Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық санақ не үшін жүргізіледі?

19.08.2021, 10:00 107 0

Жақында ғана ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Twitter» парақшасында «Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетті» деп сүйіншілеткен болатын. Бұл күз айларында өтетін халық санағының алдындағы қуанышты хабар болды. Алдымызда тұтас бір елдің ішкі болмыс-бітімі, тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәт күтіп тұр. Бұлай көсілуіміздің өз себебі бар. Онжылдықта бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері үшінші рет ұйымдастырылмақ. 30 жылды еңсерген елдің алдағы жоспарын жіліктеп жіпке тізетін, кеткен есеміз болса, кері бұрылып кем-кетігін айқындап алуға бұл санақтың көмегі көп. Естеріңізде болса, бұл санақ осыдан екі жыл бұрын саналып, саны сарапталуы керек еді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл жұмыс алдымен 2020 жылға, кейін пандемияның әсерінен 2021 жылға шегерілді. Осылайша, Ұлттық санақтың уақыты биылға түсті. Алғашқы кезеңі аяқталып, екінші кезеңге дайындық басталып кетті.

Ағымдағы жылдың 1-30 маусым аралығындағы ұлттық халық санағының I-кезеңі толығымен аяқталып, өңірдегі барлық тұрғын үйден алғашқы есептер алынды. Санақтың бұл кезеңінде 164 адам уақытша жұмысқа тартылып, оқыту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуал мүшкіл екені белгілі. Өңіріміз қызыл аймақта тұр. Сол үшін санақшылар толықтай қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі керек. 230 санақшының 66-сы вакцина еккізгендер екен. Барлығына бірдей медициналық бетперде, арнайы дезинфекциялық құралдармен толық қамтылған. Сырттан адам келсе, төбе шашы тік тұрып, таяққа жүгінетіндер де бар арамызда. Осыған орай, сұхбатшыларға облыстық ішкі істер департаментінің учаскелік инспекторлары бекітіліп, бірлесе жұмыстар атқаруға мүмкіндік жасалып отыр. Санақтың I-кезеңдегі мәліметтерін уақытылы жинақтау мақсатында қала, аудан әкімдері тарапынан кезекші көліктер ұйымдастырылып беріліп, жұмыстарға жастарды тарту мақсатында Облыс­тық «Жастар ресурстық» орталығында жұмыссыз тіркелген жастар мен студенттер тартылған. Алда  екінші  кезең  күтіп  тұр.

Жоғарыда айтқан президенттің сүйінші хабарынан кейін «халық санағы не үшін керек?» деп қиқу салғандар да көп болды. Шынымен 19 миллион халық бар екені белгілі бола тұра бұлай шығындалу дұрыс па? Бұл сұрақ әлеуметтік желі беттерінде кеңінен талқыланғаны жасырын емес. Жалпы, халық санағы халықтың демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау ретінде көрінгенмен оның ауқымы әлдеқайда кең. Себебі, санақтың қорытындысы есеп-қисап үшін ғана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындау, басқарушылық шешімдер шығару үшін қажет. Осы халық санағы арқылы болашақта қанша мектеп, балабақша һәм басқа да әлеу­меттік-экономикалық нысандар тұрғызу керектігі жоспарланады. Халық санағы елдің ұлттық статистикалық жүйесінің құрамдас және ажырамас бөлігі, халық және оның тұрғын үй жағдайлары туралы деректердің негізгі көзі болып табылады. Халық санағының қорытындылары елде санақаралық кезең­де болған экономикалық, демография­лық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді. Халық санағы барысында алынған статис­тикалық деректер барлық деңгейдегі бюджеттердің барынша объективті қалыптасуына  негіз  болады.

– Кезекті ұлттық халық санағы жұмыс­тарының II-кезеңінде 1113 адам уақытша жұмысқа тартылады. Жұмысқа жасы 18-ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, компьютермен жұмыс істей алатын Қазақстан Республикасының азаматы қабылданады. Жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды. Өздеріңізге белгілі, биылғы өтетін халық санағы электронды форматта өтуімен ерекшеленеді. Сондықтан да, әрбір учаскілер компьютермен, яғни интернет желісінің байланысымен қамтамасыз етілуі тиіс. Санақтың II-кезеңінде 1 қыркүйектен – 30 қазан аралығында тұрғындарды жаппай халық санағынан өткізу жұмыстары жүргізіледі. 1 қыркүйектен 15 қазан аралығында www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты арқылы онлайн режимінде, 1-30 қазан аралығында планшет құрылғысымен өтеді. Арнайы сайт жүйесі тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді. Бұл облыс халқының компьютерлік сауаттылығының қаншалықты дәрежеде екендігін айқындайды. Әрбір санақ парағындағы мәліметтердің құпиялылығы заңмен кепілдендіріледі. Ұлттық санағы кезінде «1446» бірыңғай call-орталығы жұмыс жасайды. «1446» елдің барлық аума­ғындағы мобильді және стационар телефондар үшін бірыңғай нөмір болады, – деді облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары  Гүлмира Жеткергенқызы.

ҚР  халық санағын  өткізу  кезеңінде  санақ персоналының қолында куәлік болады. Куәлікте интервьюердің немесе нұсқау­шы-бақылаушының суреті, аты-жөні, құжаттың берілген күні және оның жарамдылық мерзімі, аумақтық статистика органын басшысының қолы мен мөрі көрсетіледі. Халық санағының символикасы бар көк түсті мойы­норағыш, халық санағының символикасы бар көк түсті портфель беріледі. Үй аралаушы санақшыларды осылай тани аласыз. Сондай-ақ, статистика департаментінің ұйымдас­тыруымен облыс көлеміндегі барлық мемлекеттік органдарды онлайн-санақтан қалай өту керектігі туралы оқыту семинар­лары  да  жүргізілетін  болады.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: