Жас мамандар даярлайтын Қазалы көлік-техникалық колледжі мен Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің аудан, облыс көлемінде білім сапасы бойынша бәсі биік, көші ілгері десек қателеспейміз.
Осы ретте аталмыш оқу ордаларында білім алған азаматтар қазіргі таңда еліміздің сан саласында қызмет етуде.
Жуырда қос білім ордасында Жұмыс берушілер күніне орай «Әлеуметтік серіктестік – қоғамды дамытушы күш» атты колледж студенттері мен жұмыс берушілер арасында кездесу кеші өтті.
ЗАМАНАУИ КОЛЛЕДЖ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Қазалы ауданындағы теміржолшылар дайындайтын Қазалы көлік-техникалық колледжінің ғасырға жуық тарихы бар. Бүгінге дейін 40 мыңнан астам сан түрлі теміржол маманын қанат қақтырған бұл оқу ордасы бүгінде заман көшіне ілесіп, инновациялық құрылғыларымен де қамтамасыз етілген. Бұл жөнінде Жұмыс берушілер күніне орай өткізілген кездесуде қонақтарды қарсы алған колледж директоры, Білім саласының үздігі Болат Ахметов келушілерге таныстырып өтті.
– «Білім инемен құдық қазғандай» демекші, 90 жылдан астам тарихы бар теміржолшылар даярлайтын біздің білім ордамыздың ел шежіресін қаттауда сіңірген еңбегі орасан. Түрлі тағдырдың тәлкегінен өткен білім шаңырағының іргетасы 1929 жылы 1 қазанда Қазалы паровоз депосының жанында ФЗУ болып қаланды. Елде индустрияландыру қарқын алып жатқан шақта оқу орны теміржол саласының ұсталарын, вагон жөндеушілер мен қараушыларды, вагон ағаш ұсталарын дайындап, өндіріске жіберді.
1940 жылдың 2 қазанында Үкімет қаулысымен ФЗУ мектебі «Еңбек резервтері» болып қайта құрылып, Қазалы депо жанындағы ФЗУ №3 теміржол училищесі болып қайта аталып, Орынбор-Ташкент теміржолына аса қажетті мамандық иелерін дайындады.
1964 жылдан бастап училище (ГПТУ-70) қалалық кәсіптік-техникалық училище болып қайта құрылды. Осы кезде училищеде Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Башқұртстаннан жастар келіп оқып, мамандық алды.
Ал 2017 жылы «Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталды, – деп тарихымен таныстырған білім ордасының басшысы колледж жетістіктеріне де тоқталып өтті.
Атап өтер болсақ, 1985 жылы жұмысшы мамандарын даярлауда қол жеткен табыстары үшін училище Бүкілодақтық жастар сыйлығына ұсынылып, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған. Сонымен қатар 2009 жылы І дәрежелі «Үздік кәсіптік лицей – 2009», «Үздік ұжым» атағымен марапатталған.
№5 кәсіптік лицейдің педагогикалық ұжымы облыстық «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздігі-2012» байқауының бас жүлдегері, ІІІ республикалық «Білім ұясы» конкурсында «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары» номинациясын иеленген. Мұнымен қоса облыстық «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны – 2014» атағын иеленген оқу орны 2015 жылы Ұлттық бизнес рейтинг нәтижесі бойынша алтын рейтинг қатарына шығып, «Көшбасшы кәсіпорын-2015» қабырғалық медалімен марапатталды және арнайы ұлттық сертификат иеленді.
Әрине, бұл ғасырға жуық білім ордасы жүріп өткен жеңіс жолының бір парасы ғана.
Заман ағымына сай колледж базасында 410 орындық оқу корпусы, оқу-өндірістік шеберхана мен зертханалар, 100 орындық асхана және жатақхана, жазғы спорт алаңы, оқу-жаттығу залы, фитнес клуб және жылыжай бар. Жас жұмысшыларды өз мамандығына тәрбиелеуде слесарьлық, ағаш ұстасы, газэлектрмен дәнекерлеу және токарлық шеберханалар, физикалық және химиялық лабораториялық кабинеттер, компьютерлік орталық, мамандықты оқытуға арналған 36 оқу кабинеті жасақталыныпты. Кездесу барысында мұның барлығы аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов бастаған қонақтарға таныстырылып, студенттердің жұмыстары көрсетілді.
