Нарықтық талаптарға сәйкес экспорттық табыс табу бүгінгінің кәсібіне айналды. Осы ретте Сырдың күріші, бақша өнімдері, балығы, мүйізді ірі қара, жылқы мен қой етін Еуроодақ елдерімен қоса, Ресей, Түркия, Қытай, Иран мемлекеттеріне тасымалдау туралы келісім бар. 2019 жылдың жарты жылының өзінде Қызылорда облысынан 11985,6 мың долларды құрайтын 29125,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған. Тірі мал басына келсек, Иранға 789 бас қой, Өзбекстанға 59 бас мүйізді ірі қара жөнелтілген. Ал республика бойынша өткен жылы шетелге 156 мың бас ірі қара мал экспортталған. Оның 78 пайызы – Өзбекстанға, 14 пайызы Армения еліне жіберілген. Өйткені сырт елдердің нарығында экологиялық таза және табиғи өнімге сұраныс жоғары. Біз не істеп отырмыз? Шикізатты тірілей жөнелтіп, өзіміз ет және ет өнімдерін шеттен импорттап отырмыз. Пайда қайсы, мақсат қандай?
Айтпасқа болмас, Қытай иинвесторлары Қазақстандағы 2017-2024 жылдарға арналған ірі қара малын өсіру жобасына 600 миллион доллар инвестиция салған. Бұл – қос мемлекет тарапынан жүргізілген үлкен жұмыстың нәтижесі. Елімізде заманның техникалық талабынан кем түспейтін инфрақұрылым бар. Осыдан он шақты жыл бұрын шетелден әкелінген мал тұқымы Қазақстанда өндірілетін ет сапасын жақсартты деген пікірлер айтылған-ды. Күні бүгінге дейін Иран, Қытай және Ресей елдеріне ет жіберу жөнінде келісімшарт өз күшіне мініп келген. Енді ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мал экспортын тоқтатпақшы. Оған себеп не болды деген сауалдың туындауы заңдылық.
– Тірі малдың жаппай экспорты ет және ет өнімдері бағасының өсуіне негіз болды. Қалыптасқан жағдай қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеуіне соқтырды. Орташа алғанда, 2019 жылы қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған. Олардың толық жұмыс істемеуінің негізгі себебі – тірі малдың жаппай экспортының салдарынан шикізат тапшылығы, – делінген аталмыш министрліктің ресми парақшасында.
Ауыл шаруашылығы өнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ҚР АШМ қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр. Осы бағдарлама аясындағы инвестициялық жобаларды субсидиялауға 35,9 млрд теңге бөлінген. Өткен жылдың соңғы тоқсанында министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шетелге тасымалданатын тірі мал экспортын шектеу жөнінде шешім қабылдаған еді. Онда аталған мерзімнен бастап 6 ай бойы 1 жасқа дейінгі және 1 жастан жоғары ірі қара мал мен оның төлдерін, ұсақ малдар мен оның төлдерін ел шекарасынан шығаруға тыйым салған еді. Ал бұл жолғы өзгерісте барлық ірі қара мал мен ұсақ малдың жыныстық-жастық топтары бойынша тірідей басын экспорттауға толықтай тыйым салмақшы. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы ел шекарасынан тысқары жөнелтілген 264 мың бас қойдың жартысынан астамы аналық бас. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігі Өзбекстан мемлекетіне, 8,1%-ы – Ресейге, 6,7%-ы – Әзірбайжан, 4,5%-ы Иран еліне тасымалданған. 2019 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі еліміз бойынша 2 трлн 306 млрд теңгені еңсерген.
Естеріңізде болса, 2018 жылы Үкімет мінберінде қазақстандық етті шетелге экспорттауды ұлғайту туралы мәселе қозғалған. Ол кездегі мақсат 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шарушылығын дамыту бағдарламасының орындалуы еді. Сол кезде ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев мінбеде тұрып:
– Ауыл шаруашығы өнімдерін экспортқа бағыттау және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыттар анықталды. Бұл ретте біз шикізат көзінде ірі қара мен қой шаруашылығы әлеуетінің жоғары екенін көріп отырмыз. Осы саланы дамытуға бүгінгі таңда барлық ресурстар жеткілікті. Біз әлем бойынша жайылым жер көлемі бойынша бесінші орындамыз, 180 млн гектарды құрайды. Мал басы санын екі есеге арттыруға жайылым көлемі жеткілікті. 110 млн га жайылым алқабы жерасты және жерүсті су көздерімен қамтылған. 2 млн га жер алқабын суландыруға су көздері бар, – деген еді.
Араға екі жыл салып-ақ, елдегі нарық бағасындағы ет құнының қымбаттауы мен мал басының жеткіліксіздігі анық аңғарыла бастады. Бұйыртса, аталмыш өзгеріс алдағы уақытта қазақстандық мал басын сақтап, ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолайлы бағамен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Елімізде етті бағыттағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған бағдарлама бар. Ол – «Сыбаға». Соңғы өзгерістерге байланысты бұл бағыттағы жұмыстардың жүйесі қандай болатыны ашып айтылмады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!