Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов ауданға жұмыс сапарымен келген Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевпен бірге Қазалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Орталықты аралау барысында ондағы қызмет алушыларға көрсетіліп отырған тұрмыстық және әлеуметтік қызметтердің сапасы, олардың тұру жағдайлары жан-жақты зерделенді. Атап айтқанда, қызмет алушылардың бөлмелері, тамақтану сапасы, төсек-орын жабдықтарының жай-күйі, санитарлық талаптардың сақталуы қаралды. Сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігі, қызмет алушылардың қауіпсіздігі, оқшаулау талаптарының сақталуы, сондай-ақ олардың қорғану және өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерінің қамтамасыз етілуі де назарға алынды.
Қазіргі таңда орталықта қамқорлықты қажет ететін, I және II топтағы психоневрологиялық аурулары бар, 18 жастан асқан мүгедектігі бар 99 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
Орталықтың жұмысын көрген аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы мен басқарма басшысы Ғабит Жұмабекұлы орталық директорына әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту және қызмет алушыларға сапалы қызмет көрсету, орталықтың санитарлық тазалығына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Айта кетейік, Қазалы қаласында орналасқан Қазалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2003 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Орталықта барлығы 122 қызметкер жұмыс жасайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!