20%. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасының мәліметтеріне сүйенсек, әлемдік экономикада тек шағын кәсіпорындардың саны барлық кәсіпорындардың жалпы санының 95%-ынан асады, олардың ЖІӨ-дегі үлесі 50%-ға дейін жетеді. Дамыған мемлекеттердегі шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі – мысалы, Жапонияда 55%, Ұлыбританияда 52%, Германияда 57%, Италияда 70%. Салыстырмалы сараптама Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің макроэкономикалық көрсеткіште үлесінің өте аз екенін көрсетеді. Оны 50%-ға жеткізу 2050 жылға болжанып отыр. Ал қаладағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму көрсеткіштері қарқынды динамиканы көрсетеді.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!