«Halyqline.kz» сайты ұжымы аймақтағы ахуалды ескере отырып, кезекті сауалнама сұрағын денсаулық саласына байланысты дайындаған болатын. Осы жолы сайт оқырмандарына «Дәрі-дәрмектің тапшылығына кім кінәлі?» деп сауал жолдап көрдік. Және жауап нұсқаларына ел арасында, ел көкейінде жүрген бірнеше ойды орналастырдық. Сонымен, сұрақ.
Дәрі-дәрмектің тапшылығына кім кінәлі?
Жауап – мынадай.
1. Халық (шамадан тыс дәрі сатып алды);
2. СҚ-Фармация (бар дәріні қоймада сақтады);
3. Билік (жағдайды алдын ала бақыламады);
4. Өз жауабым;
5. Барлығының кінәсі бар;
6. Жемқорлық.
Айтқандай, пікір қайшылығы туындауы мүмкін. Мына нұсқаны таңдағың келеді, бірақ ана бір жауап та дұрыс секілді. Мұндай жайт кез келген оқырманның басынан өтуі ықтимал. Еш алаңдамаңыз. Осыны ескеріп, сайттың мүмкіндігін қарастырып біз оқырманға бірнеше нұсқаны таңдауға мүмкіндік бердік.
Осы орайда айта кету керек, дәрі тапшылығы туындағанда қараша халықтың бір-біріне өзінен ауысқан дәріні тегін бергенін де көрдік, тегін бергісі келетінін де оқыдық. Ал, белгілі бір кәсіпкерлердің дәрі бағасын шарықтатып жібергенін ел-жұрт жарыса айтты. Қажеттілік болғанда бағаның өсетіні де қалыпты жағдай емес пе? Иә, әр дәрінің о баста бекітілген шектік бағасы болады. Мұны бірі білсе, екіншісі хабарсыз болуы мүмкін. Бірақ, пандемия халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға кішкене болса да ықпал жасады. Алғашында бетперде тапшылығы байқалды. Халық не істеді? Мұны келесі жаңажолда айтамыз. Әзірге жауап нұсқаларының қанша пайыз дауыс жинағанына тоқталайық.
Сауалнамадағы «Өз жауабым» нұсқасы 3% дауыс жинап, соңғы орынға жайғасты. Бұл бейтарап оқырмандардың барын көрсетсе керек-ті. Ал, дәрі-дәрмектің тапшылығына «жемқорлық кінәлі» деп санайтындардың қатары 10%-ды құрап отыр. Мұның жүрмейтін жері жоқ екенін, оны әр қазақстандықтың жатқа білетінін аңғаруға болатындай. Шынын айту керек, біздің түсінігімізде жалпылама кінәлай салу деген нәрсе бар. Біздің сол «вариантымыз», яғни «барлығының кінәсі бар» (16%) дегеніміз ортаңғы орынға жайғасты. Айтпақшы, дәріханаларда ұзын-сонар кезектің болуын, керек десең дәрінің таусылып қалуына «халықтың өзі кінәлі» деп ойлайтындар 18% болды. Келіспеске амал жоқ. Қызылорданың өзінде 1 айға жететін дәрі-дәрмектің қоры небәрі 1 аптада сатылып кеткен. Бұл – ресми мәлімет. Әрине, түбегейлі халықты жаманатты етуге болмас. Өйткені, сол кезеңдерде ауырған адамдардың саны өте көп болғаны жасырын ақпарат емес. Сауалнамаға қатысқандардың 20%-ы «бар дәріні қоймада сақтады» деген айыппен «СҚ-Фармацияны» кінәлі деп тауыпты. Бұл да дұрыс шығар. Президент пәрменінен соң аталған мекеменің басшысы ауысқаны ел есінен кете қойған жоқ. Айналып келгенде, осының барлығына кінәлі – билік. Сауалнаманың қорытындысы соны меңзейді, соны айтады. Өйткені, 33%-ы осы нұсқаны таңдаған.
Уәдемізді орындалық. Дәріханаларда бетперде бағасы қымбаттағанда, тапшылығы байқалғанда әркім өз халінше қам-қарекет жасады. Жеке тұлғалар да, кәсіпкерлер де, мемлекеттік мекемелер де көшеде «масканы» тегін таратып жатты. «Волонтерлар жылында» нағыз ерікті жұмыс болды деуге болатын шығар. Айтпағымыз бұл емес. Өйтіп-бүйтіп бұл қиындықты да еңсергендей болдық. (Бетперде жетіспеушілігін айтамын). Осы жайттан биліктің сабақ алуы тиіс еді. Және қазіргі жағдайды да ескеріп, онымен санасып, алдын ала бақылап, әрекет етуі керек.
«Халықтың сауалнамасы» – халықтың ойы, пікірі, көзқарасы. Бұған ешкімнің талас-тартысы жоқ. Жариялық пен ашықтық азаматтық қоғамды орнату жолында ауадай қажет. «Halyqline.kz» сайты алдағы уақытта да ел ішіндегі өзекті жаңалықтарға, жайттарға байланысты сауалнаманы тұрақты түрде ұйымдастыруды мақсат етір отыр. Барлық оқырмандарды белсенді болуға, әділетті болуға шақырамыз!
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!