Білім ордасы басшысының дерегінше, бүгінде колледжде 24 арнаулы пән кабинеттері, 12 жалпы білім беретін пән кабинеттері, 6 шеберхана, 4 зертхана және 3 полигон, 150 орынды мәдени орталық, 100 орынды ғылыми-әдістемелік орталық, 19287 кітап қоры бар 10 орынды электронды кітапхана жұмыс істейді. Теориялық білімді практикамен ұштастыру мақсатында 31 әлеуметтік серіктеспен келісімшарт жасалды. Инженер-педагогтер өз біліктіліктерін Корея, Франция, Германия, Чехия елдерінде және Мәскеу, Минск қалаларында арттырған.
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің тарихы мен бүгінгі жұмыс барысын, соңғы жетістіктерімен танысқан қонақтар білім шаңырағының кітапханасында өткен «Сен болмасаң – кім?» атты семинар-тренингке қатысты. Семинар барысында колледжбен Қазалы ауданындағы бірқатар теміржол сала басшылары әріптестік меморандумға отырды. Сонымен қатар, үздіксіз қолдау білдіріп жүретін «Қазалы локомотив жөндеу зауыты» директоры Н.Алмағанбетов, Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының СОБ жөніндегі директордың орынбасары Ж.Досжанов Білім және ғылым министрінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Ал аудан әкімі М.Оразбаевтың Алғыс хатымен Қазалы жол дистанциясы бастығы А.Құсан, Қазалы стансасы бастығының орынбасары Р.Махашев, «Қамқор вагон жөндеу зауыты» директоры Т.Әліпбаев және аталған мекеме басшысының орынбасары Ж.Кабулов, Қазалы білім бөлімінің басшысы Ә.Жөлекешов және «Қамқор» локомотив зауыты директорының орынбасары Р.Ахметов марапатталды.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНДАРЫНЫҢ ҚҰТХАНАСЫ
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл». Бүгінде білім көшіне өз шәкірттерін құлагердей қосып, самұрықтай ұшырып жүрген Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің еліміздегі өзіндік орны ерекше. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша шәкірт дайындайтын бұл білім ордасын бүгінгі таңда ұлағатты ұстаз, білікті басшы Арман Мусаев басқарады.
Мұнда өткен ашық есік күніне жергілікті атқарушы орган басшылары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілер қауымдастығы, ТжКБ мәселелері бойынша өңірлік, салалық кеңестер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Меймандар іс-шара барысында колледждің материалдық-техикалық базасымен танысып, «Жас маман» жобасы бойынша алынған заманауи техникалар мен құрал-жабдықтарды көрді.
Ашық есік күнінің «RITCH сессия» бөлімін колледж директоры Арман Мусаев ашып, колледжде жүзеге асырылып жатқан жаңа бағдарламалар мен атқарылған жұмыстар барысына тоқталды. Кадр даярлауда әлеуметтік әріптестердің маңыздылығы жайында баяндады. Директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Қаршыға Арзақынов «ТжКБ ұйымдарындағы мамандарды даярлаудағы жаңашылдықтар», «Педагог-сарапшы» санатты өндірістік оқыту шебері Серікбол Есенов «Кәсіпорындарда инженер-педагогтардың тағылымдамасы» тақырыптарында баяндама жасады. Ашық есік күніне қатысушы әлеуметтік әріптестер өкілдерімен еркін форматта пікір алмасты.
Жиында Қазалы аграрлы-техникалық колледжі директоры Арман Қонысбайұлы мен «Агро-Өркен» ЖШС директоры Медеу Есқожаев және «Сыр маржаны» ЖШС директоры Ж.Өтеев өзара әріптестік меморандумына қол қойды. Сондай-ақ, «Пресс Ланч» және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бөлімінде іс-шараға қатысушы әлеуметтік серіктестік өкілдері бітіруші топ студенттерімен кездесіп, мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Бітіруші түлектер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, сала мамандарынан лайықты жауап алды.
Іс-шараны қорытындылаған Қазалы қаласы әкімінің орынбасары Уәлихан Ықылас техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының бітіруші түлектерін жұмыспен қамтып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы мен дамуына қосқан үлесі үшін Қазалы аграрлы-техникалық колледжімен тығыз байланыстағы «Агро-Өркен» ЖШС директоры Медеу Есқожаев пен «Сыр маржаны» ЖШС директоры Жамаладин Өтеевке ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатын табыстады. Сонымен бірге «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Қазалы аудандық филиалы, аудандық ветеринариялық станциясы, «РЗА-АГРО», «Жылу ХХІ», «Намыс-Құрылыс» серіктестігі және Қазалы аудандық ветеринариялық зертхана басшылары Қазалы ауданы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Ал «Қазалы-Жолшы», «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру орталығы, Қазалы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, «Селеубаева А» серіктестігінің басшылары Қазалы қаласы әкімінің ризашылығын сезінді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!