Жер, қазба байлығы жағынан әлемде ең бай мемлекеттердің біріміз.
30 жыл өтсе де, неге кедей тұруымыз керек?
Жетіспеушілік – кедейшілікте емес, адамның миында.
1990-91 жылдары КСРО-ның іргесі ыдырап, құрамындағы 15 республиканың әрқайсысы жеке-жеке еншісін алып, бөлек кетті. Бұл үлкен тарихи құбылыс, әсіресе, Кеңес державасымен 70 жыл бойы текетіресте болған АҚШ үшін күтпеген жағдай еді. Әлем бұл тосын құбылысты осындай есеңгіреген халмен қабылдап жатқанда, ресми егемендігін алып жатқан мемлекеттердің жаңа мәртебесіне қол сұғуға дәл осы сәтте ешкімнің жүрегі дауаламаған. Қазірдің өзінде егемендік үшін ғасырлар бойы күресіп келе жатқан мемлекеттер бар, олардың көбі қазірдің өзінде соғыс жағдайында, немесе қарулы қақтығысты бастан өткізген. Батыс саясаттанушылары дәл осы тарихи жағдайдың әсерінен егемендігін алып кеткен қазіргі ТМД елдерінің өзгерісін «бақытты жағдай» деп есептейді. Әлі күнге шейін таңдай қағады.
70 жыл бойы сананы «коммунистік идеямен» улап келген Кеңестік идеологияны 1990 жылдары ә дегеннен бойымыздан сілкіп тастадық десек артық айтқан болар едік. Егемен қазақ елі бірден жарқын болашаққа бетбұрыс жасап, өз бағытын айқындап алды десек, тағы жалған айтқан боламыз. Сол жылдары елде болған дағдарыс, қиыншылық кезеңі, халық күнкөрісінің күрт төмендеуі көп жағдайда осы білімсіздіктің, тәжірибесіздіктің салдарынан болды. Мәскеуге, «орталыққа» да сол кездерде көп жалтақтағандықтан, КСРО құрамынан 15 мемлекеттің ішінде ең соңғы болып бөлініп шыққан екенбіз.
Бірақ мынаны ескерген жөн, Қазақстан – әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Оның жер қойнауында Менделеев таблицасының 110 элементінің 99-ы бар, ал пайдаланатынымыз 60-тан астамы ғана. Біз, Қазақстан, абсолютті ресурс қоры жағынан және де оларды әр адам басына шаққанда дүниежүзінде алдамыз. Мысалы, дүниежүзілік вольфрам запасының 50%, уранның 25%, хром рудасының 23%, қорғасынның 19%, цинктің 13%, мыс пен темірдің 10%-ы – Қазақстанда.
Бұған қоса барит, марганец, фторит, т.б. бар. Сондықтан да біз алдыңғы орындамыз. Оған қосымша сирек кездесетін, қымбат түсті металл құрамдарында рений, осмий, берилий, титан, тантал, таллий, алтын, күміс, т.б. мол. Мұнай, газ, көмір, минералды, сутекті ресурстарымыз жеткілікті, тіпті шаш етектен десе де болады. Осындай қыруар байлықтың үстінде отырып, Абайдың сөзімен айтқанда, неге «шеңгел шайнап жүрміз»?
Оның жауабы мынада:
Алғаш егемендікті алған кезде, Құдайдың беріп тұрған ырыздығын уысқа мықтап ұстап, етек-жеңімізді бірден қымтап алу үшін жанталасуымыз керек еді. Бірақ сеңдей соғылысып қалған дәл сол тартысты кезеңде, ескі сана, қалыптасқан ұстаным салдарынан Мәскеуге көп жалтақтап, біраз қор көздерін уыстан шығарып алдық. «Майшелпекке» көз тіккен шетелдік бай инвесторлар ағылып келе бастады, нарықтық заңдылықтың жөнін әлі біле қоймаған кешегі кеңестік Қазақстанның қолына енді түскен майлы жілікті солар оп-оңай қақшып әкетті.
Көп өтпей Жоғарғы Кеңес таратылып, о баста халық таңдау жасаған демократиялық жолдан біртіндеп алшақтай бастадық, енді мұнай сынды «қара алтынның» пайдасын авторитарлы жүйенің негізін салғандар көрді, халықтың жағдайы төмендеу үстіне төмендей берді. 2000 жылдары банктар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады, олар жоғары пайызбен несие таратып, халықты ұзақ жылдарға өзіне тәуелді етті. Соның салдарынан бұл күнде 5 млн қазақ несиеден көз ашпай, төлей алмай отыр.
Қазақстан егемендік алғалы 30 жыл уақыт өткенде, «неге біз арабтар сияқты бай-қуатты тұрмаймыз? Неге солар сияқты жаңа туған баланың келешегі үшін ақшаны жүз мың долларлап банкке салмаймыз?» деген сұрақтардың жауабы өзінен-өзі айқындала түседі. Біз осы жылдардың ішінде сауатты даму жолынан ауытқып, өтірік пен алдауға көзіміз байланып келген екен. Оның себебі, Қазақстандағы БАҚ-тың тәуелсіз ақпарат тарату көздеріне о бастан шек қойылды және олар билікке тиімді ақпараттарды таратумен айналысып келді.
Осы жерде «30 жылда біз неге кері даму жолына түстік, неге дұрыс жолды таңдамадық? Жоқ, әлде біліміміз кем болды ма?» деген тағы бір сұрақ туады.
Кеңестік жүйе кезінде білім өте жақсы жолға қойылған болатын. Ол кезде қазақтарға педагогика, зооветеринарлық институт сияқты ЖОО түсуге жол ашық болды да, энергетика, технология сынды салаларға кеңес үкіметі көп жолата қойған жоқ. Сөйтсе де, тығырықтан сына тауып оқып шыққан біздің ғалымдардың біліктілігі жоғары еді. КСРО құлағанда, елдегі білікті мамандардың бір парасы басқа ұлттан болғандықтан өз елдеріне қоныс аударды, екінші парасы қиын кезде нан тауып жеу үшін шетелге кетуге мәжбүр болды.
Десек те, елімізде милы азаматтар жоқ емес. Осыншама қазба байлықты халықтың игілігіне жұмсау үшін олардың артық білімі қазір өте қажет. Есептесек, Қазақстанның мұнайы бар аймағының көлемі – 1 млн 700 мың шаршы шақырымды (62%) алып жатыр. Табиғи газ қоры 3 триллион шаршы метр шамасында екен. Ұлан-ғайыр аумағымыздың тек 50 пайызына ғана кезінде біздің мамандар зерттеу жүргізген. Олар еліміздің батыс, орта, шығыс аймақтарында.
Қазір біз осы байлықты не істеудеміз? Академик Қ.И.Сәтбаевтың басшылығымен табылған (академиктер Г.Н.Щерба, А.К.Каюпов, А.А.Абдулин, Г.Б.Жилинский) жер, қазба байлықтарын 30 жыл бойы тек шетелге сатумен келеміз. Осылардың арқасында шетел де байыды, бізден де миллиардерлер шықты. Жалпы қара халыққа тигені аз. Осы жылдары геологиялық барлаулар күрт азайды. Халық кедейшілікте өмір сүрді. Өкініштісі, сол қазба байлық көздерін ашқан ғалымдардың өзі, олардың отбасы үкіметтен жаңалық иесі ретінде көк тиын пайда көрген жоқ.
Байлығы көп Жоңғар, Алтай, Қалба жоталарында, Қаратау, Мұғалжар, Торғай, Маңғыстау, т.б. жерлерде геологиялық экспедиция арқылы ізденістер жүргізілетін жерлер мен мұндалап тұр.
Біз тек кемшіліктерді айтпай, ертең не болатынын ескере отырып, «не істеу керек?» деген сұрақтарды шешетін ғылым мен өмірге негізделген тетіктерді көрсетуге ден қоюымыз керек. Міне, жағдай осындай мүшкіл, ағайын. Енді не істеу керек?
Біріншіден, біздің барлық жерасты және жерүсті байлықтарымызды зерттеп, қайта електен өткізу керек. Аудит жасап, ең алдымен, барымызды түгендеп алайық. Бір мысал, Ресей ғалымдарының космостан түсірген ізденістері бойынша тек Қостанай өңірінде өте үлкен жердің жеті қабатын алып жатқан көмірсутегі қоры бар екен. Ал егер ертең мәшинеден бастап басқа да техника-технологияның бәрі, тұтыну мәселелері көмірсутегінің арқасында болатынын ескерсек, бұл шексіз байлықты игеруді тез арада бастау керек. Бұл да – біздің бағымыз.
