Соңғы кездері ел арасында қаржылық сауаттылық ұғымы жиі айтылып жүр. Әрине, экономистер қаржыны үнемдеудің әртүрлі жолын нұсқап, «мастер класс» көрсеткенімен, тапқан ақшасының қайда кетіп жатқанын білмей қалатындар бар. Көп созбай-ақ, «теңге тиыннан құралады» дегенді әр адам әрдайым есінде сақтап, қаржысын басқара алса, қаржылық сауат қалыптасады. Десе де, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз» деп кеңейтілген кеңесте жауаптыларды сынағаны бар еді. Сондықтан, жалақысының тең жартысынан көбін ішіп-жемге жұмсайтын жұртшылыққа қалайша қаржылық сауаттылық туралы айтуға болады?
Өткен жылғы статистикаға сенсек, қазақстандықтардың үштен бір бөлігі өзінің қаржысын бақылай алмайды, есеп-қисабына бас ауыртқысы келмейді. Оңды-солды қарыз алып, несиесін несиемен жауып жүргендер жетерлік. Яғни, түсінікті тілде айтсақ, қанды қанмен жуып кетіре алмай жүргендер көп. Қайтпек керек? Әрине, балалардан бастау қажет.
Бұл жайында экономист, ҚР Мәжілісінің депутаты Дәулет Төлеутайұлының айтары бар. «Бала кез келген еңбектің бағаланатынын білуі тиіс» деген ұстанымды ту еткен ол ата-аналардың балаларды қаржылық сауаттылыққа кішкентай кезінен үйрете бергенін дұрыс санайды.
– Балаға ақша берерде мұқият болған дұрыс. Ол оны үнемді пайдаланып, орынды жұмсай білуі үшін, қаржылық сауаттылықты кішкентайынан бастап қалыптастырған жөн. Балаға ақшаның оңай келмейтінін түсіндіріп, 1 айлық жалақыңызды қалай жұмсайтыңызды есептеп көрсету керек. Ол кез келген кірістің өз орнымен жұмсалуы қажет екенін білгені дұрыс. Балаға ақшаны саналы түрде беру керек. Оған түскі асына, жолына деп есепсіз қаржы беру пайдасыз. Мұндай жағдайда бала ақшаны өзі есептеп үйрене алмайды. Апта сайын немесе айына бір мәрте табыстасаңыз, өзі нені, қайда жұмсайтынын пайымдайтын болады. Сол кезде бір айға берген ақшаны үнемдеп, тиімді жұмсайтын болады. Осындай әдіспен ұл-қызыңызға қаржыны үнемдеуді үйрете аласыз, – дейді ол.
Ал, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің fingramota.kz сайты балалардың ақшамен таныстығын ойын түрінде бастауды ұсынады.
«Бала 3-4 жаста болғанда одан ақшаны түсі әртүрлі кесеге салуды өтініп, түрлі монеталарды тануды үйретуге болады: мысалы, бала номиналы 100 теңге болатын монеталарды қызыл кесеге, номиналы 50 теңге болатын монеталарды – жасыл, ал 20 теңгелік монеталарды ақ кесеге салсын. Сондай-ақ, қызыл кеседегі ақшаға ойыншық, жасыл кеседегі ақшаға балмұздақ сатып алуға болатынын түсіндіру керек» деп жазады.
«Балаға қай жасынан бастап күнделікті жұмсайтын ақша беруге болады?» деген сауалға да жауап іздедік.
Көптеген қаржы сарапшылары балаға күнделікті жұмсау үшін ақшаны 6-8 жасынан бастап беруге болатынын айтады. Бәрінен бұрын балаға дүкеннен өзіне сауда жасауды үйреткен маңызды екен.
Балаға күнделікті жұмсауға қаншалықты ақша беру қажет? Бұл сұрақ та көпті ойландырады.
«Бала аз болса да, өз бюджетін жоспарлауды өз бетінше үйренуі керек. Балаңызға күнделікті жұмсалатын ақша мен туыстарының ақшалай сыйлықтарын қалай дұрыс пайдалану керектігін және жинақтарды қайда сақтау керектігін түсіндіріңіз. Бұл мәселеде ата-аналардың белгілі бір бақылауы маңызды және қажет болған жағдайда оны қателіктерден сақтандырған жөн. Шамадан тыс бақылау баланың қолындағы ақшаға деген жеке жауапкершілікті дамытуға мүмкіндік бермейді.
Егер кішкентай кезінен бала ақшаның қалай табылатынын білсе, оларды қалай дұрыс жұмсауды үйренсе, өзінің балалық деңгейінде асығыс шығындардан аулақ болса, онда ересек адам ретінде оған өмірге бейімделу оңайырақ болады. Мұндай адам ақша тауып, оны ақылмен жұмсауды, үнемдеуді және мүмкін әртүрлі қаржы құралдарының көмегімен көбейтуді үйренеді» деп жазады fingramota.kz сайты.
Сонымен, қаржылық сауаттылық дегеніміз не?
Ол:
– қаржылық қызметтерді және құралдарын пайдалана білу;
– меншікті қаржы құралдарын басқару дағдылары;
– халықтың қаржы жүйесі, оның жұмыс істеу қағидаттары, сондай-ақ қаржылық қызметтер саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы хабардар болу деңгейі.
Қаржылық сауаттылық – қаржыны жинай білу, басқару. Экономистер 100 000 теңге айлық алатын адам 1000 теңгені жинай алмаса, ертеңгі күні миллион теңге тапса да, оны басқаруға қабілетсіз болатынын ескертеді. Біз «Қаржылық сауаттылықты қайтсек қалыптастырамыз?» деген сұрақты өз-өзімізге қойғанда, балалардан бастаған дұрыс екені ойымызға оралды. Соңғы жылдары қаржы сарапшылары аталған жағдай жайлы дабыл қағып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жиі-жиі айтып жүр. Ақша су сияқты, ақшаның құны жоқ. Дәл осылай деп уақыт өтіп жатыр. Сіз ше, қаржыңызды қалай басқарасыз, ойлы оқырман?!
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!