Қазақ елінің мақтанышы – әлемдегі ең таныман әншілердің бірі Димаш Құдайберген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған шарада сөйлеген сөзімен таң қалдырды. Әсіресе қазіргі болып жатқан соғыс туралы ойын аса шеберлікпен жеткізгені тәнті етті. Halyqline.kz тілшісі Димаш Құдайбергеннің осы жиында сөйлеген сөзінің мәтіндік нұсқасын назарларыңызға ұсынады.
Ассалаумағалейкум құрметті жиналған қауым, алғашқы сөзімді сіздердің рұқсаттарыңызбен Мұхаммед Хайдар Дулатидың сөзімен бастауға рұқсат етіңіздер. «Сен әлемді жаулап алма. Өйткені онда сансыз қасірет бар. Сен одан да адамның жан дүниесін меңгер, ол жерде қаншама әлем бар екенін көресің», – депті.
Бейбітшілік – адамзаттың ең ұлы, ең асыл құндылығы екені сөзсіз. Күллі әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – сары майдан қыл суырғандай саяси дипломатия, адами қарым-қатынас, мемлекетаралық сыйластық, бір мемлекеттің басқа мемлекеттің территориялық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі.
Ғалымдардың зерртеуіндегі адамзат тарихы алғаш рет хатқа түскеннен бергі кезеңге көз жүгіртсек, соңғы мыңдаған жыл ішінде, атап айтқанда бес жарым мың жыл ішінде адам баласы екі жүз тоқсан екі жыл ғана тыныштықта өмір сүрген екен деседі. Бұл өкінішті жайтты, адамзат санасының бағзы замандардан бері көп өзгермегендігінің көрсеткіші деп білемін.
Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шегуде. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығының айғағы.
Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселесінің бірі болып тұр.
Біз неліктен мыңдаған жылдар бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Біз не жетіспейді?
Адам өмірін адам өлімімен құтқару – ол ешқандай да құтқару емес, тек сылтау. Шын мәнінде адам өмірін адам өлімімен құтқару деген – миға қонымсыз, сиымсыз нәрсе.
Адамзат бұл өмірде жаратушының емтиханынан өтіп жатқандығынын ұмытып, пенделік тірліктен, кеудемсоқ өркөкіректіктен арыла алмай келеді.
Шексіз амбициясымен соғыс бастап жүрген өздерін ұлы санайтын кейбір держава басшылары басқа мемлекеттің ішкі тірлігіне араласып, олардың қалай өмір сүруін неге шешуі керек? Олар құдай емес қой…
Мен өнер саласында қызмет етіп жүргендіктен әлемнің көптеген мемлекеттерінде болдым, түрлі халықтардың мәдениетімен танысып жүрмін. Осы уақыт аралығында түсінгенім, кім қалай ойласа да халықтың жаманы жоқ. Ұлттың жаманы болмайды. Жаман ұлт деген ұғым жоқ. Тек өзінің арам пиғылдарын жүзеге асырып жүрген басшылар ғана бар.
Айтпағым, біз бәріміз нәсілге, ұлтқа, дінге, түрлі мемлекеттерге бөлінеміз. Бірақ біз бәрімізге ортақ Жер ананың баласы екенімізді ұмытпауымыз тиіс. Біз бәріміз бір аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бір де бір қасиетті кітап адамзатты жауыздыққа, өлімге, соғысқа шақырмайды.
Ересектердің қателегі үшін біздің өскелең ұрпағымыз, сәбилеріміз зардап шекпеуі тиіс деп ойлаймын. Осы себепті біз дүрдараздыққа жол бермей, әрқашанда достаса алуымыз қажет. Біз – бір үйдің, бір мекеннің, бір аспанның перзентіміз. Осы уақытқа дейін түсінгенім, көптеген кісі, ересек адамдар өзімізді сәбилерден ақылды санаймыз. Білім беру мақсатында, басқа да жағдайларда оларға көп нәрсені үйретіп жатамыз. Бірақ бір ғана сұраққа жауап берсеңіздер: екі-үш адамның кесірінен әлем бойынша көптеген сәби дүние салып жатыр. Екі-үш сәбидің кесірінен әлем бойынша соншама ересек өмірден өтіп жатыр деп естіген емеспін. Сонда кім ақылды? Біз бе, сәбилер ме?
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!