Екіншіден, Парламентте заң қабылдау қажет. Сол заңда жер, қазба байлықтың иесі қазақстандық болуы керек, немесе мемлекеттің атынан Үкімет болуы керек. Ал арабтардағыдай, біздің мамандар өскенше, олардың орнын басқанша шетел мамандары жалданып істесін, менеджер болсын, тіпті топ-менеджер, тиісті келісімшартпен жалақысын алсын. Мұнайдың жылдық көлемін 100 млн баррельге көбейтпекшіміз. Сонда біз келешекке не қалдырамыз? Бұл біздің ұрпақтарымыздың несібесі емес пе? Мысалы, Норвегия Парламенті «мұнай – елдің болашағы» деп оны реттейтін заң қабылдап отыр. Мұнай, энергияны тұтынушы алыптардың бірі АҚШ табиғи қорларын, әсіресе, мұнайды болашақ еншісіне сақтап келеді.
Өз еңбегімен байыған қазақ азаматтарына осы меншіктерді жаңаша басқартып, елін алға жетелеу үшін мүмкіндік берілсін. Әсіресе, қазіргі өсіп келе жатқан үшінші буын жастарының әлеуеті жоғары. Сондықтан отаршылдық санадан азат, жаңа заман технологиясын меңгерген, әлемдік тілдерге жетік жастар осы ата-баба мұрасының бірден-бір заңды иегері болуы тиіс. Ол үшін сол жастардың білімі, біліктілігі, кәсібилігі, еңбегі сарапқа салынатын «әлеуметтік лифт» арқылы өсуіне біз, аға буын, жағдай жасауымыз керек.
Үшіншіден, уақытында біліп-білмей қабылдаған халықаралық келісімшарттарды заңмен қайта қарау керек. Неге өндірілген мұнай көлемінің 27-28%-ы бізде, ал 72-73%-ы шетел компанияларының қолында болуы керек? Неге олар түскен барлық табысты алып кетуі керек? Бұл қай мемлекетте бар? Мұндай жағдай біздің экономиканың құлдырауына апарып соқпай ма, қауіпсіздігіне тікелей әсер етпей ме? Егер Араб елдерімен салыстырар болсақ, бізде бәрі керісінше. Қытай компанияларының үлесінде 28% өндірілген Қазақстанның мұнайы бар. Оған қосымша Шымкент мұнай зауытының 50 пайызы Қытайдың меншігінде. Парламент қатаң заң қабылдап, бұл сұмдықты тоқтату керек.
Кезінде Сауд Арабиясы, Венесуэла, Малайзия алғашқы жасаған келісімшарттарын қайта қарап, ұлттық компаниялар құрды. Менің ойымша, осы сияқты кезінде жасалған келісімшарттарды қайта қарастырсақ, сараптамалардан өткізіп, өзгерістер енгізер болсақ, ұтылмас едік. Түптеп келгенде, рента ұлтымыздың байлығы емес пе? Мұны іске асыру үшін саяси ерік-жігер керек. Қазіргі билік осыған бара ала ма?
Бұдан былай кез келген шарттар Қазақстан ғалымдарының ғылыми сараптамасынсыз қаралып, заңмен бекітілуі тиіс және халыққа жариялы болғаны қажет. Қанша айтсақ та, бұл мәселе осы күнге дейін ескерілмей, жоғары жақтың назарына ілінбей келеді.
Қазақстанның басқа көптеген елдерден ерекшелігі, ұлттық табыс көзі әзірше еңбек пен капитал емес – рента, яғни жер байлығын пайдаланудан түсетін табыс екені рас. Ресейдің ірі ғалым-экономисі, академик Д.Львовтың пікірінше, рента елдің жалпы табысының 75 пайызын құрайды екен. Бізде осы шамада болуы мүмкін. Тек экономиканы әртараптандыру арқылы ғана шикізат экономикасынан құтыламыз. Әсіресе алынған шикізатты өзімізде өндіріп, қайта өңдеген, отандық тауарларды көптеп шығарған жағдайда, еліміз өркендеп, экономикамыз тұрақталып, біршама жетістіктерге жетер едік.
Өзіміз өндірмесек, өзіміз де өспейміз.
Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан ғалымдар
Одағының президенті,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
ҚР ҰИА академигі, э.ғ.д., профессор
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!