Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әріптестеріне қалбырдан әшекей жасаған ұстаз

14.03.2024, 10:40 834

Арал ауданындағы №71 орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұржан Балов «мерекеде әріптес қыз-келіншектерге жасаған сыйлығымыздың шынайы болғанын қаладым» дейді. 70 әшекей бұйымды жасауға мектептің ер мұғалімдері 4 күн уақыт  жұмсапты.

– 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында әріптестерге қол еңбегінен туындылар жасау туралы идея тастаған болатынмын. Олар қолдау білдірді. Керекті қаражатты, заттарды бірге жинадық. Әшекейлерді жасауға 4 күн уақытымыз кетті. Әріптестерміз де көмектесті. Бұл – шыдамдылықты, асқан ұқыптылықты қажет ететін жұмыс. Сондықтан, оңай болды деп айта алмаймын. Абырой болғанда жоспарлаған уақытымызда  аяқтап,  мектебіміздегі 70-тен аса қыз-келіншекке ою-өрнек бедерленген зергерлік бұйымдарды табыстадық. Ең бастысы – шынайы сыйлық, қол еңбегіміз, – деді  ол.

Нұржан Ертөреұлының жаңашылдыққа жаны құмар жан екенін әріптестері жақсы біледі. Ерекше тартуға ұжымдағы апайлар қауымы таң-тамаша болып, алғаусыз  алғысын айтқан. Әрі Ақтау қала­сынан  тұмар  жасауға тапсырыстар түсіп  жат­қанын  да  жеткізді.

– Негізі атам шебер адам болған. Бұл – маған аталарымнан дарыған өнер.  Ұстаз  болғандықтан, сабақ барысында оқушыларға қолжетімді материал деп энергетикалық сусындардың қалбырынан түрлі зергерлік бұйым жасайтынмын. Сол арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруға тырысамын. Алғашқыда жеңіл-желпі бедерлеу әдісімен жан-жануарлар­дың формаларын келтіріп көрдім. Одан соң тұмар, шашбау, белдемше мен білезік жасадым. Осы арқылы аяулы аруларымыздың, аялы алақан иелерінің мерекесінде сыйлық жасауға болады деген ойға келдім және  жүзеге  асырдым, – деп  сөзін  жалғастырды  зергер.

Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова  мерекелік кеште ұжымға   ерекше  тарту  жасаған  ер-азаматтардың  ұйымшылдығына   сүй­сінгенін   айтады.

– Қыз-келіншектердің мерекесінде білім беру ұйым­дарының ер мұғалімдері концерттік бағдарлама ұйымд­астырып,  құрмет көрсетіп  жатады. Шыны керек, бағдарламаның көпшілігі бір-біріне ұқсап кете­ді. Ал, аудандағы №71 орта мектептің ер педагогтерінің сыйлығы маған қатты ұнады. Қол­өнерді, зергерлік өнерді сәтті пайдаланып, тамаша тарту жасапты. Әр педагог өз шығармашылығын осылай дамыт­са, ерекше идеялар туындайтынына сенімдімін, – дейді  ол.

Әлеуметтік желіде кеңінен тараған видеоға елімізге белгілі жазушылар, журналистер жары­са пікір жазып жатыр. Өз саласының хас шебері атанған  Нұржан  Ертөреұлын  әріптес­тері  де  ерекше  үлгі  тұтады.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: