HALYQLINE.KZ Қазақстан егемендік алғалы 30 жылға жуық уақыт ішінде тоғызыншы мәрте көк байрағын төмен түсіріп отыр. Оған себеп, қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандарды еске алып, көңіл айту үшін белгіленген аза тұту күндерінің жариялануы. Бұл күнді жариялауға қатысты арнайы критерий жоқ. елдегі ахуалға қарай бір немесе бірнеше күнді «қаралы күн» етіп белгілеуі мүмкін. Дәл сол күн аралығында мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телеарналардан ойын-сауық бағдарламалары мен көңіл көтерерлік шоу-көрсетілімдер жұмысын тоқтатады. Сонымен, тәуелсіз ел атанғалы жарияланған қаралы күндерге тоқталайық.
2006 жыл, 22 қыркүйек. Ленин (Шахтинск) шахтасындағы апат
2006 жылдың 20 қыркүйегінде Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада техногенді апат орын алды. Метанның жарылуынан 41 кенші қаза тауып, жеті жұмысшы зардап шекті.
2008 жыл, 14-16 қаңтар. «Абай» шахтасындағы метан жарылысы
Метан жарылысы 400 метр тереңдікте болды. Осы уақытта шахтада 191 адам жұмыс істеп жатқан. Жарылыстан кейін Лавада өрт шықты. Қайғылы оқиға 30 адамның өмірін қиды. Елдегі екінші алапат жарылыстан ел есін әрең жиды. Үш күн аза тұту күні жарияланды.
2010 жыл, 16 наурыз. Қызылағаштағы су тасқыны
Бұл су тасқыны ел тарихындағы адам шығыны орын алған оқиғалардың ең ірісі болып есептелді. Алматы облысының Қызылағаш ауылынан наурыздың 11-нен 12-не қараған түні болған оқиғадан 43 адам қаза тапты, оның ішінде сегіз бала бар. 300 адам түрлі дәрежедегі жарақат алып, 1000-ға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. 146 үй толығымен бұзылды, 251 үй қирап, 42 үй зақымдалды.
2012 жыл, 5 маусым. Арқанкергендегі қанды оқиға немесе «Челах оқиғасы»
Осы жылдың 28 мамырында «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының «Арқанкерген» заставасындағы 14 шекарашы мен бір қорықшы бір түнде өлтірілген. Қылмыстың жасалуына жалғыз тірі қалған сарбаз – Владислав Челах кінәлі деп танылды.
2012 жыл, 27 желтоқсан. Шымкент маңындағы ұшақ апаты
2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапты.
2013 жыл, 31 қаңтар. Ұшақ апаты
Әуе апаты салдарынан бортта отырған 21 адам түгел қаза тапты. 16 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі. 2013 жылы 29 қаңтарда SCAT компаниясының Canadair CL-600-2B19 әуелайнері «Көкшетау-Алматы» бағытымен «DV760» жоспарлы ішкі рейсін орындаған. Алайда Алматы әуежайына жақындаған тұста құлаған.
2016 жыл 9 маусым. Ақтөбедегі лаңкестік оқиға
Террорлық акт салдарынан лаңкестердің қолынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.
25 адамнан тұратын содырлар тобы «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне жасалған қарақшылық әрекеттен соң ҚР Ұлттық Ұланының №6655 әскери бөліміне шабуыл жасады.
2019 жыл, 28 желтоқсан. «BekAir» ұшағының апатқа ұшырауы
Жыл аяқталар тұста, 27 желтоқсанда таңғы уақытта «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы Алматы маңына құлап, 12 адам қаза тапты.
2020 жыл, 13 шілде.
Дүниежүзіне жайылған «Covid-19» коронавирустық инфекциямен ауырғандар саны Қазақстанда да күрт көбейді. Тіпті нақты ем алгоритмі табылмаған ауру салдарынан қайтыс болғандар бар. 2019 жылы Президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені пандемия құрбандарын еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Жалпы, қазақ даласы қазалы оқиғаларды үздіксіз бастан кешкен. Соның ішінде 31-мамыр – саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!