Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлихан Смайылов: «Әкімдіктер экономиканың өсу қарқынын төмендетпеуі керек»

14.09.2022, 10:20 178

HALYQLINE.KZ ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 8 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрағанын мәлімдеді. Нақты сектор 3,3%-ға өсті, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі жақсы қарқынмен өсіп келеді. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 5,7%-ға дейін жеделдеді.

Аталған кезеңде сыртқы сауда айналымы 36,9%-ға өсіп, $74,3 млрд-ты құрады: экспорт 52,9%-ға өсіп, $48,9 млрд болды, оның ішінде өңделген тауарлар 35,7%-ға өсіп, 14,3 млрд болды, ал тауар импорты $25,3 млрд-қа жетті. Оң сауда теңгерімі $23,6 млрд-қа жетті.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 7,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 18,2%-ға, электр жабдықтары өндірісі 8,3%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі 3,5%-ға, сусындар өндірісі 7,5%-ға, пластмасса бұйымдарының өндірісі 5,1%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісі 2,4%-ға, химия өнеркәсібі 11,8%-ға, киім-кешек өндірісі 7,1%-ға өсті.

Аталған кезеңдегі республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді.

Мәселен, мемлекеттік бюджетке 10 трлн 85 млрд теңге кіріс түсті (жоспар 104,9%-ға орындалды), бұл ретте республикалық бюджет 6,8 трлн теңгеге (101,9%), ал жергілікті бюджеттер 3,3 трлн теңгеге (111,6%) толықтырылды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,4%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,6%-ға орындалды.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 675 нысанды сату көзделген. Көрсетілген кезеңде 57 млрд теңге сомасына 240 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

Премьер-Министр экономикалық өсудің негізгі драйверлері өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау, локомотивтер мен вагондарды қосқанда, басқа да көлік құралдарының өндірісі екенін атап өтті.

Өңдеуші секторда химия өнеркәсібі 2%-ға, жеңіл өнеркәсіп 7,5%-ға, металлургия 5%-дан астам және мұнай өңдеу 4%-ға өсіп, жоғары динамиканы көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде көмір өндіру 2,2%-ға, табиғи газ өндіру 3%-ға және кен өндіру 5%-дан астам ұлғайып, тұрақты өсім тіркеліп отыр.

Құрылыс секторында жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етіліп, 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығында, саудада, көлік және байланыс салаларында оң динамика тіркелген.

«Барлық негізгі көрсеткіштер Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өсіп отыр. Барлық өңір әкімдіктері экономиканың өсу қарқынын төмендетпеуі керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, тамыз айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 16%-дан асып кетті. 

«Өңір әкімдіктері мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет», — деді Премьер-Министр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: